• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 25 Қыркүйек, 2023

«Сары өзен» сарыны

313 рет
көрсетілді

«Күй алды Бақанастың қара өзегін,Дауылдай бұрқыратып ебелегін,Қара жер қалқып барып қата қалды,Саймақтың суырғанда «Сары өзенін», демей ме қазақ жырының құлагері Ілияс Жан­­сүгіров. 

Ақынның «Күйші» поэмасын оқығанда, оқы­маған да арманда. Қазақ күйінің құді­ретін сөзбен зарлатқан ондай кесек туынды одан кейін туды ма, жоқ па, біле бермейміз. Ша­масы осы заманға Саймақ арқылы жеткен «Сары өзен» күйінің бірнеше нұсқасы бар. Бірде Саймақтың «Сары өзені» делінсе, бір­де халық күйі «Сары өзен» аталады. Күй­дің бір­неше нұсқасымен қатар, аңызы да баршылық. Бәрі бірін-бірі тектеп, бір-бірінен жан тартып тұрғаны сезіледі. Музыкасы да солай.

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дегендей, қалай десек те, «Сары өзен» қазақ даласындағы ең ежелгі әуендердің қатарынан. Олай дейтініміз, біздің жыл санауымыздан бұрын өмір сүрген қытай ғалымы Сыма Цянь еңбектеріне сүйенген біртуар, аяулы ғалымымыз Әлкей Марғұлан солай жазады. Гумилев те әлгіндей көрсетеді деген деректерді оқығанымыз есімізде. Саймақтың «Сары өзені» соғыс күйі екенін бертінде Таласбек Әсемқұлов та жазып кетті. Жоғарыдағы зерттеушілер Сары өзен (Хуан Хе) үшін соғыста ғұндар қытайдан жеңілген дейді. Таласбек болса, «осы біз отырған жерді Қондыгер құба жұрт деген жайлаған. Қондыгер құба жұрт – алаштың арғы атасы екен. Мына шүршіт бізбен сол кезде соғысып жүріпті. Ішкі Қытайда Хуанхы деген өзен бар. Бүкіл Қытай жұрты сол өзеннің жағасында өсіп-өнген. Бірақ заманында Хуанхының екі қапталы, Қондыгердің ақтылы қойы мен көкалалы жылқысы жайлаған жер екен. Хуанхының қондыгерше аты – Сары өзен. Ал Сары өзен бүкіл Қондыгер жұртының анасы екен. Тәңірінің берген сыйын-ай, ақыры Қондыгердің басынан бақ тайып шүршіттен жеңіледі. Қалың ел терістікке, түн түбіне қоныс аударады. Ол жақта Ұрым деген елмен жандасады», дейді «Талтүс» романында.

Саймақтың «Сары өзенін» Тәттімбет орын­дағанда тыңдаушылардың көз алдына соғыс, соғыстағы азаматтардың мүшкіл халі елестегендей, көздері жасаурап, көңілдері босайды екен деседі. Бұл туралы халық аузында мынадай өлең жолдары қалған:

«Күйші жоқ бұл Арқада Тәттімбеттей,

Төгілткен күй толқынын бір мүдіртпей,

Сарнатып «Сары өзенді» тартқан кезде

Сұлу қыз кете алмапты бір түнетпей», – деген екен.

«Сары өзенді» Тәттімбет Жанақтан үйрен­гені туралы да айтылады. Тіпті бұл күйдің шығу мерзімін Әлкей Марғұлан нақтылап біз­дің заманымызға дейінгі 140 жыл деп жазады.

Қазақ даласындағы ең ежелгі мұралардың біріне жататын бұл туынды бірнеше зерт­теушілер мен өнертанушылардың еңбегіне арқау болғаны өз алдына, жоғарыда көрсет­кені­міздей, қаншама әдеби шығармаларға кірік­тірілген. Біз білетін соның екеуі Ілияс Жан­сүгіровтың «Күйшісі» мен Таласбек Әсем­құловтың «Талтүс» романы десек, тағы бірі – Мұхтар Мағауиннің «Бала күйші» аңызы. Онда сан тараулы көне күйдің сиқырлы ше­ртісі қапысыз суреттеледі. «Он екі Абақ Керей­ді билеген сұлтан, үш алашқа әйгілі күйші Сары Нияздың» шерткенін жазушы былай әспеттейді:

«Міне, осы сәтте Сары Нияз өзінің ең қор­қынышты қаруын – мыңнан бір домбырашы ғана тарта алатын, бірақ ешбір жан иесі Сары Ниязша толқытып шерте алмайтын Саймақтың «Сары өзенінің» тиегін ағытты. Лықси төгілген күй тоғыз қанат ақ орда ішін, төрт тарап, жеті ықылымды тегіс қаптай жап­қан еді. Іргеден әлдекімнің қыстыға өксіп қалған үні естілді. Бала даусы. Сары Нияз өзі Саймақ күйін тартқан кезде қызығы мен қуа­нышы да, азасы мен қазасы да мол, жорыққа, соғысқа толы көне күндер елесі бойын буған ақсақал қарттардың еңіреп, егіле жылайтынын білетін. Бірақ әйел мен баланың жылағанын аңдамаған.

...Көсіле шапқан ат, қаржысқан қылыш, ауаны тіле ұшқан жебе... Арпалыса айқас­қан, шарпыса таласқан тоқсан толғаулы асау сезім... Қат-қабат қайғыны жапыра, селдей төң­ке­ріле қаптаған қайратты серпін...»

Бұл күйді Сары Нияздан үйренген атақты күйші Байжігіт бала күнінде осылай тартқан деседі. «Сары өзен» болып толқыған сарын үзілмесін.