ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері еліміз елеулі де маңызды әлеуметтік өзгерістерді бастан өткізіп келеді. Қоғам алдында бір жағынан тәуелсіздіктің салмағы басым болса, екінші жағынан жетпіс жылдай тұрақтап қалған әлеуметтік қатынастар мен байланыстар, ұстанымдар қайта жаңғыртуды қажет етті. Қазақстанда әлеуметтану ғылым және оқу пәні, мамандық ретінде қалыптасуы ресми түрде 1988 жылдан бастау алып, қазір әлеуметтік ғылымдар арасында, қоғамдық үдерістерді реттеуде нақты мәртебеге ие. Елдегі әлеуметтану ғылымын қалыптастырып-дамытуға әлеуметтік ғылымдар докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының құрметті ардагері, Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының вице-президенті Кеңес Биекенов айрықша еңбек сіңірді.
Кеңес Үмбетжанұлы 1933 жылы 26 қыркүйекте Ақтөбе облысының Шалқар қаласында дүниеге келген. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің Тарих факультетін және 1968 жылы СОКП Орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Университетті тәмамдағаннан кейін Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің, одан кейін Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1968 жылы Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясында белгілі ғалым, сол кездегі Кеңес одағы ғылым академиясының академигі В.Г.Афанасьевтің жетекшілігімен «Жұмысшылардың саяси санасын қалыптастырудағы өндірістік коллективтің рөлі» деген тақырыпта философия ғылымынан кандидаттық диссертация, кейінірек «Басшының саяси мәдениетін методологиялық және социологиялық талдау» деген тақырыпта социология мамандығынан докторлық диссертация қорғады. Одан кейін Ақтөбе медицина институтында, Алматы саясаттану және басқару институтында, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет атқарды.
Көрнекті ғалым 1993 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының іргетасын қаласты. Қазақстан әлеуметтануы мектептерінің дамуына белсенді атсалысып келеді. Ғалымның басшылығымен оқу үдерісін әдістемелік қамтамасыз ету бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Әлеуметтану мамандығының мемлекеттік стандарттары, әлеуметтану пәнінің негізгі курстарының типтік бағдарламалары жасалды. Ғалымның ұсынысымен әрі басшылығымен кафедра тұрақты түрде республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларды ұйымдастыруға ұйытқысы болды. Ел әлеуметтанушыларын біріктіретін кәсіби ұйым құрумен сипатталатын 2002 жылы өткен тұңғыш Қазақстан әлеуметтанушыларының конгресін ұйымдастырып, өткізуде де көп еңбек сіңірді. Бұл конгресс ел әлеуметтануының дамуының жаңа кезеңін бастады. Осылайша, ұлттық университеттің Философия және саясаттану факультетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы әлеуметтанушылар қауымы мойындаған ғылыми және ғылыми-әдістемелік орталыққа айналды.
Әлеуметтану саласында маман даярлауда, ғылыми мамандарды қалыптастыруда, докторантура жүйесін ұйымдастыруда елеулі қызмет атқарды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» 10 томдығының дайындалуы мен басылуын үйлестірді. Ол – Қазақстан социологтерінің I-IV конгрестерін өткізуді, қауымдастықтың Алматыдағы, Түркістандағы, Өскемендегі, Ақтөбедегі мектептерін ұйымдастырушылардың бірі. Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс мамандықтарының мемлекеттік стандарттарын жасау және осы мамандықтардың қоғамдағы мәртебесін арттыру бағытындағы үздіксіз қызмет те ғалымның басты ұстанымы болды. 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің жанынан «Әлеуметтік жұмыс» мамандығын ашу да Кеңес Үмбетжанұлының табандылығымен байланысты.
Ол қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қазақ тілінде әлеуметтану саласынан оқулықтар мен оқу құралдарын жазу ісіне де сүбелі үлес қосты. Кеңес Үмбетжанұлы әлеуметтану ғылымының жаңа салаларының қалыптасуына ұйытқы болды. Әсіресе әлеуметтік модернизация, тілдің әлеуметтік мәртебесі, әлеуметтік үдерістерді басқару, үлгілеу және болжау бағыттарынан жазған еңбектерінің маңызы айрықша.
