• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2010

ҚАЛАМГЕРЛЕР КҮРЕҢБЕЛДЕ БАС ҚОСТЫ

482 рет
көрсетілді

Киелі Жетісу өңірі – қай кезде де ән мен жырдың алтын бесігі болып саналады. Сондықтан да мұн­дағы ақындық дәстүр, ән мектебі түр­кі елінің ортақ рухани әлеміне қо­сылған өлшеусіз үлес деуге болады. Елдің рухын көтерген өнер адам­да­рына көрсетілген қамқорлық мұнда жыл өткен сайын жарасым табуда. Қаламгерлермен дәстүрлі кездесу киелі Күреңбелде жалғасты. Қазақтың көгіндегі жарық жұл­дыз­дай жарқырап өткен Шоқанның ізі қалған аймақ азаматтары қалам­герлерді құшақ жая қарсы алды. Дидарласуда облыс әкімі Серік Үмбетов Елбасының бастамасымен қолға алынған “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бұдан соң жазушы Әли Ысқа­бай, ақындар Надежда Лушникова, Айтақын Әбдіқал, тағы басқалар сөйлеп, жалпы бүгінгі күні ше­ші­мін табатын мәселелер жайлы ой қоз­ғады. Олар қалам күшін ел игі­лі­гі мен халық бірлігіне жұмсай­тын­дықтарын да ортаға салды. Күреңбелге келген қаламгерлер қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітованың Жетісу өңіріне келін болып түскендегі жеріне қойылған тасқа тәу етіп, тарихи орындармен танысты. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.