Сембай Жәнібеков 1911 жылы дүниеге келген. Туғаннан тағдыр тезіне ілігіп, дүние есігін енді ғана ашқанында анасы өмірден өткен. Әз ана жаны қиналып жатып өмірінің соңғы сағатында жаңа туған Сембайды күйеуі Қазыбектің ағасы Жәнібектің Азықан деген ұлының жас түскен келіншегі Кәменге «сүйегі – менікі, еті – сенікі», құдай алдында сұрауы жоқ, сен бағып өсір деп өз қолымен тапсырып кетеді. Сөйтіп, Сембай ағамыз осы отбасында өсіп, тегін Жәнібеков деп жаздырған.
Жасынан пысық, алғыр, еңбекқор болып өскен жігіт 1941 жылы жұрт қатарлы майданға аттанады. Айта кететін жайт, туған әкесі Қазыбектің бұдан басқа Қозыбай, Кенжебай, Есілбай деген үш ұлы да соғысқа бірге алынады. Тек ең үлкендері, жасы сол кезде 45-тен асқан Қазыбай ғана еңбек армиясына жіберіледі. Толарсақтан саз кешіп, қан майданның ортасында болған Қазыбек ақсақалдың төрт ұлы да майданнан аман келеді. Соның ішінде қос балдақпен оралған Есілбай Қазыбеков барлаушылар ротасының командирі, капитан шенімен кеудесіне төрт орден қадап оралған. Осы ағамыз 60-жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып істеген. Оның есімі егемендіктердің 2004 жылға дейін қызмет істегендерінің қатарында «Жәдігер» атты жинақта да тұр («Жәдігер», Алматы., 2004, 268-б).
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, Сембай ағамыз соғыстан аяқ-қолы бүтін, аман оралады. Ол кезде Власов армиясында болған қатардағы жауынгерлерге кешірім жасалып, елге қайтарған екен. Алайда Сембай ағамызды Отан соғысына қатысушы деп ешкім құрметтеген жоқ, мерекелік медальдардан да ол үнемі қағылып отырды. Бірақ ағамыз бұған мойымаған, өзінің пысықтығының, тыңғылықтылығының арқасында ұжымшардың есепшісі сияқты қызметтер атқарады. Ал 1956 жылдан бастап ол «Мальцев» орман шаруашылығының учаскесіне орманшы болып орналасады.
Ауыл арасында бұл кәсіп құрметті. Өйткені оған ісі түспейтін жан жоқ. Солтүстікте халық жеті ай бойы от жағады. Орман мол болғандықтан 7-8 текше метрден отын сатып алып, оны кесіп, жарып, үйіп алады. Сол отынның бәрін беретін, қай жерден кесуді көрсететін – орманшы. Орманшының рұқсатынсыз ешкім ағаш кесе алмайды.
Ал Сембай ағамыз 1956 жылдан зейнет демалысына іліккен 1972 жылға дейін шашасына шаң жұқтырмай өз ісіне адал болып, «Үздік орманшы» төсбелгісін, «Ардагер» медалін, ондаған грамоталар алып абыройлы болды. Қанша құрмет көрсетіп, қаншама сый-сияпат жасауға тырысқандар болса да, еш нәрсеге ауытқымай, өзінің міндетін ешқашан ұмытпай, ісіне адал болды.
Орманшының міндеті – халыққа отын беру ғана емес. Ол – мемлекеттің орман қорына жататын барлық өскіннің жақсы өсіп, қорғалуына жауап беретін адам. Сондықтан да өкімет орманшыға арнаулы форма, астына ат және мылтық та береді. Белгілі уақыттарда ол орман шаруашылығының күшімен өз учаскесіндегі арнайы жерлерге ағаш отырғызады. Оның өскенін қадағалап, қорғап, аттан түспейді. Орманды ұрлап кесушілерден ғана емес, өрттен, судан, түрлі өсімдік ауруы мен зиянды жәндіктен қорғауды да ұйымдастырады.
