• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қыркүйек, 2023

Ықылас мұрасына ыждағат

313 рет
көрсетілді

Сарысу ауданына қарасты Саудакент ауылында даңқты қобызшы Ықылас Дүкенұлының 180 жылдық мерейтойы сән-салтанатымен аталып өтті. Іс-шара аясында қобызшылар байқауы және дара тұлғаға арналған республикалық форум ұйымдастырылды.

Саудакентке жиналған жұрт алдымен қобызшылар топ­қа түскен «Жезкиік» респуб­ликалық байқауын тамашалады. Өнер додасына еліміздің бес өңірінен 11 қобызшы қатысып, өнерін ортаға салды. Қатысушы үміткерлер орындаған шығар­малардың барлығы да көрермен қауымның көңілінен шықты.

Байқау қорытындысында Атырау облысынан келген Ая­­толла Тұрғановтың өнерін қа­зы­лар алқасы жоғары ба­ға­лап, бас жүлдеге лайық деп тапты. Жүлделі бірінші орынды Анар­бек Мырзабай мен Жалғас Нұ­рашов иеленсе, екінші орын Гүлнұр Қуанышқалиева, Ай­ша Бердімұратова, Қазбек Мал­ды­байға бұйырды. Сондай-ақ Гүлнұр Рахымжанова, Әб­діманап Бәйдібек және Ару­жан Тасболат үздік үш­тік­тің қа­тарынан көрінсе, Әй­­ге­­рім Ах­метжанова мен Ай­­ша Ома­рова ынталан­ды­ру жүл­десіне ие болды. Же­ңім­паз­­дар мен жүлде­герлердің Ал­­ғысха­ты мен сый-сияпатын Қа­зақ­станның Еңбек Ері, әйгілі ком­­позитор Ілия Жақанов пен ау­дан әкімі Сәкен Мамытов та­быстады.

Іс-шара соңы Саудакент ауылындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Қобыз ата­­сы – Ықылас» атты респуб­ли­калық форумға ұласты. Фо­румның ашылу салтанатында Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов Ықылас мұрасын жаң­ғырту үшін ауданда бір­қа­тар жұмыс қолға алынатынын айтып өтті. Іс-ша­раны Дина Нұрпейісова атын­­дағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің со­лисі, Мәдениет саласының үздігі, күйшілер одағының Аты­рау об­лыстық филиалының же­текшісі Ақнар Тәттібайқызы жүргізді.

Форум барысында Қа­зақ­­станның Еңбек Ері, әй­гілі ком­­позитор Ілия Жақа­нов, қо­ғам қайраткері Әбді­ма­нап Көп­бергенов, Ықы­лас­тың дәс­түрлі мектебін жал­ғас­ты­ру­шы-ұстаз Әбді­ма­нап Жұ­ма­­беков, жазушы Пер­небай Дүйсенбин бастаған өзге де мәр­тебелі меймандар сахна төріне көтеріліп, баба мұрасын на­сихаттаудың маңызы туралы ойларын ортаға салды.

 

Жамбыл облысы,

Сарысу ауданы