Қол жеткен уағдаластыққа сәйкес Қазақстан мен Ресей мемлекеттері шекарасының Ақтөбе және Орынбор облыстарының учаскесіндегі Орск қаласының шекарадан өтетін жер аумағында бірінші бағана-белгі орнатудың салтанатты рәсімі болды. Аталмыш шараға келген көршілес екі елдің делегация мүшелері Қазақстан мен Ресейдің Әнұрандары орындалып болған соң сахна төріне көтерілді. Делегациялар құрамында Қазақстан жағынан Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Вячеслав Ғизатов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, “Невада-Семей” қозғалысының төрағасы, халық жазушысы Олжас Сүлейменов және Ресей жағынан Орынбор облысының губернаторы Алексей Чернышов, Ресейдің Төтенше және өкілетті елшісі Владимир Волков, Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің Орынбор облысы бойынша шекара қызметінің бастығы, генерал-майор Александр Гуков, сондай-ақ,екі елдің демаркациялық комиссияларының және шекара қызметтерінің басшылары, мемлекеттік органдар өкілдері болды. Шекарада бағана-белгі орнату салтанатында сөз алған Орынбор облысының әкімі Алексей Чернышов бұл сәтті екі ел үшін де өте маңызды оқиға ретінде бағалады. Көршілес екі елде қалыптасқан достық, өзара ынтымақтастық қатынастың арқасында шекаралық мәселелердің өзара ортақ тіл табысу арқылы оңтайлы шешілгенін жеткізді.
– Орынбор облысының Қазақстанмен шекарасы 1800 шақырымнан астам. Оның өн бойында қазірдің өзінде 17 жеңілдетілген өткізу пункті жұмыс істейді. Ақтөбе облысымен шекарамыз 900 шақырымнан асады. Ежелден аралас-құраласы тоқтамаған екі өңірдің экономикалық, сауда байланысы ғана емес, мәдени қарым-қатынасы да нығая түсуде. Өткен жылы Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарының форумын өткізгенімізде ақтөбеліктер бізге қазақ диаспорасының ұлттық ауылын жарақтандыруға көмек берді. Ұлттық қазақ ауылында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі болып, екі елдің, екі халықтың достығы мен татулығына тағы бір көз жеткізді. Өңірлердің өзара ынтымақтастығы бұрынғыдан гөрі дами түсетініне сенімдімін, – деді Алексей Чернышов.
Өз кезегінде Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов шекараға бағана-белгі орнатудың өзара қарым-қатынасты халықаралық нормаларға сәйкестендіргені болмаса, екі елдің, екі облыстың арасындағы достық пен татулыққа, келісім мен ынтымақтастыққа селкеу түсірмейтінін жеткізді.
– Үстіміздегі жылғы бес айда Ақтөбе облысының Ресеймен сыртқы сауда айналымы 150 пайызға өсіп отыр. Экспорт та, импорт та өсе түсті. Тек биылдың өзінде біздің облыстың Ресеймен сыртқы сауда айналымы 6 млрд. АҚШ долларын құрайтын болады.Ал Орынбор облысымен сауда айналымы 2 млрд. АҚШ долларына жетеді деп отырмыз. Жалпы Орынбор және Ақтөбе облыстары өз елдерінің экономикалық дамуында өзіндік орны бар өңірлер. Бізде тек экономикалық байланыс қана емес, мәдени байланыстар дамып отыр. Орынбор облысымен екі арада жеңілдетілген он өткізу пункті жұмыс істейді. Сондықтан барыс-келіс, аралас-құраластық артпаса, кемімейді, – деп тұжырымдады ойын Елеусін Наурызбайұлы.
Мемлекеттік шекара – әр елдің Әнұраны,Туы мен Елтаңбасы сияқты зор мәртебеге ие. Екі елдің жерімен өтетін шекараға демаркация жасалғанымен көршілес елдердің ынтымақтастығына селкеу түсірмейді.Маңызды шараға қатысқандардың ортақ пікірі осыған дәлел болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.