Жылына бірнеше рет орман шаруашылығының құрамындағы учаскелерден кесілетін ағаштар («делян») белгіленеді. Осы үдерістің өзі қызық болатын. Қолдарында балтасы бар 4-5 орманшы кесуге тиісті ағаштарға балтамен бір жанып белгі салады, ал артында жүретін жас балалар оған бояу жағады. «Делянға» шығарылған ағашты құрылысқа қолдануға жарамдылығына қарай «16 осины пол деловой», «24 береза деловой» деген сияқты айғайлармен арттарында келе жатқан бригадирге айтып отырады. Ал ол бәрін қағазға түсіріп, артынан осы сандарды қосып, мына орманнан 400 немесе 500 текше метр отын шығарылсын деген қорытынды шығарылып, оны халыққа сатады. Ал келесі жылы бұл орманға сонша текше метр қалпына келтірілсін деген бұйрық беріліп, жаңа көшеттер егіледі. Осы жұмыстың өзі де оңай емес.
Бұдан басқа тазалау деген де бір жұмыс болады. Бұл – тым қалың болып, қаптап өсіп, орманды ит тұмсығы батпайтын қалың нуға айналдырып жіберетін артық кеткен өскіндерден тазалау жұмысы. Жас өскіндерді халық қораның төбесін жабуға сырғауыл ету үшін, аулаға шарбақ тоқу үшін сатып алады. Жел құлатқан, дауыл сындырған ағаштар да есепте болады. Олар да тиісті көлемде халыққа сатылып, орман іші тазаланады.
Міне, орманшылықтың осындай және басқа да жұмысы көп болады. Оны атқарған адам жоғарыда айтқанымыздай міндетіне адал болуымен қатар орманға жанашыр, халыққа әділ болуы керек. Әйтпесе жұртқа жақпай, ондайларға жала жабушылар, мін тағушылар да көп кездеседі.
Сембай ағамыз ешкімнің кері сөйлеуіне мұрсат бермей, айтылған қасиеттердің бәрін көрсете білді. Сонымен бірге оның халыққа жанашырлықпен қарайтын қасиеттері де зор болды. Егер біреулер әлдебір себеппен қысқы отынын дер кезінде ала алмай қалса немесе жағдайы төмендігінен кешігіп жүрсе, ондай отбасылардың мұқтаждығын түсініп, «делянның» берілетін уақытының өткеніне қарамай, кеш болса да солар үшін орманға барып, ағаш беріп жататын. Осындай адамгершілік қырлары үшін халық оны қатты сыйлады.
1972 жылы Сембай Жәнібеков зейнет демалысына шығып, орнын баласы Әскерге берді. Бұл азамат та әкесінің жолын қуып, орманды сақтап, халықпен де жақсы жұмыс істеп жүрген еді. Өзі керемет ширақ, шапшаң кісі болатын. Астына ат мінсе, тұра шабуға, мотоцикл, машина мінсе, ызғыта жөнелуге дайын тұратын. Жеңгелері де оған «Ызғыт» деген ат қойған. 1975 жылы кезекті делян шығару жұмысынан жеті түнде үйіне келе жатып, мотоциклімен апатқа ұшырап, қатты жараланып, содан оңалмай 33 жасында дүниеден өтті...
Орман шаруашылығының басшылары лайықты қызметкер таба алмай, Сембай ағамызды қайтадан жұмысқа шақырады. Қайғыдан қан жұтып жүрсе де, ағамыз өзінің сүйікті ісіне қайтадан оралды. Сөйтіп, кенже ұлы Бақтыбай әскерден келгенше өз қызметін атқарды.
Бақтыбай да пысық, елгезек азамат еді. Ол әкесінен де асып, сырттай орман шаруашылығы техникумын да бітіріп, бірнеше жылдан кейін орман шаруашылығының аға орманшысы болды. Ал учаскелік орманшылықты туған ағасы Бақытқа берді. Сөйтіп, 1984 жылдан 1998 жылы өмірден өткенше Бақыт учаскенің орманшысы болды. Ал Бақтыбай үзіліссіз аға орманшылықты атқара берді. Ормандар жеке адамдардың басқаруына беріліп жатқан жылдардан ол өзіне тиісті учаскені басқаруға алды. Әке көріп, орман аралаумен өсіп, табиғатты аялауға құмар болған ол өмірінің соңына дейін ісіне адал болып, 2023 жылы бейдауа дерттен өмірден өтті. Қазір оның ісін баласы Еренғайып жалғастырып жүр.
Міне сөйтіп, «орманшылар әулеті» атанған бір шаңырақтан шыққан Сембай Жәнібеков мен оның балалары Әскер, Бақыт, Бақтыбай және Еренғайыптың еңбегін өңір халқы ризашылықпен айтып отырады.
Солтүстік Қазақстан облысы