• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Театр 21 Қыркүйек, 2023

Сахна саңлағына құрмет

230 рет
көрсетілді

Екі күн бойы елорда төрін Жетісу жылуымен шомылдырған Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының өнер сапары бас қала халқына шын мәніндегі өнер мерекесін тарту етті. Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған гастрольдік бағдарламаға Б.Римованың «Қос мұңлық», Қ.Мұраттың «Мұғалім» және кішкентай көрермендерге арналған А.Аламанның «Жалқаудың жыры» қойылымдары еніпті.

– Өздеріңіз білетіндей, биыл аңыз актриса, Қазақстанның халық әртісі Бикен Римова­ның 100 жылдық мерейтойын  Түрксой мәдени ұйымымен бірлесіп халықаралық дең­гей­де атап өту жоспарланған. Театры­мыз ұлы актрисамыздың есі­мін ғана иеленіп қойған жоқ, сонымен қатар қазақ өнеріне өшпес із қалдырған дара тұл­ға­ның тағылымды өмірін, сах­надағы сындарлы еңбегін ұмытпай, содан үлгі алып өсіп келе жатқан кейінгі буын актер­леріміздің ізденісін, жалпы шығармашылық әлеуетін паш ету мақсатында еліміз­дің жүрегі – бас шаһар төрі­не ар­найы ат басын бұрып, гастрольмен келіп отырмыз. Кө­рер­менге әкелген тартуымыз – әлбетте мазмұнды спектакльдер. Бикен апамыздың ғасыр тойына орайласты­рып ұйымдастырылғандықтан, гас­трольдік сапарымыздың шы­мылдығын белгілі режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Ахмановтың суреткерлік қолтаңбасында қойылған актрисаның «Қос мұңлық» драмасымен ашуды жөн көрдік, – деп театр директоры Ерлік Жуасбек жалпы өнер сапары барысы туралы жан-жақты мағлұмат беріп өтті.

Сахна саңлағы Бикен Ри­мова сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі болған. Тамаша актриса ғана емес, өз ортасын­да өрелі драматург деп те мо­йындалған сахнагердің қа­ла­­мынан «Абай – Әйгерім», «Қос мұңлық» сынды бірнеше пьеса туды. Өз кезегінде айтулы туындылар қазақ театрлары сахнасы­нан лайықты орнын алды да. Сөзіміздің айқын айғағы болса керек, тұлға есі­мін иеленген театр да актриса­ның қаламынан туған сон­дай қуатты туындылардың бірі – «Қос мұңлықты» астаналық көрермен назарына ұсынды. Атауы айтып тұрғандай спектакльде қоғамдағы қарттар мәселесі сөз болады. Жалғыз ұлының шаңырағына сыймай, қарттар үйін паналаған кейуананың мұңлы тағдыры көрерменін бір сәт те бейжай қалдырмады. Қоғамға, бала-шағаға бойындағы бар күш-қайратын сарқып бер­ген қарт кісілер неге өз бала­ла­рынан қағажу көреді? Жас­тар арасында маскүнемдік, нашақорлық індеті асқынып, олардың ата-ана алдындағы перзенттік парызын ұмытып, тым қатыгезденіп кетуіне не себеп? Міне, қойылым қоғамның осындай ащы сұрақтарына жауап іздейді. Толғамы терең, тағылымы мол спектакльде Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Мәкен Нұрмұхамбетова, Мәдениет саласының үздігі Сағындық Жұмәділ, Айзада Байғабыл, Қа­зақ­стан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Дәулет Қанат бастаған Талдықорған театрының талантты актерлері өнер көрсетті.

– Замандастарының бар­лығы келместің кемесіне мініп, туған перзенттері қажет етпей жалғанда жалғыз қалған кейуананың ауыр да қасіретті тағдыры сөз болатын бұл қо­йылым кім-кімді де ойлантпай жібермейді. Туындының көрерменіне айтар тағылымы мол. Жастарымыз адаспаса екен. Ата-анасын алақаны­на салып аяласа екен. Міне, «Қос мұңлық» қойылымында біз осыны жеткізгіміз келді, – деді театр әртісі, Мәдениет саласының үздігі Сағындық Жұмәділ.

Гастрольдік сапардың екін­ші күні Талдықорған ­театры ұжымы Астана қала­сы тұрғындары мен қонақ­та­ры­ның назарына жас драматург Қолқанат Мұраттың шығармасы негізінде режиссер Данияр Базарқұлов қойған «Мұғалім» спектаклін ұсын­ды. Қойылымда көтерілген та­қырыптың ауқымы өте кең әрі бүгінгі заманмен үндес. Мұғалімнің қоғамдағы беделі, ата-ана мен баланың, ұстаз бен оқушының арасындағы қарым-қатынас жан-жақты көр­сетілетін қойылым көрермен көңіліне де терең із қалдырды. Оған спектакль­ге арнайы келген Дархан Жұбанышұлы есім­ді көрерменнің мына пікірі дәлел:

– «Мұғалім» спектаклін та­машалап шықтым. Әсерімді сөз­бен айтып жеткізу мүмкін емес. Қойылым қоғамдағы өзекті мәселелерді сөз еткен екен. Ал әртістердің өз рөл­де­рін аса шеберлікпен алып шық­қандары соншалық, екі сағат­қа жуық уақыттың қалай өте шыққанын сезбей де қал­дым. Қазіргі қоғамда болып жатқан көкейкесті мәселелерді қамтыған өткір де мазмұнды қойылым болыпты. Көріп риза болдым. Барлық ата-аналар мен оқушыларға, жалпы жастарға көруге кеңес берер едім,  – деді спектакль әсерінен арыла алмай тұрған жас жігіт.

Сонымен қатар айтулы өнер сапары аясында Тал­ды­­қорған театры музей бөлі­мі­­нің меңгерушісі Зәмзә­гүл На­зарбекқызының ұйым­дас­тыруымен өткізілген Бикен Римованың 100 жылдығына арналған шығармашылық көр­менің де көрерменіне сыйла­ған әсері мен рухани азығы мол болды десек, қателеспейміз. Қойылымға келген қонақтар атақты актрисаның өмір мен өнер жолынан мол мағлұмат алып, әртістің әр жылдары тұтынған жеке заттары мен сахналық киімдері, әшекей бұйымдары мен портреттерін тамашалап, жәдігерлер тарихымен кеңінен танысты.

– Астана жұртшылығына тамаша тартуымызбен кел­дік. Ол – тұлға өмірінен сыр шер­­тетін мына көрме. Бикен апа­­мыздың ғасыр тойы Түрксой мәдени ұйымымен бірлесе халықаралық дең­гей­де ұйымдастырылып жат­қан­дықтан, алдағы уақытта сахна саңлағының көрмесін Анкара қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қыркүйек айының соңында апамыздың 100 жылдығын үлкен халықаралық фести­валь­мен жабу жоспарланған. Қазір соған қызу дайындық үстіндеміз. Алыс-жақын шетелден 5 театр және елімізден 6 театр қатысады. Осы арқылы Бикен Римова есімін лайықты деңгейде ұлықтасақ дейміз, –деп сөзін қорытындылады театр директоры Ерлік Тілеуқұлұлы. 

Иә, ғасыр тойы ғаламдық деңгейде тойлануға тиіс актри­саның бірі Бикен Римова десек, оған ешкім қарсы дау айта қоймас. Сахна мен экранда өлмес бейнелер тудырып, ұлттық өнерімізге қалтқысыз қызмет еткен сахна саңлағының есімі мәңгі жасайды.