• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Қыркүйек, 2023

Жаһандық қауіпсіздікті байыптаған

147 рет
көрсетілді

Америкалық «The Hill» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарияланды. Мұнда Президент БҰҰ-ны, халықаралық қоғам­дастық­ты жаһандық мәселелерді шешуде бірігіп әрекет етуге ша­қырады. «БҰҰ Бас Ассамблеясы адамзаттың ғасыр­лық болашағын айқындауға баса мән беруі керек» атты осы мақалада басқа да өзекті тақы­рып­тар көтерілген.

Президент Қ.Тоқаев қазір­гі таңда әлем ыдырап, бөлшек­теніп бара жатқанына алаң­дау­шылық білдіреді. Екінші дү­ние­жүзілік соғыстан кейін шар­тарап­тың түкпір-түкпіріндегі көш­басшылар жиналып, жаһан­дық қауіпсіздік пен тұрақ­ты­лық­ты сақтау жолында ортақ ке­лісімге келген-тұғын. Өкінішке қарай, кейінгі кезде әлемнің әр бұ­рышында тұтанған соғыс өрті өршіл мақсатымызға кедер­гі кел­тіріп отыр. Оның үсті­не АҚШ пен Қытай секілді алпауыт державалар арасында туындаған сауда соғысы да, коронавирус пандемиясы да азық-түлік жет­кізіліміне кедергі келтірді. Шын мәнінде әр мемлекет жеке мүд­десін күйттеп кететінін анық аң­ғарт­ты. Мемлекет басшысы «The Hill» басылымында жазған ма­қа­ласында осыны тұспалдап отырғаны түсінікті.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев кли­мат­тың өзгеруі, жасанды интел­лект, жап­пай қырып-жою қа­рулары­ның қаупіне қатыс­ты пікір біл­дірді. Бұдан бөлек Прези­дент БҰҰ Бас Ассамблея­сының сес­сия­­сында Қа­уіп­­сіз­дік Кеңесіне реформа жасау қа­­жеттігіне назар аударған бола­тын.

«Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақ­ты реформа жасамай, біз аталған қиындықтарды жеңе алмаймыз. Бұл – адамзат баласының басым көп­шілігінің мүддесіне сай келетін заманымыздағы ең үлкен қажеттілік. Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдің үні күше­йетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзі өте орынды екенін айта кеткен жөн. Осы орайда, оқырманға түсінікті болу үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне аз-кем тоқтала кеткеніміз жөн шығар. Іргелі ұйымның басты міндеті – әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақ­тау, бітімгерлік миссиясын атқару, халықаралық санкциялар салу және ҚК қарарлары арқылы әскери іс-қимыл мәселелерін шешу. Кеңес БҰҰ құрамындағы негізгі алты мекеменің бірі. Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ-ға мүше басқа мемлекеттердің орындауы міндетті шешім шығаруға құқылы. Іргелі ұйымға мүше болған ел өзінің бастамаларын ұсынуға және мүддесін қорғауға, маңызды деп санаған мәселелерге әлемнің назарын аудартуға мүмкіндігі бар. Қысқаша айтқанда, Қауіпсіздік Кеңесі – өз ұстанымының өзекті­лі­гін дәлелдеуге арналған бірегей алаң.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құра­мында 15 мемлекет бар. Оның бесеуі тұрақты мүше. Атап айтқанда, АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Қалған тұрақты емес 10 мүшесі екі жыл сайын ауысып отырады. Қазіргі таңда іргелі ұйымға Бразилия, Эквадор, Габон, Гана, Мозамбик, Албания, Мальта, Швейцария, Біріккен Араб Әмірліктері және Жапония тұрақты емес мүше ретінде енген. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақ­ты мүшелерінің ерекшелігі – вето қою құқына ие. Яғни 14 мем­лекет қарарды қолдаса да, бес мем­лекеттің біреуі оған қарсы шықса, құжат қабылданбайды.

