• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Қыркүйек, 2023

ХІХ Азия ойындары ресми түрде ашылды

480 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні Қытайдың Ханч­жоу қаласында Азия ойын­дарының алауы ресми түрде тұтанды. 45 мемлекеттен келген 12 мыңнан астам спортшы енді 15 күн бойы өзара мықтыны анықтайды.

«Үлкен лотостағы» дүбір

Сенбі күні Ханчжоудағы 80 800 адамға лайықтал­ған «Үлкен лотос» деп ата­­латын стадионда өткен салта­нат­­ты іс-шараға Қытай басшысы Си Цзиньпиннен бөлек, Корея Рес­пуб­ликасының президенті Юн Сок Ёль секілді Азияның ондаған елі­нен ша­қырылған көшбасшылар мен лауазымды тұлғалар, сондай-ақ Халықаралық Олимпиада комитетінің төрасы Томас Бах және тағы басқа құрметті қонақтар қатысты. Мәртебелі меймандардың қатарында еліміздің Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев та бар.

Қытайдың 5 мың жылдық тарихын, мәдениетін, жер көлемі жағынан әлемде үшінші орында тұрған елдің табиғатын таныстырып жазудың өзі артық болар. Оның үстіне Қытайдың соңғы олим­пиадаларда бейресми командалық есепте бірінші орында жүрген спорттық держава, заманауи технологияларымен таңдай қақтырған алпауыт мемлекет екенін бәрі біледі. Ханчжоудағы ойын­дардың ашылу салтанатында осындай жетістіктерді мақтан ететіндей қойы­лымдар жұрт назарына ұсынылды. Сон­дай-ақ Қытай барлық мемлекетке дос екенін, өздері барлық жерде мәде­ниетімен, спортымен, жетістігімен алда екенін аңғартқандай болды.

Ашылу салтанатында театрлан­дырылған қойылымдар, цифрлы отшашу және Азия ойындарының алауын жағу рәсімі мен командалардың шеруі болды. Қазақстан құрамасының сапында бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая Мемлекеттік Туды көтеріп шықты.

 

Жақсы ұйымдастырылған дода

Бір жыл бұрын, яғни 2022 жылы Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданы абы­роймен өткізіп, жақында ғана Чен­дуде бүкіләлемдік Универсиаданы қа­былдаған Қытай үшін жазғы Азия ойын­дарын өткізу аса қиындық тудырып жатқан жоқ. Бұған елдегі спорттық инфрақұрылым деңгейінің жоғарылығы және мұндағы экономикалық әлеуеттің мық­тылығы тікелей әсер ететіні анық.

Бүгінде 12 миллионнан астам тұр­ғыны бар Ханчжоу қаласы шетелдік қонақтарды асқан ілтипатпен қарсы алып жатыр. Әрбір команда мен делегацияға бөлінген еріктілер өз жұмыстарын адал атқаруда және білмегеніңді үйретіп, қашанда жол көрсетуге дайын.

Осы күнге дейін спортшылар ор­наласқан олимпиадалық қалашыққа жол түскен жоқ. Бұл жерге арнайы рұқсатпен баратындықтан, қалашықта қоныстанған спортшыларды сөзге тарттық.

«Мұндай жарысқа бірінші рет қа­тысып тұрмын. Шынымды айтсам, маған қатты ұнап жатыр. Олимпиадалық қала­шықта бәрі қарастырылған. Түрлі ұлттың асханасы бар. Тамақ жағынан таңдау көп, қиындық жоқ», дейді әлем чемпионы Махмұд Сабырхан.

Ал боксшылардың бас бапкері Мыр­зағали Айтжанов қанша ұлттың асханасынан дәм татса да, өзіміздің етке ештеңе жетпейтінін айтты.

«Бұл менің бапкер ретінде қатысып жатқан төртінші Азиадам. Барлығы өте жақсы ұйымдастырылған. Жігіттерге де ұнап жатыр. Тамақ жағынан да қи­ын­дық жоқ, қалағаныңды табасың. Бір­ақ біз үнемі өзіміздің ет пен қазыны алып жүреміз. Қай жарысқа барсақ та, сөмкемізден қазы табылады», деді М.Айтжанов.