К.Биекенов 2005 жылы «Жоғары оқу орындарының озық оқытушысы» грантын иеленді. Грант шеңберіндегі жеткен жетістіктері оның осы кезге дейінгі әлеуметтанулық ізденістерін тереңдетуге мүмкіндік берді. Ғалымның 400-ге жуық мақаласы мен 10 монографиясы, 7 оқулығы мен оқу құралы, социологиялық сөздігі – әлеуметтану ғылымының елеулі белесі.
Әлеуметтану саласында оқытудың амал-тәсілдерін, ерекшеліктерін қарастыратын К.Биекеновтің алғашқы еңбегі – 2003 жылы жарық көрген «Әлеуметтануды оқыту әдістері» атты оқу құралы. Бұл еңбекте қазіргі іргелі және қолданбалы әлеуметтануды оқыту мәселелері, әлеуметтанудың оқу пәні ретінде оқыту әдістері кеңінен қарастырылған. Жоғары оқу орындарында білім беру тәсілдері әлі де болса толық негізделіп болмағанын ескерсек, әлеуметтануды оқыту ерекшеліктері осы еңбекте ашып көрсетілгенін атап өту керек.
2005 жылы әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор М.М.Тәжиннің жалпы редакциялық басшылығымен Білім және ғылым министрлігі бекіткен жоғары оқу орны студенттеріне арналған екі томдық «Әлеуметтану» оқулығының жарық көруінің басы-қасында болып, басшылық жасаған да – профессор К.Биекенов. Бұл оқулық – әлеуметтану курсы бойынша әлеуметтік мәселелерді шетелдік және отандық әдебиеттегі кең ауқымды теориялық материалдар негізінде тұжырымдау, жүйелеу әрекеті жасалған алғашқы іргелі оқулықтардың бірі.
Кеңес Үмбетжанұлы 2006-2009 жылдары мемлекеттік «Мәдени мұра» бағарламасының «Әлеуметтану» секциясын басқарып, «Әлемдік әлеуметтану антологиясының» он томының жарыққа шығуына зор еңбек сіңірді. Аталған еңбектің нәтижесінде әлеуметтану теориясы классиктерінің еңбектері қазақ тіліне аударылып, әлеуметтанушы студенттердің қолдан түспес оқулықтарына айналды. Әлі де болса әлеуметтану ғылымы бойынша қазақ тілінде жазылған оқулықтардың, оқу құралдарының, ғылыми еңбектердің аздығын ескерсек, «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» осы олқылықты жою жолындағы елеулі қадамдардың бірі болды. Антологияда АҚШ, Батыс, Ресей әлеуметтанушыларының әлеуметтанудың осы кезге дейінгі даму бағыттары мен кезеңдерін анықтаған құнды еңбектері алғаш рет қазақ тіліне аударылды.
Ғалымның 2006 жылы жарық көрген «Қазақстан әлеуметтануының институционалдануы» атты монографиясының еліміздегі әлеуметтанудың ғылыми және әлеуметтік статусын айқындап, жүйелеудегі орны ерекше. Ұжымдық еңбекте отандық әлеуметтанудың даму кезеңдерінің сипаты, ерекшеліктері көрсетіле отырып, әлеуметтік құрылым, жастар әлеуметтануы, экономикалық әлеуметтану, саясат әлеуметтануы, отбасы әлеуметтануы және басқа да бағыттағы орта деңгейдегі әлеуметтанулық теориялардың дамуына ғалымдарымыздың қосқан үлесі сараланады. Бұл еңбектің студенттерге «Отандық әлеуметтану» курсын оқытуда ерекше маңызы бар. Әлем әлеуметтанушылары да осы еңбек арқылы Қазақстандағы әлеуметтанушылар, әлеуметтанулық теориялық зерттеулер туралы ақпарат алып жатыр. Сонымен қатар К.Биекеновтің 2010 жылы жарық көрген «Әлеуметтану тарихы» атты еңбегінде де қазақ тілінде әлеуметтанудың қалыптасуының әлеуметтік-теориялық жағдайлары жан-жақты қамтылған.
