• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Қыркүйек, 2023

«Өкінбе сен»

236 рет
көрсетілді

«Сөз аяқталған жерде музыка басталады» дегенге келіспеске кейде лажың да қалмайды. Расында, мұнда көркем әдебиеттегідей образ да жоқ, көзбен көріп, санамен сезінетін бейнелеу өнері де емес. Адам айта алмаған дүниені кейде музыка, ән жеткізіп жатады. Көңілдегіні тап басып, өзге бір әлемге жетелей жөнелетін музыка құдіреті де бөлек.

Расында, эстрадалық ән десе көпші­лік­тің ойына бірден көңіл күй көтеретін жеңіл ырғақты шығармалар оралатыны даусыз. Шын мәнінде, олай емес қой. Эстрадалық жанрдағы әндердің де ішінде көңілдегі шерді қозғайтын, адам жанына жылу сыйлайтын есті шы­ғармалар аз емес. Солардың бірі – сө­зін Шөмішбай Сариев, әнін Кеңес Дүйсекеев жазған «Өкінбе сен» әні.

Белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы­ның орындауында жұрттың жүрегіне жет­кен шығарманы көпшілік жақында жазылған туынды деп пайымдайтыны рас. Өйткені жазылғанына елу жыл­ға жетеғабыл уақыт өткен әннің жұл­дызы ә дегеннен жана қойған жоқ. Орындаушысын табу да оңайға түспеген сыңайлы. Алайда жарыққа шықпай кеткен талай туындыға қарағанда «Өкінбе сен» әні араға жылдар салып болса да, ойлы тыңдарманның олжасына айналды.

Әншісін тапқан ән қай кезде де тың­­дарманның жүрегінен ойып тұрып орын ала­тыны даусыз. Бүгінде жұрт дәл осы «Өкінбе сен» әнін Жұбаныш Жек­сен­ұлының төлқұжаты деп танитыны да ақиқат. Шығармаға жаңа шырай, соны леп берген әншінің бағын жақ­қан ән деп дәл осы туындыны айтса да бо­лады. Қалай десек те, Жұбанышты «Өкін­бе сен» әнінен, «Өкінбе сенді» Жұ­ба­ныштан бөліп ала алмайсың. Бас­қа бір орындаушы шырқаса да бұл әнді Жұбаныштың деңгейінде шырқай алмайтындай көрінеді. Бәлкім, біздің санамызға солай сіңіп қалғандықтан шы­ғар. Әйтеуір өз бояуымен ерекшеленген Жексенұлының жағымды үні құлаққа майдай жағатыны айдай ақиқат.

Әсілінде «Өкінбе сен» әні махаббат тақырыбындағы нақты бір кейіпкерге жазылған туынды ма? Әлде уақыт өте келе әннің мәтініне қандай да бір өзгеріс енген бе? Есті шығарманы құлақ қойып тыңдаған адам ә дегеннен мына бір шумаққа ден қоятыны анық.

«Бар қызығын өмірдің ала алмассың,

Қуаныш боп мәңгілік жаралмассың.

Жарқырап айлы түнде жұлдыздардай,

Бәлкім, сен бақытым боп жана

алмассың»,

деп түйінделетін шумақтың төртінші тармағындағы «бақытым боп жана ал­массың» деген сөздер расында да әнді жалпыдан оқшаулап, жалқы образға негізделген шығарма етіп көрсететіні рас. Өйткені мұнда «бақыт» деп тұрған жоқ, «бақытым» деп нақтылап тұр.

Ақиқатында әннің мәтінінде терең мән-мағына бар екені талас тудырмайды. Бірінші шумақтан бастап, әннің қайырмасы да, шарықтау шегі саналатын соңғы шумағына дейін төрт аяғын тең басқан тармақтарымен адам жанын астан-кестен етеді. Тыңдарманын ойландырады, толғандырады. Қысқасы, қалай десек те жүректегі шоқты маздата түседі. Мұндағы терең мазмұн Жұбаныштың бояуы бөлек үнімен астасқанда тіпті керемет әсер ететіні даусыз.

Жоғарыда келтірген соңғы шумақта­ғы «бақытым боп жана алмассың» деп түйін­делетін тармақта бір кілтипан бар секілді көріне беретін. Расында солай екен...

Керек дерекке көз жүгіртсек, орын­даушы Жұбаныш Жексенұлы әннің дәл осы тармағын өз ыңғайына қарай өзгерткен көрінеді. Әуелде мәтін авторы, қазақтың айтулы ақыны Шөміш­бай Сариев «Бәлкім, сен бақыт болып жана алмассың» деп нақтылап жаз­ған тармақты әнші әннің ырғағына икем­дегісі келді ме, әлде басқа бір ойы болды ма, кім білсін? Әйтеуір «Бәлкім сен бақытым боп жана алмассың» деп бірін­ші жақта орындауды жөн деп тауыпты.

Енді әннің өзге шумақтарына зер салып көрейікші. Мұнда автордың түпкі ойы неге негізделген?

«Күнсіз болмас дүние, түнсіз болмас,

Түнсіз болмас дүние, күнсіз болмас,

Ғашықтық қуаныш боп сезілгенмен,

Махаббат ешқашан да мұңсыз

болмас»,

деп келетін әннің алғашқы шумағын тыңдап отырып-ақ шығарманың өн бойы­нан нақты бір кейіпкерді кездестіре алмайсыз.

Қысқасы, айтқанда әннің табиға­ты­на қарап-ақ шығарма мәтіні тапсы­рыс­пен жазылғанын бағдарлау қиын­ға соқ­пайды. Солай бола тұра тамаша туын­­ды күллі қазақ даласындағы тың­дар­манның көңіліне қонды. Өйткені әннің бүкіл табиғаты Жұбаныш Жек­сенұлының даусымен үйлесім тапты. Қазіргілердің тілімен айтсақ әннің фишкасына айналған қайырмадағы «Өмір­ге келгеніңе өкінбе сен» деген тармақ кімнің де болсын жадынан өшпейтіні ақиқат.