 

Заманауи медиаорталық

Ал медиаорталықтың тіршілігі қыз-қыз қайнап жатыр. Орталық аумағына бірнеше ғимарат сыйып кетеді десек, артық емес. Ұйымдастырушылар телеарна қызметкерлеріне бөлек зал арнаса, газет, сайт, ақпараттық агенттік тілшілеріне бөлек орын дайындаған. Орталықтағы алып экрандардан Азия ойындарындағы түрлі бәсеке тікелей көрсетіліп жатыр. Одан бөлек, жүздеген журналистің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалған.

Медиаорталықтың холынан элек­трониканың түр-түрін көресіз. Ханчжоу Қытайдағы электрониканың отаны саналады. Сондықтан көлемі бір үйдің қабырғасындай лед экрандарды, түрлі түсті электронды мұнараларды, жалпы алғанда, заманауи техниканың неше атасын осы жерден кездестіресіз. БАҚ қыз­меткерлері үшін арнайы тамақ ішетін асхана бар. Мұндағы тағамдардың тізі­мінде шек жоқ. Ең бастысы, халал асхананы да табасыз. Кітап оқитын, теледидар көретін, алаңсыз демалатын орындар да жеткілікті.

 

Алғашқы нәтижелер

Ресми түрде Азия ойындарының ашылу салтанаты бұрнағы күні өтсе де, бірнеше спорт түрінен іріктеу сындары бас­талып кетті. Үстел теннисінен Қазақстан қыздар командасы Қытайға, ерлер командасы Тайпейге есе жіберді. Біздің команда сапынан Алан Құрманғалиев қана қарсыласын тізе бүктірді. Десе де, сенбі күні Мальдив құрамасын жеңген теннисшілер финалдық кезеңге жолдама алды.

Қазіргі бессайыстан іріктеу сынында Павел Ильяшенко мен Кирилл Стадник ел намысын қорғап жатыр. Азиадаға алғаш рет қатысып отырған Кириллдің қобалжып тұрғанын оның оқ атқанынан-ақ байқадық. Десе де, жастығына және тәжірибесіздігіне қарамастан, финалға жолдама алып отыр. Мұның өзі үлкен жетістік екені рас.

Волейболдан Қазақстан ерлер құра­масы Жапонияға есе жіберді. Бірінші және екінші сетте біздің жігіттер адуын­ды жапондарға қарсылық танытып бақты. Бірақ тәжірибенің аздығы кедер­гісін келтірмей қоймады. Бас бапкер жа­пондарға деңгейіміз жетпейтінін ай­тып, команданы еңсесін түсірмеуге шақырды.

 

Дзюдошылардан – екі жүлде

Кеше ойындардың күндізгі сессия­сында бірнеше спортшымыз жарыс жо­лына шықты. Солардың арасында тек дзюдошыларымыз ғана Қазақстан қоржынына медаль салды.

Татамиге алғашқылардың бірі болып Абиба Әбужақынова шықты. 48 килоға дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз алғашқы белдесуінде Филиппин спортшысын «вазари» әдісімен жеңсе, одан кейін Солтүстік Корея балуанын тізе бүктірді. Ал жартылай финалда оң­түс­тіккореялық Ли Хек Енгті әзер жеңді. Ли Хек екінші мәрте ескерту алып, Әбу­жақыноваға жол берді.

Ал финалдағы қарсыласы әлем чемпионы азулы Нацумо Цунода еді. Ә дегеннен-ақ жапон спортшысы бел­сенділік танытып, небәрі екі минуттың ішінде жерлесімізді «иппон» әдісімен жеңіп кетті. Абиба Азия ойындарының күміс медалін қанағат тұтты.

Айта кетейік, Абиба Әбужақынова – биыл ақпанда Португалияда Гран-при бәсекесінде топ жарған (әйелдер арасында) тұңғыш қазақ дзюдошы. Сондай-ақ ол – Отгонцэцэг Галбадрахтан кейін қазақстандық арулар арасынан әлем чемпионатында медаль алған спортшы.

