Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов еркін күрестен Қазақ елінен шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұханды тарихи жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ризабек, сен Қазақ елін айтулы жеңісімен риза еттің. Күллі халқың қуанып жатыр. Алдағы жарыстарда да сәттілік тілеймін. Еркін күрестен әлем чемпионатының алтын медалі бізге Қазақ КСР кезінде де, тәуелсіздігімізді алған 32 жылдың ішінде де бұйырмай жүр еді. Туризм және спорт министрлігін, Ұлттық Олимпиада комитетін, барша қазақ халқын айтулы жеңіспен құттықтаймын», деді Д.Тұрлыханов.
Еркін күрестен еліміздің балуандары әлем чемпионатының финалына алғаш рет 1995 жылы шықты. АҚШ-та өткен әлем чемпионатының финалында 82 келіде күрескен Эльмади Жабраилов америкалық Кевин Джонсонға 0:1 есебімен есе жіберіп, күміс медальді місе тұтты.
2016 жылы 70 келіде күрескен Нұрлан Бекжанов Венгрияда өткен әлем чемпионатының финалдық айқасында ресейлік Магомед Курбаналиевтен 4:8 есебімен ұтылды.
2018 жылы да әлем чемпионаты Мажарстанның бас қаласы Будапештте өтті. 57 келі салмақта сынға түскен Нұрислам Санаев финалдық белдесуде ресейлік Заур Угуевке 3:4 нәтижесімен жол берді.
2019 жылы күрес түрлерінен әлем чемпионаты Астана қаласында түңлігін түрді. Осы әлемдік додада еркін күрестен екі бірдей балуанымыз финалға жетті. 65 келіде Дәулет Ниязбеков Ресей балуаны Гаджимурад Рашидовтан 0:11 ұпайымен жеңілді. 70 келіде күрескен Нұрқожа Қайпанов та ресейлік Давид Баевтан 2:14 есебімен жеңілді.
Міне, еркін күрестен 32 жыл бойы кетіп жүрген есемізді күні кеше Ризабек Айтмұхан бүтіндеп берді.