• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 20 Қыркүйек, 2023

Біртоға мінездің иесі

236 рет
көрсетілді

Жоны қар таудың баурайына орналасқан Қапал шәрісі жаратқанның жанарынан төгілген ақшуақ сәулеге малынады да тұрады. Табиғаты, әдеткі райы күліп қана жүретін биязы мінезді жанды елестетеді. Жазы – салқын, күзі – жайлы, қысы – қысқа, көктемі – ұзақ ғажайып өлке. Адамдары да қарапайым. Солардың арасынан ұзын күздік пальто киген, басында шляпасы бар, шашы иығын жапқан сымдай тартылған бір жігіт көзге оқшау көрінетін. Оның кім екеніне де сырттай қанықпын...

Ол кезде әдебиет туралы көп айтылады. Жұрт дүкеннен кітап сатып алып оқиды. Зиялылардың мәдениетін көрген (әлде естіген) кейбір өзін өркениетті санайтындар сықитып үйіне кітап жинап, оған парықтың немесе кеңес адамының тұрмыстық салтының бір белгісі ретінде қарайтын.

Жалпы жазушы жайлы айтылады, бірақ жұрттың жадында, аузында кі­тап­тың аттары жүретін. Оның авто­ры­ның кім екенін білмеуі мүмкін, тіпті ол маңызды да саналмайды, кітап­тың атын шатастырмаса болды. Біреу әлдебір оқиғаның сюжетін баяндап, «Шұғаның белгісінен» оқыдым» десе, «жо-оқ, ол «Ботагөз» романында ғой» деп дау айтады. «Дұрыс емес, «Мөлдір махаббатта» дейді енді бірі.

Қалыптасқан үрдіспен шығарманы авторына қарамай оқи бересің. Өзім де ұнаған кейбір өлеңдерді жаттап алатынмын. «Жалын», «Жұлдызды» былай қойғанда, өзіміздің аудандық газеттен де ұнаған өлеңдерді жаттай беретінмін.

Шілікті өзек, шилі өзе

 байырғы сай,

Байырғы сай – мен өскен

«Қайыңды сай»,

Бала көңіл табысқан өзіңменен

Айырылғысы келмей тұр,

айырылғысы-ай.

 

Бала күннен сыр тартып бау,

құрағың,

Жылғаларда жырласа жәудір ағын,

Көктемеден нәр алған

қойнауыңның

Балбырауын қарашы, балбырауын.

Мұны кейін білдім, Арасанбай ақын­ның «Қайыңды сай» деген өлеңі екен. Міне, халық әдебиетті осылай оқып, осы­лай білетін. Тірі жазушыны көп көре қой­майды, жазушы деген елдің қия­лын­дағы жерге анда-мында түсетін періште сияқты.

Мектептегі кезімде аудан орталы­ғын­да Секен Иманасов, Өтепберген Ақыпбеков сияқты бір-екі қаламгер бар деп еститінмін. Кейін байқап қарап жүріп, солардың бірі – Арасанбай Естенов екенін білдім. Бала көңілмен, «жазушы болса бітті, егде жастағы адам» деп ойлайтынбыз. «Жалын» альма­на­ғынан суретін көрдім, жап-жас жігіт – таңғалдым.

1977 жылы – Кеңес елінде Ұлы Қазан төңкерісінің 60 жылдығы тойлан­ды. Қыл аяғы «әдгөнде» өткен кіші­гірім іс-шараға дейін қызылдардың же­ңісі мен кемелденген социализмнің жыры жырланып жатты. Сол жылы «ГосКомИздат» және Лениншіл Ком­му­нис­тік жастар одағының Орталық Комитеті, Жазушылар одағы бірлесіп ұйым­дастыратын дәстүрлі «Жалын» жа­­бық бәйгесі де, әлбетте, большевиктер үкі­­метінің құрметіне өткізілді. Осы әде­би бәйгенің ынталандыру сыйлы­ғын Ара­санбай Естеновтің «Шырғалаң» хи­кая­ты­ның иеленуі – қазақ қоғамы­ның үл­кен же­ңісі еді. Себебі импершіл идеология­ның көз­дейтіні де, көксейті­ні де коммунис­тік мұ­раттың әрқашан үстем болуы. Ал мына шы­ғармада қа­зақ халқының қиянаттық­пен қыр­ғын­ға ұшырағаны, ел бастайтын игі жақ­сы­ларының қолға түскені басы шабылып, өзгесі тоз-тоз болып қашқаны сурет­тел­ген еді. Мұндай шығарманы бәйгеге ұсын­­бақ түгілі жазудың өзі – жүрек­жұт­қан­­дықты көрсетеді. Арасан ағамыз не­бә­рі 24 жаста екен. Әлде албырттықтың бе­ті­­мен осындай нар тәуекелдікке барды ма?..