Қазіргі әлеуметтану ғылымын қазақ тілінде дамытудың басты мәселесі – негізгі түсініктер мен баламаларды бір ізге келтіру. Осы тұрғыда К.Биекеновтің М.С.Садыровамен 2007 жылы бірлесе жазған «Әлеуметтанудың терминологиялық сөздігі», 2011 жылы жарық көрген «Әлеуметтану: түсініктер мен баламалар» атты еңбектерінің орны ерекше. Бұл еңбектерде тек негізгі түсініктердің сипаттамасы мен аудармасына мән берілмейді, сонымен қатар шетелдік және отандық әлеуметтанушылар өмірбаяндары, әлеуметтанулық теориялық бағыттар кеңінен сипатталған. Еңбектің құндылығы да осында. «Жастардың тілдік әлеуметтенуі» еңбегінде Қазақстанда алғаш рет қазақ тілінің статусы, даму кезеңдері мен тілдік әлеуметтенудің ерекшеліктері мен одан туындайтын мәселелер, тілдің ғылыми және әлеуметтік мәртебесі әлеуметтанулық тұрғыдан зерттелген. Қазақстандағы үш тілділік саясатын жүзеге асыруда, тілдің қолданылу ауқымын арттыру жағдайында аталған еңбек ғылыми әдістемелік тұрғыдан ғылыми және практикалық ұсыныстар береді.
2010 жылы жарық көрген «Әлеуметтану тарихы» оқулығында әлеуметтану тарихының кезеңдері жазылған. Американың, Батыс Еуропаның белгілі социологтерінің еңбектері бірінші рет қазақ тіліне аударылып, олардың теориялары, тұжырымдары толық нақтылы берілген. Оқулықта әлеуметтану ғылымының көрнекті классиктерінің, осы ғылымның кірпішін қалаушылардың біраз шығармасы қазақ тіліне аударылып, оқулыққа енген. Г.Спенсер, О.Конт, Э.Дюркгейм, М.Вебер, Г.Зиммель, Ф.Теннис, П.Сорокин, Ф.Парето, Т.Парсонс, Лебон, Моска секілді ғалымдардың негізгі идеялары талданған. Бұл оқулықта социологияның әлеуметтік философияның, психологияның, мәдениеттің тағы да басқа ғылымдармен байланысы және әлеуметтік құбылыстардың көптеген мәселесі терең зерттелген. Аталған еңбектің құндылығы шығыс елдерінің әлеуметтанулық ойларын жүйеге келтіруінде. Соның ішінде әл-Бирунидің, Ибн Синаның, Ибн Рушдтің, Ибн Халдунның, Баласағұнның, Абайдың, Шәкәрімнің, басқа да ойшылдардың еңбектеріне әлеуметтанулық талдау жасалуында.
Ғалым қазіргі әлеуметтанудың дамуы туралы мынадай тұжырым жасайды: «Қазіргі әлеуметтану ғылымы эволюциялық негізде, эволюцияшыл ойшылдар еңбегінің арқасында қалыптасты. Ол адамзат қоғамын табиғи себептілік арқылы түсіндіреді. Әлеуметтану – қоғамның пайда болуын, дамуын, құрылымы мен әрекетін эволюция үдерісінде бірге әрекет ететін табиғи, өмірлік және психикалық себептердің әсерімен түсіндіруге бағытталған талпыныс». К.Биекеновтің «Әлеуметтану тарихы» атты еңбегінің құндылығы әлеуметтану білімін қалыптастырудың тарихи және әдістемелік алғышарттары берілгендігінде, сондай-ақ қазіргі заманғы жаңа әлеуметтанудың ғылыми базасын құрайтын өзекті сәттер мен теориялық-әдістемелік қағидаттардың баяндалғанында.
