«Алатау мен Қаратау түйіскен төр, мөлдірлік пен сұлулық сүйіскен жер» дейтін, бір таудың екіншісіне ұласатын аумақтағы Мархабат көкемнің Пістелі ауылына келе жатырмыз. Көкем Бозторғай асуының аузында дүниеге келгенмін дейтін. Асудың ішінде бозторғайлар кәдімгі жусанның, бетеге, шытыр, ерменнің түбіне ұя салатынын айтатын. Түркібасы төбесін таныдық, Жанымайдың жотасын жорамалдадық. Көкем жазған. Пістеліге апарар жол бойындағы Азаттықтағы қорымнан бозторғайдың шырылы естілгендей болды. Тыныштықты ерекше сүйетін құс та іздегенін көкемнің мәрмар тастан қашалып қабірінің басына қойылған кітаптан тапты ма екен? Қорымға аялдап, анасының қасына жерленген Мархабат көкеме арнап құран бағыштадық...
Қабір басындағы ой
Көке! Сол күнді есіме алсам, жүрегім ауырады. Сыздап. Ел коронавирус деген келімсек індетпен күресіп, әбігерге түсіп жатқанда денсаулығыңыз сыр берді. Індеттен амансыз. Бірақ бүкіл ағзадағы қан тамырларын қажетті қорекпен қамтамасыз еткенімен, өзінің тамыры аз жүрек шаршаған деді дәрігерлер. Сол күні қолыңызды қысып, амандасуға да рұқсат бермеді. Сақтық шараларын сақтап. Қазақтың сөз қолданысына зорлағандай болып енген «бетперде», яғни медициналық маска таққанбыз. Тәртіпке бағынып. Екеуміздің арамыз екі метрдей. Алыс. Жақындатпай тұрған ақ халатты абзал жандар ғана емес, аурухананың түсі көкшілдеу де суық қабырғалары. Аурасы.
Сіз бен біздің арамыз бір метрден асар-аспас. Жақын. Алыстатпай тұрған сіздің жылы да, мейірімді қос жанарыңыз еді. Сәл жымиған сәтте жүзіңізге үйірілетін мейірімді бетперде де жасыра алмады. Бұл сізбен соңғы жүздесуіміз екен. Жүрек шіркін бір жамандықты сезді ме, жанарға жас тығылды... Қабіріңіздің басында елес болып қайта оралған осы бір көрініс, түпсіз ой әрі қарай тереңіне сүйреп ала жөнелді.
Көке! Әсерлі әңгімелеріңіздің көптеген кейіпкерлері тұратын Н. уәлаятының халқы сізді іздейді. Әлі де. Сіз жиі баратын кітапханаларда арнайы ұйымдастырылған жиындарда зиялы қауым, оқырмандарыңыз еске алады. Сондай жиындарда жаным жабырқап, жүрегім жүдеп жымиып күлген жылы жүзіңізді көз алдыма елестетемін. Көңіл осындай кештерде сізді іздейді. Көптің арасынан. Арқамнан қаққан аялы алақаныңыздың табын сеземін. Кейде аңсаймын. «Көкем-ау», деп оңашада көз жасқа ерік берген кез де болды. Сағыныштан. Арқа сүйер адам іздегеннен. Сіз жазған «банктің иттері» емес, көреалмаушылық пен іштарлықтан айтақталған иттердің шәңкілі бүгінде жүйкені жұқартады. Сізбен әңгімелесу жұқарған жүйкені тыныштандырып қана қоймай, көп келеңсіздікті ұмыттырып жіберетін еді. Кез келген аудиторияны қарапайым ғана тілмен баурап алатынсыз, жиналған қауым ұйып тыңдап, терең ойға шоматын, ізгі әрекеттерге, жақсы істерге ұмтылатын. Осындай қасиеттеріңізді, терең білім мен шешендігіңізді билік те, біз де пайдаландық. Өзіміз бел ортасында жүрген, бірге атсалысқан немесе бастамашы болған бір-екеуін ғана айтып өтейін.