Ал «Шырғалаң» хикаяты не туралы жә­не кімдер жайлы еді.

Большивиктер өкіметі орнағанда әуел­де ауылнай болған, артынан көз­қарас­та­ры үйлеспей қызылдарға қар­сы шы­ғып, тұтқындалып, ақыры қаш­қындыққа ұшыраған ел ағасы Нұр­мұханбет жайлы. Ол жапан түзде жал­ғыз келе жатып, сан түрлі ойға кетеді. «Жаңа заман құрысамыз деп, аттан түспей түн қатып жүргендегі шыққан ұш­пақтары осы ма? Баяғы атам заманнан бері малын бағып, «қойын құрттап, айранын ұрттап», келе жатқан бір қазақты «кедей» мен «бай» деп екі жікке бөліп, бірімен-бірін атыстырып, ша­быс­тырып, қырқыстырып қойғанына ақылы жетпейді. Сол айтаққа ерген өз ағайындарына таң. Әкем-ау, бұған дейін қалай өмір сүріп келіп еді... Бай деген сән-салтанатымен, ауыл-аймағымен ел-жұрттың қорғаны, мақтанышы емес пе еді. Атағы алты алашқа кеткен ке­шегі Маман – Тұрысбектер қандай еді десеңші. Айналасындағы тамам елге қамқор да, қормал болғаны өз алдына жаңаша оқытатын мектеп салып, қа­зақ балаларының көзін ашып, үлкен қа­лалар Верный мен Уфа, Петербор­ға дейін білім алуға ұйытқы болғаны неге еленбейді? Ел-жұрты құрметтеп, «Байқажы» атап кеткен сол Маман әулеті ашқан «Мамания» мектебінің алғашқы түлектері Біләл мен Ілияс бі­лімді де білікті азамат санатында осы ке­ңес өкіметінің келешегі үшін тер төгіп, жаңа заманның іргесін қаласып жүр ғой. Оны неге көрмейді бұлар?.. Күйіндің не, күйінбедің не, енді бәрібір. Себебі жарғақ құлағы жастыққа тимей ел мен жер қамы үшін арқа еті арша, борбай еті борша бола ғұмыр кешкен сол әулеттің басына түскен кешегі қиямет қайым күнін айтсаңшы! О дүниелік болған Маман, оның ұлы Тұрысбектер қайта ол зауалды көрмей кетті. Дәл бұлай болары үш ұйықтаса түстеріне кірмеген де шығар, жандары жәннатта болғырлар. Көрмей кеткендері де жөн бір ойдан» деген толғақты небір байламның басын шалады.

«Сол әулет» деп отырғаны Маман би­дің өрен-жарандары. Баласы Тұрысбек Уфа қаласындағы «Ғалия медресесінің» үлгісін алдырып, Қараағаш қыстағында мектеп салдырып, оны әкесінің есімімен «Ма­мания медресесі» деді. Ал інісі Есен­құл 1913 жылы қазақ романына тұңғыш бәйге жариялаған мецанат. Сол кезде зия­лылар оны «Қазақтың Нобелі» ата­ды. Сонымен қатар «Алашорда» қайраткер­лерімен қарым-қатынасы ты­ғыз болған және Семейде «Алаш» атты әскерін құруға қолұшын берген адам еді. Алашорданың «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының үзбей шығып тұруына қаржысын аямаған кісі.

Осы әулет заман тепкісімен арғы бетке ауып кеткенде, әдісқой қызыл­дар артынан Мұхамеджан Тынышбаев пен Біләл Сүлеевке Есенқұл қажы мен Тұрысбектің ұлы Құдайбергенге хат жаздырады. Хат­тарында «атажұртқа қайта көшіп келсе, кешірім беріліп, бәрі баяғыдай болады» деп айтылады.