Абиба Әбужақынова, Азия ойындарының күміс жүлдегері:Қазақ екенімді мақтан етемін

– Баршаңызға рахмет! Шамам келгенше күрестім. Бұл – Азия ойындарындағы алғашқы жүлдем. Мені қазақ қыздары ара­сы­нан алғаш рет дзюдодан әлем чемпио­на­ты­ның жүлдесін жеңіп алған спортшы ретінде танисыздар. Осы жылды да жарқын жеңістермен бастаған едім. Португалияда Гран-при турнирінде жеңіске жеттім. Парижде өткен әлем­­дік турнирде үз­­дік үштіктің қатарынан көріндім. Бұл жүлде – мен үшін маңызды. Ұпай еншілеп, Париж Олимпиадасына жолдама алсам деймін. Жалпы, қай жа­рысқа барсам да, алдымен елдің, қазақтың на­мысын қорғау үшін аттанамын. Әлі де осы жол­да еңбектене беремін. Құрамадағы барлық спортшы солай істейді.

Мен бұрынғы Қазақстанның жері бүгінде Өзбекстанның Таш­кент облысындағы Шыр­шық қаласында дүниеге кел­дім. Әлемнің әр түкпірінде тұрып жатқан әр қазақтың жүре­гінде «Атамекенге оралсақ» деген арман бо­лады ғой. 2014 жылы Шым­кент қаласына көшіп келдік. Алматыдағы рес­публикалық спорт кол­лед­жінде оқыдым. Не­гізі, бала кезімнен спортқа жақын болдым. Анам бейімімді бірден байқады. Дзюдомен 10 жасымнан бастап айналысып келемін. Елге келген соң Азия ойындарының, құрлық чем­пионатының жүлдегері атанған дзю­дошы, білікті бапкер Нұрбол Сүлейменовтің қара­ма­ғында жаттықтым. Кейінгі жылдары Атырау қаласы атынан жарысқа шығып жүрмін. Ол жақтағы бапкерім – Мейіржан Есма­ғам­бетов. Осы орайда бізді жеңіске жетелеп, жа­рыстарға дайындап жүрген бапкерлеріме ал­ғыс айтқым келеді. Айтпақшы, бала күнімде көркем гим­нас­тикамен айналысқанмын. Алайда уақыт өте келе дзю­доға ауып, елге кө­шіп келген­нен кейін үздік нәти­же­лерге қол жет­кізе бастадым.

Спортшы үшін дайындықтың маңы­зы зор екенін білесіздер. Жалпы, жат­ты­ғуға күніне 5-6 сағатымды арнаймын. Спорт­шы үнемі бабында болуы керек. Сол үшін ты­рысамыз.  Өзіме ешқандай шектеу қоймаймын, барлық тамақты жей беремін. Салмағым әрі кетсе 52 кг-ға дейін барады. Жарыс жақындағанда, кө­біне 3-4 күн қалғанда салмақ төмендетемін. Жос­­пар бір жыл бұ­­рын бекі­тіледі. Қай жер­­­де қан­дай жа­рыс­­тар өте­ді? Оған қай спортшы қа­­ты­са­ды? Со­ның бәрі ал­дын ала анық­талады. Өйт­ке­ні спорт­­шы оған дайын­далуы керек. Жа­рыс басталардан бұ­рын оқу-жат­тығу жиындарына қатысамыз. Кү­ніне үш уақыт жаттығамын. Таңертеңгі сағат 7-де, 10-да, содан кейін кешкі 5-те. 

Төрт ағайындымыз: үш қыз, бір ұл. Мен ортаншысымын. Екі әпкем, өзімнен кейін інім бар. Үйде мен ғана спортқа жақынмын. Сүйікті пәнім – қазақ тілі мен әдебиеті. Абай атамыздың, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жаттап өстік. Мен өзіме ана тілімде сөйлеп, көк туымды көтеріп жүремін деп уәде бер­генмін. Бәрі қазақша сөйлесе деймін. Өз ті­лімізді өзіміз көтермесек, басқа кім кө­тереді? Елімнің патриотымын. Қазақ екенімді мақтан етемін. Қазақтың қыздары әлемді бағындыратындай спортшы болса деймін. Елімді әлемге танытқым келеді.

Дзюдо – ерекше спорт. Өзің жақсы көріп істеген жұмыс­тың қиындығы жоқ. Басты мақсатым – төртжыл­дықтың басты додасы  Париж Олимпиадасында топ жару.