Жазушы, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын Жамбыл облысынан бөлек Түркістан өңірінде де атап өту – сіздің бастамаңыз еді. Бізге тапсырған болатынсыз. Шерағаның: «Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім... Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде ылғи Ақсу Жабағылыны көремін» деп жазғанын еске салдыңыз. Облысы бөлек болғанымен, жазушының туған жері Жуалы ауданының Түлкібаспен қойындасып жатқанын айтып, жақын тарттыңыз. Шерағаны. Осы іс-шараны өткізудің мән-жайын ақылдасуға ауылыңызға, Пістеліге барғанымызда ауырыңқырап отырсаңыз да жымия қарсы алдыңыз. Сценарийін жазып, «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» деген атауына дейін өзіңіз қойдыңыз. Өкінішке қарай, Шерағаңның 90 жылдығына арналған іс-шараның басы-қасында Мархабат ағаның өзі жүрсе, келелі жиында отырып естеліктерін айтса деген ойымыз арман күйінде қалды. Шерағаңды ұлықтайтын халықаралық іс-шараны желтоқсанның ортасына жоспарлағанбыз, Сіз ол күнге үш апта қалғанда келместің кемесіне мініп кеттіңіз. Сіздің ұсынысыңызбен. Шерхан Мұртазаның мұрасына арналған «Шыңдағы Шерағаң» атты естеліктер жинағы да жарық көрді. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының Түркістан облыстық филиалдарының атсалысуымен басылып шыққан бұл жинаққа екі естелігіңіз енді. «Шыңдағы Шерағаң» және «Шерағаң қайда жүр екен?..» атты естеліктеріңізді оқып, мұңайғанбыз. Жанарымыз жасаураған, жүрек сыздаған. Сол естеліктерді жазған сіздің жүрегіңізге түскен салмақтың ауырлығы өлшеусіз, өзіңіз ғана сездіңіз.
Жүрекке түскен алғашқы сызат, тамырларын жұқартқан «Әдебиет пәнінің періштесі» еді. Ұлыңыз Баубек Түлкібас ауданындағы Науаи атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бөлмесін көркемдеймін деп жүріп қайтыс болды. Бұл қайғылы оқиғаны сіз «Әдебиет пәнінің періштесі» хикаятында, әрбір сөзін жүректен өткізе, көз жасыңызды құрғата қағазға түсірдіңіз. Оны кейін тереңдей, еселей түскен жайттар да аз емес шығар. Шерағаң туралы жазған естелігіңізде, Әбіш Кекілбайұлының қазасын естігенде есеңгіреп қалғаныңызды айтыпсыз. «Көркемдіктің көкесі, көкем. Кемеңгерліктің кемелі, көкем. Әлемнің Әбіші ғой, көкем. Бүкіл байтағыңызды, оның ішінде Оңтүстігіңізді жаныңыздан артық көруші едіңіз-ау, көкем. Оңтүстігіңіз ойсыраған күй кешті, көкем. Шырайлы Шымкентіңіз шер кешті, көкем... Түркістаныңыз тұманытып, Әзірет Сұлтаныңыздың кесенесі күреңітті, көкем» дегенсіз. Егіліп, ебіл-дебіл жылағансыз. Шерағаңның қазасы да сізге ауыр тиді. «Шерағаң Шолпан жұлдызға жол тартты. Теңбіл Торғайы шырылдай ұшып, шығандай бастап барады. Ұлы Пайғамбарымыздың Ухуд тауындай көретін Тәңіртауыңыздың... баурайында тәніңіз тыншу табар. Ал асыл жаныңыз Таңшолпанның нұрына ұласар, көке!» дедіңіз. Оқып, терең күрсінгенбіз. Көкемен мәңгілікке қоштасу мен жоқтаудың өлшеусіз ауырлығы мен айтып жеткізе алмастай қиындығын сіздің қазаңыз ұқтырып кетті. Шерағаң екеуіңіздің араңызда тек шығармашылық емес, ағалық-інілік үлкен құрмет, сыйластық байланыс болды. Сіздің идеяңызбен үш жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыру мақсат етілген «Таупістелі тағылымының» осыдан төрт жыл бұрынғы халықаралық басқосуы «Шерхан мен Насыр бауында» тақырыбына арналған болатын. Пістелі ауылындағы бауға ширек ғасырдан астам уақыт бұрын заңғар қаламгерлер Насыр Фазыл мен Шерхан Мұртаза тал отырғызыпты. Пістелі жұрты Астана, Тараз, Алматыдан, көрші Өзбекстаннан келген қонақтарды зор құрметпен қарсы алды. Олар сіздің шаңырағыңызда балдай тәтті қымыздан ішіп, Шерхан мен Насыр бауының тарихына қанды. Аға буын өмірден көрген-білгендерін, түйген ойларын жастарға айтты. Шерағаның 90 жылдығын да осы бауға өңірдегі шығармашыл жастарды жинап, бастап бердіңіз. Пістелінің тамылжыған түн тыныштығын бұзып, шабыты шалқыған жастар өлеңдерін түн ортасы ауғанша оқыды. Қос тұлғаның еккен талдары құт болып дарып, бүгінде жайқалып өскен бауға айналған. Даңқты қаламгер Шерхан Мұртаза да сізді бауырындай жақын тартқанын жазбаларынан білеміз. «Киікотын көксеу» атты толғауында сіз туралы былай деді: «Бұл жазушыда Жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар. Қазір жазушымын деп шіренгендердің көбінің тілінде уыз кемшін. Уызға жарымай, Көк базардан көп шалап ішкендер. Бұл жазушыда Құдай өзі берген көз бар. Көз, әрине, бар. Ол кімде жоқ, адамдардың бәрінде дерлік бар. Шын жазушының көзі – көкірегінде. Ол маңдайға біткен екі көзден басқа-а-а. Жазушы сонысымен суреткер». Шерхан Мұртазаның осылай бағалауы көп жайтты аңғартады.