Хатты арғы бетке апарып беріп жүр­ген бас кейіпкер Нұрмұхамет. Бұл –1921 жыл еді. Хатты оқып Есенқұл қопалақтап қалады. Ал Құдайберген қажы бұл үгітке иімеген. Сенгісі де келген жоқ. Көкірек көзі ашық, алдағыны болжай білетін оның сондағы айтқан аманаты: «Мен өз жерімнен, елімнен қашқан жоқпын. Мені елімнен еріксіз қуды. Мәжбүрледі. Кеңес өкіметі мені адам қылмайды. Жайыма қалдырмайды. Атпаған күнде, соттайды. Мен тыныш өмір сүріп, ұрпақ сүйгім, Ма­ман әулетін жалғастырғым келеді. Тек­тіліктен айрылмауымыз керек. Аман жүрсең, келер ұрпаққа осыны жеткіз!» дейді.

Сонымен Есенқұл мал-мүлкімен, ел-жұртымен қайта атақонысқа оралады. Оралысымен тұтқындалып, итжеккенге айдалады. Әйелдерін кеңес заңымен таратып жібереді. Аталған туынды ел басына түскен зобалаңды күндерді көркем сипаттай алған еді.

Осындай аламан додадан Арасанбай Естеннің ауылда жүріп төбе көрсетуі, әдебиетке деген үлкен қабілетін танытты. Бәйге мазмұны қызыл сұңқарларды ұлықтауға үндесе, өндірдей ол шығарма­сын­да қызылдардың қыспағынан болған ұлттық трагедияны сөз етті. Батылдық пен шеберлік дөп келіп, жас жігіт қоя­сын қаз­ғандай кеңес пиғылы мен саясатын осылай көрсетеді. Мұны қазылар байқамай қалмағаны ақиқат, тек әдебиет деп қарап, арғы жағына мән бермеуге тырысқан сияқты.

Қысқаша қайырып айтқанда «Шыр­­ға­лаң» хикаятындағы мазмұн осын­­дай. Бұның бәрі қызыл импе­рия­ның құр­са­уында отырса да автор ақыл-ой санасы­ның еркіндікті аңсап, тәуелсіздікке ұмты­луының көрі­нісі. Қаламгердің көркемдік арқылы халқының асыл мұратын паш етуін уағында байқамаса, көре алмаса ол – әдебиет сыншыларының мәселесі. Ал Арасан ағамыз біртоға мінездің кісісі, шығармасын жазуды ғана біледі. Әлдекімдер сияқты қаламынан болар-болмас бірдеме тамса, кеудесін ұрып, дүрбелеңге салмайды.

Ұяң мінезді, сыпайы ғана сөйлей­тін ағамыздың бойында бұғынып жат­­қан өнердің кені көп. Әдебиетті үл­кендерге де, балаларға да арнап жаза­ды. Прозаны да, поэзияны да тең мең­герген. Сазгерлігі бір төбе, әншілігі тағы бар – нағыз қазақ­тың сал-серілері іс­петті... Қазіргі күні қалам­гердің қо­лы­нан шыққан он бес шақ­ты кітабы көп­шілік игілігіне айналған. «Шыр­ға­лаң», «Ауыл таңы», «Баянжүрек бау­ра­йында», «Тасжарған ерте көктей­ді», «Ай­жаңғырық», «Жансауға», «Періш­те­лер патшалығы», «Алашапқын» ат­ты хи­каят­тар мен әңгімелер жинағы және бала­­ларға арналған «Әліппемен қош­тасу», «Мектептегі мейрамдар», «Киелі сандар», «Алғашқы қоңырау», «Жұмбақтар мен жаңылтпаштар», «Жеті саны киелі», «Біз­дің батыр бабалар», «Көне кенттер күм­бірі» кітаптары мен «Таудай болып өсе­міз», «Отан – Ана, Жер – Бесік», «Арман қанатында» атты ән жинақтары бар.

...Көз алдымда Қапалдың көшесімен сұңғақ бойлы, шашы иығына түскен, денесі тіп-тік бір жігіт кетіп бара жат­қандай... Орталық көшемен түзу тартып, аудандық газеттің редакциясына бұрылады...

Осындай ағаның алдыңда жүргеніне не жетсін!

 

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты