• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 25 Қыркүйек, 2023

«Іздесең мені»

221 рет
көрсетілді

Қандай көңіл-күй ауанында жүрсең де еріксіз есіңе түсетін бір әндер болады. Көңіл-күй лирикасы дейміз бе, басқа дейміз бе, кім білсін! Әйтеуір бойыңды балқытып, ойыңды шалқытып, жаураған жаныңа күн сәулесіндей жылу сыйлайды. Жылдар жылыстап өтсе де, сол бір әдемі әуен санаңда атойлап тұрып алатыны бар.

Тегінде алпыс екі тамырына ән қонған әулеттер болады. Олар қай кезде де сапалы музыка­мен жұрт­тың жүрегін жаулауға ты­ры­сатыны белгілі. Әуелде бас­қаша бір атаумен құрылған, кейін «Жебе» деп аталған топтың ішінде бастапқы­да өнерімен өрге ұмтылған Ерік және Данияр Жақсы­лықов деген жігіттердің әкесі де музыкант еді.

Бір сөзбен айтқанда ән мен күй­дің ырғағына тербетіліп өскен жас буынның қатарына Ізбасар Көп­бергенов деген әнші жігіт және басқалары қосылып (кейін топ­тағы әншілер жиі ауысып жатты), бірнеше тамаша шығарма­ны тың­дарманға ұсынған кезде «АБК»-дан басталып, «МузАрт», «Жігіттер», «Орда» секілді эстра­да­лық топтармен жалғасқан қазақ эстрадасы жаңа бір бойзбендпен то­лықты деп топшылағанбыз...

Сол «Жебе» тобының бой­тұ­ма­­ры­на айналған «Іздесең мені» әні сазымен де, сөзімен де көңіл­ге қонған. Баяндау стиліндегі мәтін­мен көмкерілген әннің өңделуі де жүрекке жылы тиетін. Көлікте отырып та, үйде жүріп те осы бір лирикалық әннің әуеніне төңке­рілгендер аз емес екені даусыз. Көңілдегі әлдебір құпия сезімдер­ді қозғап жіберетіндей әсері де баршылық. Қалай десек те әдемі шығарма әлі күнге дейін өлген жоқ. Өйткені азшылықтың болса да жү­регінен орын алғаны ақиқат.

«Іздесең мені күзде сен,

Қасыңда сенің жүрмесем.

Талдардан түсіп өзіңмен,

Жапырақ болып жүздесем»,

деп басталатын ән шумақтары эстра­далық жанр үшін сәтті шыққан теңеулерімен де кісі жанын баурап алатын.

Он бес жылға жетеқабыл уақыт бұрын жазылған әдемі әннің ыр­ғағы жанға жақын болғанымен, ­ол кезде тегін жарнаманың төре­сі­­не айналған әлеуметтік желі­нің ­дәу­рені жүріп тұрған жоқ еді. Со­ның да әсері бар шығар, әйте­уір әлгі ютуб дегенді ашып, әнге түсі­рілген бейнебаян астына көз сал­саң, «Жебенің» төлқұжаты­на айнал­ған шығарма тыңдарман жүре­гіне белгілі бір деңгейде же­те қоймағанын айқын түсінесің. Уақыт-ай десеңізші. Ерте келген көк­тем секілді бұл ән де уақытынан ерте жарық көріпті.

«Мен жоқта жаным гүлдеме,

Сезімнің отын үрлеме.

Аспанда тұрмын ай болып,

Іздесең мені күнде де,

Іздесең мені түнде де.

 

Қара бұлт көктен өткенде,

Ақ нөсер болып сепкенде.

Әр тамшы жауын ол менмін,

Іздесең мені көктемде.

 

Жаныңда жазда жүрмесем,

Бесігін ойдың тербесем.

Қорықпа сәулем ол менмін,

Самал жел болып үрлесем»,

деп түйінделетін әннің қайырмасы да тыңдарманды бейжай қалдыр­май­тыны анық.

Әдетте лирикалық поэзия адам табиғатындағы ішкі әлемнің көзге көрінбейтін құбылыстарын пейзаж бейнесінде құлпырта түсетін құдіретке де ие. Әнде тіршілік пен табиғат байланысын адами сезімге тән үйлесіммен сабақтастыра түсетін элемент кездескенімен, авторды соншалықты шебер дей алмайтының да анық. Алайда музыканың жанды тебірентер қуаты мен топтағы түрлі дауыстағы орындаушылардың шеберлігі сезім пернесін дөп басады. Бойыңды жаулап, ойыңды сан тарапқа жүгіртеді. Рахат күй кешесің. Әйтеуір бір қимастыққа толы махаббат сезімінің шырпысын тұтатып-ақ тұрады.

«Жебе» тобы қазақ эстрада­сының босағасын алқынып-жұл­қынып аттаған жоқ. Баяу келді ме, жаяу келді ме, ол жағы өздеріне ғана мәлім. Бір анығы – эстрада төрінен ойып тұрып орын алуға бекінген болатын. Есті тыңдарманға сапалы дүние ұсынуға тырысты. Алайда ол миссиясын орындай алмағандай көрінеді.

Шыны керек, эстрада жанрына қадам басқан шығармашылық ұжымдардың басым көпшілігі, «жарқырап көрінген «МузАрт» пен «Жігіттердің» ізін басамыз» деген амбицияның жетегінде жүре­тіні белгілі. Алайда армандары орындалмаған күйі көзден ғайып болып жатады. Шыдам жетпей ме, ізденіс тапшы ма? Әлде бізге беймәлім басқа да бір себеп бар ма? Ол жағын кім білсін.

Зымырандай зулаған уақыт өлшеміне салсақ, «Іздесең мені» әні жарыққа шыққалы да талай жыл­дың жүзі болыпты. Одан кейін «Жебе» тобы да жарқырап көріне алмады. Эстрадалық ән әлбетте, азшылыққа арналған классика емес. Сәтті шыққан шығармалардың жұлдызы жарқырап шыға келеді. Бәлкім «Жебе» ізденістің жаңа бір ізіне түскенде бүгін де тамаша туындыларымен ел назарынан түспес пе еді, кім білсін!

Бір анығы, «Іздесең мені» әні әлі күнге дейін тыңдарман көңі­лінен өшкен жоқ. Мүмкін талантты жігіт­терден құралған топ сол бір лири­калық әнімен-ақ өнерсүйер қауым­ның жүрегінде қалған болар.