Өзіңіз «журналиссимус» деп атаған Байдулла Қонысбектің қазасы сізді тағы есеңгіретті. Қара шаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газетіне отыз жылға жуық еңбегі сіңген, облыстық телеарнаны жаңадан ашып, көркейткен, жас журналистерді тәлімдеудегі төккен тері өлшеусіз аға-досыңыздың қаралы жиынын жүргізу маған тапсырылып, алғашқы сөзді сізге бергенмін. Аппақ қағаздай қуарған жүзіңізді көрдім. Даусыңыз дірілдеп, қатты қиналдыңыз. «Енді, міне, көркем көкетайым менің, соғыс басталған 22 маусымда бақилық болдыңыз. Алғаш естігенде, сенбедім. Сенгім келмей, сенделдім. Ай, айналайын, аға-досым-ай! Бақұл бол. Ерте ме, кеш пе, маһшарда ұшырасармыз. Жаратқан ұлтымыз бен ұрпақтарымыз аман, еліміз есен, жеріміз бүтін болсын!», дедіңіз жұртты да, өзіңізді де жұбатып. Байекең алпысқа толғанда «Сол қол» деген тақырыппен баяндама жасағансыз. Пайғамбар жасын атап өткенде «Оң қол», одан кейініректе «Байдулла би» деп жаздыңыз. Ол соғыс басталған жылы, ал, сіз соғыс аяқталған жылы туғансыз. Жарасымды әзілдеріңіз жұрттың жадында. Бір кеште «Байеке! Тағы бір үлкен жаңалық ашылды. Қарап отырсақ, сіз 1 қыркүйек, алғашқы қоңырау күні дүниеге келіпсіз, ал, мен 25 мамыр – соңғы қоңырау сыңғырлар күні туыппын» дегенсіз әзілдесетіндеріңізден хабардар әлеуметті күлдіре. Жүрегіңізге салмақ түсіріп, сызат салған тағы бір жәйт – еңбегіңіздің бағаланбағаны еді. Сіз атақ-мансапқа мүлде қызықпайтынсыз, бірақ Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған еңбегіңіздің лайықты бағасын алмағанына қатысты көңіл-күйді жүректен өткізе сыртқа шығармадыңыз. Әсіресе, екінші мәрте ұсынылып, ақтық сөреге дейін бір топ ақын мен прозашылардан бір өзіңіз келдіңіз. Еңбегіңіз ақтық сәтте тізімнен сызылғанында қазақ прозасына қиянат жасалғанын айтушылар көп болды. Қайран жүрек әділетсіздікке шыдады, жеңді, шабыт берді. Бірақ сол күндері түскен сызаттың тереңдігі кейінірек білінді. Көке, қалың оқырманыңыз тізімнен сызған жоқ, еңбегіңізді әрдайым жоғары бағалады. Нәтижесінде, Халықаралық «Алаш», «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы атандыңыз.