Сонымен қатар 52 кг салмақта тата­миге шыққан тағы бір отандасымыз Ғалия Тынбаева қола медаль үшін болған бәсекеде өз мүмкіндігін пайдалана алмай, бесінші орынды қанағат тұтты. Ол оңтүстіккореялық Жунг Иерингтен же­ңіліп қалды.

Ерлер арасында Мағжан Шамшадин (60 кг) жарысты жақсы бастағанымен, жартылай финалда оңтүстіккореялық спортшы, 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Ли Харимге есе жіберді. Әйт­кенмен, Мағжанға қола жүлде бұйыр­ды. Медаль үшін болған жекпе-жекте тәжік Мерзод Суфиевке «вазари» әдісін жасап, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал 66 кг-да татамиге шыққан Ғұсман Қыр­ғызбаев алғашқы белдесуінде жеңіске жеткенімен, ширек финалда өзбекстандық Сардор Нуриллаевқа есе жіберді.

 

Париж Олимпиадасына – екі жолдама

Елена Потапенко Азия ойындарында әйелдер арасындағы қазіргі бессайыс­тан жекелей сында 5-орынды иеленді. Осылайша, ол келесі жылы өтетін Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Шешуші кезеңге дейін ол жалпы есепте 8-ші орында келе жатты. Мылтық атуда сәтті өнер көрсетіп, алғашқы бестіктен орын алды. Жерлесіміздің қорытынды нәтижесі – 1340 ұпай.

«Жарысқа дейінгі жаттығу жұ­мыс­тарын елде өткіздік. Бірақ мұндағы ауа тым ылғал. Бұл да кері әсерін тигізбей қой­майды. Елге оралған соң бірнеше ай бойы толассыз жаттығамыз. Содан соң Париж Олимпиадасына нақты дайындық басталады. Семсерлесетін спортшылармен бірге жаттығу жиындарын өткіземіз деген ойдамын. Содан соң, Әлем кубогі кезеңдері, әлем чемпионаты сынды ірі жарыстарға да қатысамыз. Мен өзіме үнемі биік мақсаттар қоюға тырысамын. Өйткені бұл мен қатысатын үшінші Олимпиада болмақ. Кейбір техникалық мүмкіндіктерімді жетілдіру керек. Сонымен қатар көлденең жарақат кезікпесе екен, – дейді Е.Потопенко.

Ал бессайыстан сынға түскен Георгий Борода-Дудочкин Париж Олимпиа­дасының жолдамасын жеңіп алды. Жарыс кезінде ұлттық құрама атлеті финалда 10-орынға тұрақтаған. Ереже бойынша үздік бестікке кірген мемлекет қана жолдамаға иелік етеді. Георгий 10-шы болғанымен, ол Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытайдың бірнеше спортшысына есе жіберді. Бұл елден тек бір ғана адам лицензия ала алады. Сол себепті де Қазақстан мен Тайланд атлетіне бір-бір жолдама берілді.

Қалған спортшыларымыздың нәти­жесі: Кирилл Стадник 13-орын, Па­вел Ляшенко 16-орын, Темірлан Абдраимов 17-орын. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 4-сатыда.

Осы жолдамадан кейін Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшыларды құттықтап, жеңісті күндер әлі алда екенін айтты.

«Осыған дейін айтқанымдай, Азиа­даға қатысудың бір мақсаты – Париж Олимпиадасына лицензия алу. Біздің спортшылар 8 спорт түрінен Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін күресіп жатыр. Жүлдегер болған және Олимпиада жолдамасына иелік еткен спортшыларды құттықтаймын.

Жал­пы, біздің команданың алдында жан­күйер­лердің үмітін ақтау және өткен Азиада нәтижелерінен асып түсу міндеті тұр. Қазақстан құрамасы бұл жарыстарға ұзақ уақыт дайындалды, бірақ жұмыс мұнымен аяқталмайды. Спортшылар медаль үшін күреседі, ал біз өз кезегінде шет­елдік әріптестерімізбен бірқатар екіжақты кездесулер өткізуге ниеттіміз»,  деді  Е.Маржықпаев.

Өзге де спорт түрлері бойынша сайысқа шыққан ел спортшыларының нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. Азия ойындары жарыстарының кешкі сессиясының нәтижесін келесі нөмірде толық жариялаймыз.