Осы орайда, 2017-2018 жылдары Қазақстан да БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі бол­ғанын, 2018 жылғы қаңтарда ұйым­ға төрағалық еткенін айта кет­кен жөн. Осы мәртебелі мерзім кезін­де еліміз жаһандық қауіпсіздік пен бей­­біт­шілікті сақтауға қатысты көп­теген бастама көтергені есіміз­де. Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақ­стан басымдық берген бағыттың бірі – ядролық қаруды таратпау мәсе-лесіне арналды.

Вето мәселесін қозғауымыз бекер емес. Кез келген елді БҰҰ құра­мынан да, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамынан да шығаруға Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері келісім беруге тиіс. Алда-жалда тұрақты мүшенің біреуі қарсы шықса, онда шешім қабылданбайды. Бірақ кейінгі жылдары әлемнің полярлану салдарынан ұйымның ішінде алауыздық туындағаны жасырын емес.

Біріншіден, 1946 жылы БҰҰ ҚК құрылғалы бері 300-ге жуық вето қойы­лыпты. Соның жартысына жуы­ғы кеңес одағына және оның мұ­ра­гері Ресейге тиесілі. Кейінгі жыл­дары Ресей мен Қытай вето құқы­­ғын жиі қолданып жүргені де жа­­сырын емес. Бұл – бірінші мәселе.

Екіншіден, Ресейдің Украинаға басып кіргенін бүкіл әлем жақсы біледі. Бірақ аталған ел БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болғандықтан, жер-жаһанның бас­ты ұйымы бұған шара қолдана алмай отыр. Өйткені оны айыптаған кез келген құжатқа Кремль билігі қарсылық танытады. Салдарынан БҰҰ-ның да, Қауіпсіздік Кеңесінің де қолы байлаулы болып отыр.

Ендеше, Ресейді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамынан да, БҰҰ Бас Ассамблеясы құрамынан да шығару мүмкін емес. Өйткені Ресейдің вето қою құқығы болғандықтан, оны ұйымнан шығару жөніндегі кез келген құжатты қабылдатпайтыны айтпаса да түсінікті. Немесе Ресей халықаралық аренадағы өзінің бүкіл күшінен бас тартып, өз-өзін шығару туралы қарарды қабылдауы қажет. Бірақ қазіргідей кезеңде де, келешекте де болуы екіталай.

Кейбір мүше мемлекеттер БҰҰ-да реформалар жүргізуге, әсіресе тұрақты мүшелердің геноцид жасаған кезінде вето қою құқы­ғы­нан айыруға шақырып жүр. Бұл мәселенің БҰҰ қабырғасында тал­қыланып жүргеніне біраз уақыт өтті. Мәселен, 2005 жылғы Дүниежүзілік саммиттен кейін «Кіші бестік» (S5) деп аталатын Коста-Рика, Иордания, Лихтенштейн, Сингапур және Швейцария тұрақты мүше­лердің геноцид, соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстарға қатысты мәселелерде вето қою құқығынан бас тартуға шақыр­ды. Дегенмен S5 ұйымы 2012 жылы таратылды, бірақ олар көтерген мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр. Қазіргі таңда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты мүшелері Франция мен Ұлыбритания ұйымға реформа жасау мәселесін қолдайды.

Осындай қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­не реформа жасау ұсынысы өте орын­ды екені сөзсіз. Бұған қоса, Прези­­дент «The Hill» газетіне жазған мақа­­ласында айтып өткендей, Қазақ­стан жаһандық қауіп­сіздік пен тұ­рақ­тылықты сақ­тауға үлкен үлес қо­сып жүр. Еліміз­дің өз еркімен ядро­лық қарудан бас тарт­қаны көп елге үлгі. Сондай-ақ Ұлы даланың жап­пай қырып-жою қару­ларын тарат­пау жөніндегі іс-қимыл­ды ілгері­лету­де көшбасшылық рөлін ешкім жоқ­қа шығара алмайды. Демек, Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіз­дік Кеңесіне толыққанды мүше болуына қай жағынан да құқығы мол.