Түркі әлеміне төккен тер
Көке, сіздің «Түркілер төрі – Түркістан» атты жаңа жинағыңыз 75 жас мерейтойыңыздың қарсаңында жарық көрді. Рухани, жанашыр ініңіз, һәм жерлесіңіз Дархан Қыдырәлі тізгінін ұстаған Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған кітапта Түркістан ғана емес, оның айнала-төңірегіндегі өзге де қалалар мен қамал-қорғандардың, кенттердің ежелгі және бергі замандардағы тағдыр-талайы, өңірдің табиғаты, таулары мен даласы, даңқты тұлғалар, билеушілер, өзге де қайраткерлер, қаламгерлер туралы баяндадыңыз. Жинақта барлық жағдаяттар көркем-тарихи тұрғыда, Елдостың эсселері ретінде тартымды да әсерлі әңгімеленді. Осы жинақ Қыздаркүл жеңшемнің қамқорлығымен бастан-аяқ Пістеліде жазылды. Екі биені байлап, қымызбен қуаттауымен. Сол кітаптың «сигнальный» дерлік данасын әкеп берген сәт есімде. Ол да бүгін сағыныш. Бүгінде облыс орталығы – Түркістан қаласының әкімі ретінде іскерлігімен танылып жүрген Нұрбол Тұрашбеков Түлкібас ауданының тізгінін ұстап тұрған тұста сіздің 75 жасқа толуыңызға орай безендірілуі бөлекше сәкі жасатып, сыйға тартқан болатын. Беткей мен баудың арасын қосатын баспалдақтарына дейін орнатып берген-ді. Сәкіге апарар баспалдақтар саны алдын ала жоспарланбаса да, қорытынды есеппен 75 болып шыққан. Иә, сіз 75 жасқа толғанда, дәл туған күніңіз – 25 мамырда «Түркілер төрі Түркістан» жинағыңыздың баспахананың бояуы кеппеген алғашқы данасын нақ осы сәкіде табыстаған едім. Марқайып қалдыңыз. Сәкіде отырып, ұзақ сырластық. Сұраныстың көптігінен сәл кейінірек баспадан қайта басылып шыққан «Түркілер төрі Түркістанның» тұсаукесерін 75 жасқа толу мерейтойыңызбен байланыстырып, Халықаралық қазақ-түрік университетінде бес бірдей шет мемлекеттің зиялы қауымы, Парламент депутаттары, облыс басшылығы қатысуымен дүркіретіп өткізу, сол халықаралық жиынды жүргізу, ұйымдастыру бақыты біздей пақырыңызға бұйырғанын мақтанышпен айтып жүрміз. Сол іс-шарада Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің жазушылары, әдебиеттанушылары сөз сөйлеп, Түркістанның тарихына, оның мән-маңызына қатысты құнды пікірлерін ортаға салды. Бүгінде 19 эсседен тұратын «Түркілер төрі – Түркістан» қытай тіліне аударылған, алдағы уақытта ағылшынша шықпақ. Сол кезде ақпарат құралдары әдебиет әлемінде өзіндік өрнегі бар, туындылары көптеген шет тілдеріне аударылған сіздің тамырлас, тағдырлас елдер әдебиетінің дамуына қосқан сүбелі үлесі жоғары бағаланып, «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлығымен марапатталғаныңызды сондай-ақ, шығармаларыңыз Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, 60 мың данамен таралған қазақ прозасының антологиясына енгенін еске сала жарыса жариялап жатты. Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай «Түркілер төрі – Түркістан» түркі тілдеріне аударылуы тиістігін айтты.
Сіздің ел қолдаған, жас таланттарды ынталандырған, үлгі-өнегелік бастамаларыңыз көп еді. Түлкібастағы ғажап қызғалдақтар өсетін Шұбайқызыл төбенің қазақы атауын қайтарып, «Шырайлым – Шұбайқызылым» деген алғашында аудандық, кейін облыстық, республикалық деңгейде үлкен байқаулар өткізуде бастамашы болдыңыз. «Мархабат -Мирас» қоғамдық қоры арқылы талай жас таланттың жолын аштыңыз. Жетпіске толғаныңызда Жеңістің 70 жылдығына орайластыра Шымкенттен – Шұбайқызылға жаяу шеру ұйымдастырдыңыз.
Мархабаттану орталығы ашылар...
Көке! Есіме өзім бір жылдары жазған өлең жолдары түсіп отыр.