2013 жылы жарық көрген «Әлеуметтік болжау мен жобалау» атты еңбегінде отандық деректер негізінде болжаудың және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың қағидаттары, кезеңдері, түрлері мен әдістері жатық тілде жүйелі қарастырылған. Кеңес Үмбетжанұлы Қазақстан қоғамының әлеуметтік-гуманитарлық саладағы, атап айтқанда, білім, ғылым, медицина, әлеуметтану саласында болжау мен жобалау ерекшеліктері мен қолдану жолдары туралы толық сипаттама берген. Үлгілеуді әлеуметтік үдерістерді болжаудың құралы ретінде қарастыра отырып, синергетиканың әлеуметтік болжау құралы ретіндегі, тұрақты даму кезеңдерін зерттеудегі оның алатын орны талданған.
Қазақстан әлеуметтануының әлеуметтік құрылым, әлеуметтік үдерістер мен институттар, экономикалық социология бағыттарының дамуы Кеңес Үмбетжанұлы басқарған Ғылыми кеңес ғылым аясында жүзеге асты. Ғалым саясат әлеуметтануын, басқару әлеуметтануын, әлеуметтік институттардың әрекет етуімен қазіргі қоғамдағы әлеуметтік құрылым мен әлеуметтік үдерістерді зерттеумен байланыстырады. Сонымен қатар әлеуметтік саясатты мемлекеттің қызметі тұрғысынан зерттеуді үйлестірді. К.Биекеновтің айтуынша, мәдениет пен саясаттың өзара әрекеті формациялық деңгейде жүзеге асады. Әр тарихи кезең мәдениетінің өзінің саяси ерекшеліктері бар. Бұл үдерісте жалпы заңдылықтарды айқындай отырып, мәдениеттің дамуының көптеген жолы бар екенін әрқашан ескеру қажет. Адамның мәдени іс-әрекеті тек өткеннің мәдени құндылықтарын меңгерумен шектелмейді, адамның жаңа құндылықтарды өндіруге қабілеттілігімен де өлшенеді.
Әлеуметтік саланың даму өлшемдерін зерттеу және әртүрлі әлеуметтік топтарды әлеуметтік қорғаудың даму бағыттарын зерделеу де – ғалымның нысанасы. К.Биекенов – «Әлеуметтану» және «Ұлт тағылымы» журналдарының редакциялық алқа мүшесі. Ол 37 ғылыми жобаға, соның ішінде 13 халықаралық жобаға қатысты. Оның басшылығымен 10-нан астам ғылым докторы, 1 PhD мен 30-дай ғылым кандидаты дайындалды. Олардың барлығы – қоғамға белгілі тұлғалар, елдегі әлеуметтанудың дамуына үлкен үлес қосып отырған мамандар. Түркі елдері социологтерінің қауымдастығын құру бағытында да Кеңес Үмбетжанұлы белсенді еңбек етіп, әлі де ұйымдастыру комитетінің мүшесі қызметін атқарып келеді.
Ғалымның өмірлік, кәсіби жолы Қазақстанда әлеуметтану ғылымының қалыптасуымен тікелей байланысты. Бұл жерде ұстаздың шәкірттерге берер тәрбиелік шеберлігін де атап өту керек. Ғалым өз мінез-құлқымен, ойларымен, адамға деген, әсіресе жастарға деген ерекше көзқарасымен, ізеттілігімен ерекшеленеді. Қай мәселені де парасатты болжап шешу, адамға сыйластықпен, құрметпен қарау – Кеңес Үмбетжанұлының өмірлік ұстанымы. Ғалым өзінің ұстамдылығымен, адамға деген сенімділігімен, қарапайымдылығымен айналасын өзіне тартады. Ол кісінің шыдамдылығына қайран қаласыз. Кеңес Үмбетжанұлы – уақыт ағымынан, уақыт талабынан қалмай келе жатқан тұлға. Үнемі ізденісті, жаңалыққа құштарлықты да осы кісінің бойынан үйренеміз. Кеңес Биекенов – талантын қоғам мен мемлекет пайдасына бағыттаған, өз жолын дұрыс таңдаған бақытты адамдардың бірі. Ғалымның өнегелі жолы – білім-ғылым саласындағы жастарға үлгі.
Мансия САДЫРОВА,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы