• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кәсіпкер 25 Қыркүйек, 2023

Кәсіпкерлер заңдық көмекке зәру

198 рет
көрсетілді

Сенат депутаттары Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келіп, өндірістік кәсіпорындарды аралады. Олар «Caspi Bitum» БК» ЖШС, «Ақтау Теңіз Сауда Порты» ҰК» АҚ, «Chem-Invest Export» ЖШС, «Topan Chemical Industries» ЖШС және «Caspian Safety Group» ЖШС-нда болып, өндіріс орындары ұжымдарымен жүздесті.

Кездесу барысында инновациялық даму бағдары, шағын немесе орта бизнес өрісін кеңейту мәселелері талқыланды. 214 адамды жұмыспен қамтып отырған «CASPI Bitum» зауыты жылына 500 мың тонна битум өндіріп, жылына 1 млн тонна мұнай өңдейді. 2021 жылы тотығу блогі жаңғыртылды, бұл битум шығымдылығын 50% - ға (+10%) дейін арттыруға мүмкіндік берді.

– Маңғыстау облысына іссапардың мақ­саты – Мемлекет басшысының жолдауы­нан туындаған көліктік-логистикалық инфра­құрылымды дамыту мәселелерін талқылау. Елімізде 95 мың шақырымға жуық жол болса, оның 26 пайызы республикалық деңгейде. Ал қалғаны облыстық және аудандық деңгейдегі жолдар. Алдағы уақытта 4 мың шақырымға дейінгі жолды жөндеу жоспарланып отыр. Сон­дай-ақ «Caspi Bitum» мәселесі назарға алы­на­тын болады. Соған орай қазір зауыт 500 мың тоннаға жуық мұнай шығарса, ал­дағы екі жылда оның көлемін 750 мың тон­наға арттыру көзделген, – деді депутат Әлібек Нәутиев.

Сенаторлар аялдаған екінші нүкте – Ақтау теңіз порты. Порт жыл 12 ай және тәу­лігіне 24 сағат бойы құрғақ жүктерді, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін тасымал­дайды. «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ бас­қарма төрағасы Асхат Қабашевтың айтуын­ша, басты мәселенің бірі – порт аумағын кеңейту. Жаңаөзен аумағынан арнайы жобаларды жүзеге асыру үшін 274 гектар жер алу қарастырылып жатыр. Сонымен бірге, сенаторлар Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе ауылында орналасқан «Caspian Safety Group» тігін цехі жұмысымен танысты.

– Жұмысын 2022 жылы бастаған мекемеде қазіргі таңда 50 жұмысшы қызмет етеді. Арнайы жұмысшыларға шамамен айы­на 2 мың түрлі киім тігіледі. Біздің киім­дер көбінесе, мұнай компанияларындағы қыз­мет­керлерге арналған, –деді «Caspian Safety Group» тігін цехінің бас директоры Қ.Құдаров.

Ақтауда өңірлік кәсіпкерлер палатасында Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша Сенаттың эконо­микалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға сенаторлар, салалық кеңес мүшелері, бизнес өкілдері мен жергілікті әкімдік қызметкерлері қатысты.

Биылғы 1 мамырдағы есеп бойынша өңірде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъек­тілерінің саны 82 мыңға жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34%-ға өскенін көрсетеді. ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 155 мың адамды құрады, оның 45 мыңы – әйел. Маңғыстау облысында жалпы сомасы 2 трлн-нан асатын 41 ин­вестициялық жобаның пулы құрылды. 7 ай­дың қорытындысымен Маңғыстау субсидия­лаудан қолдау алған жобалар бойынша 560 жобамен 1-орында тұр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Р.Мұстапаевтың айтуынша, Үкімет қабылдаған Жол картасы аясында облыс әкімдігі, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ өкілдері бірлесіп сатып алуды оқшаулау бойынша бизнес-жобаларды алдын ала іріктеу үшін жұмыс тобын құрды. Бұл 700-ден астам жұмыссызды еңбекке араластыруға мүмкіндік берді.

Былтырдан бастап Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай және Батыс Қазақстан облыс­тарында қанатқақты режімде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды. Жоба қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы көшбасшы болып айқындалды. Өйткені Құрық ауылы – «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асырған жалғыз өңір.

– Бүгінгі таңда Құрықта киізден кәдесый дайындайды. Халықаралық сарапшылардан оқытудан өткен 40 әйел жұмысқа орналасты. Алғашқы өнім – түйе кәдесыйлары экспортқа шығарылу үшін Бішкекке жіберілді. Болашақта тауар айналымын одан әрі ұлғайтуға мүмкін­дік береді. Жоба 2021-2023 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға енгізілді. Биылдан бастап «Бір ауыл – бір өнім» «Мен – кәсіпкермін» ұлттық жобасы құралдарының құрамына кіреді. Облыс әкімі Ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік грант ретінде 50 жобаға жергілікті бюджеттен 250 млн теңге бөлді, – дейді Р.Мұстапаев.

Жиында биыл қаңтар айында Түрікмен­станмен шекарадағы «Темір баба» бекеті арқылы халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын 200-ден аса жүк тасы­мал­дау­шы­ның күрделі мәселесі де көтерілді. Инвес­­тициялар және даму министрінің бұй­ры­ғымен бекітілген халықаралық қатынас­та тасымалдау жүйесін қолдану құқы­ғы­ның 48 және 51-тармақтарының заң­ды күшіне енуіне бизнес наразылық білдірді. Палатаның араласуымен бұйрықтың орындалуы 2024 жылғы 1 қаңтарына дейін шегерілді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Сенат депутаттарына 12 түрлі ұсыныс берді. Оның ішінде бизнестің дамуына қарама-қайшы келтіретін заңдарға өзгеріс енгізу де бар.

 

Маңғыстау облысы