«Өмір теңіз, ал уақыт қайығың,
Жаралғанбыз біздер ескек есуге,
Аз-көп ғұмыр кешу емес айыбың
Сол ғұмырды қалай,
қайтып кешуде»
деп жазыппын. Қалай, қайтып ғұмыр кешуді көрсете білген – өмірі өнегелі, қазақ әдебиетінің ғана емес, түркі әлемінің руханияты үшін бренд саналатын, қайталанбас қолтаңбасы бар қаламгер Мархабат Байғұт еді. Бүгінде сіздің жаныңызда болған әр сәтімізді мақтанышпен, сағынышпен еске аламын. Сіздің шығармашылығыңызға арналған «Мархабат музасы» атты жинақты шығаруға атсалысқанымызды, авторлық жобаңыз – «Таупістелі тағылымы» іс-шараларында бірге жүрген күндерді сағынышпен еске аламын. Иә, енді бәрі де өткен шақ. Бәрі сағыныш. Сол сәттерде, қасыңызда болған күндері өмір жолыңыз, кешегі күндер, әдебиет туралы айтқан әңгімелеріңіз де жадымда жаттаулы. Екінші сыныпта еркелетіп жүрген әкеңіздің қайтыс болғанын айтып, мұңайдыңыз. Бесінші класта 3-кластың әдемі бір қызына ғашық болғаныңызды айтып, жымидыңыз. Сол жылы, сол қызды қорғап жазған мақалаңыз «Қазақстан пионері» газетіне шығып, бүкіл ауыл білгенін, мектеп басшылары журналист баланы орталарына алғанын айтып, күлдіңіз. Сонда сізді әдебиеттен беретін мұғалім қолдап, қанаттандырған екен. Бесінші сыныпта қаламның құдіретін сезініп, мектепте «корреспондент бала» атандыңыз. Аудандық газетте алты жыл істедіңіз. Шымкентке Түлкібастан барып-келіп, қысы-жазы, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 10 жыл 10 ай еңбек еттіңіз. Үйсіз төрт жарым жыл жүрдіңіз. Бес күн Шымкентте боласыз да, екі күнге автобуспен ауылға қайтасыз. Одан екі тілде де газеттерге талдау жасай алатын сізді қызметке обкомға шақырды. Жұрт жете алмай жүрген жерден қашып шыққандай әрең құтылғаныңызды айтып, жымидыңыз. Жазушылар одағының облыстағы филиалын басқардыңыз. Ақпарат, қоғамдық келісім, кейін қайта ашылған Тіл басқармаларына басшы болдыңыз, сізді әрдайым Оңтүстіктегі жас қаламгерлер ұстаз санады. Мысалы, айтулы ақын Әбілда Аймақ «Дидар» газетінде 1997 жылы жарияланған «Алдымда жүрсе – қамқоршым» атты мақаласында: «Кірпіш қалап, лай тасып, там сылап жүрген жерімнен «балағыңның биті бар екен», деп Жазушылар одағына қызметке шақырып, үлкен үміт артып еді маған. Махаңның жан дүниесін ұғына, алдында «қорқатын болдым». Үмітін ақтай аламын ба деп, қарап жүріп сасатын болдым. Осы күні Махаңмен қызметтес болғанымды, қиын жолда сол кісіге кездесіп, тәлім алғанымды мақтаныш етемін», деп жазыпты. Сол жылдардағы ахуалдан жақсы хабардар, сізді етене танитындар әкімдердің елдегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды жан-жақты жақсы білетін, мемлекеттің ұстанып отырған саяси бағыт-бағдарын терең пайымдайтын, ойды, идеяны дөп беретін, дәл жеткізетін сізді өздері тауып алатынын айтады.
Көке! Ел газеті «Егемен Қазақстандағы» үш облыс бойынша арнаулы тілші болып істеген жылдарыңыз біз үшін үлкен мектеп еді. Сол мектептен сабақ алуға қызығушылығымның соңы ел басылымы «Егеменде» жұмыс істеуге мені де жетелеп әкелді. Сіздің жазғандарыңыздан үйрендік, үлгі алдық, ұқсап бақтық. Бүгінгі жазуымыз да «болмасаң да ұқсап бағудың» бір көрінісі. Бір кездесуімізде журналист болып, әдеби шығарма жазуға аз уақыт бөлгеніңізді айттыңыз. Негізінен сенбі, жексенбіде жаздыңыз, басқа уақытта күнделікті жұмыстан қол тимеген. Сосын еңбек демалысын пайдаландыңыз. Таңғы алты жарымда тұрып, серуенге шығасыз жүгіретінсіз. Кешке де соны қайталап, үйде сәл-пәл спортпен айналысатыныңызды білдік. Соңғы жылдары жазуды азайтқаныңызды айтып, күрсіндіңіз. Забайкалье әскери округінде азаматтық борышыңызды өтеп жүріп жазған ең алғашқы әңгімеңіз «Күн астындағы Күнікей қыз» туралы айттыңыз. Марал бағатын, қазақ қызына ұқсайтын сұлудың бейнесі көз алдыңызға келген болар, күлімсіредіңіз. Тұңғыш әңгімелер жинағыңыз «Шілде» төрт жыл баспада жатып, 1978 жылы шықты. Араға екі жыл салып «Сырбұлақ» кітабыңыз жарық көрді. Қалың оқырман қауым «Интернаттың баласы», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі» десе, елең ете қалады. «Әпкемнің ауылы» атты әңгімелер жинағыңыздың Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық екенін айтушылар да аз болған жоқ. Еліміз тәуелсіздік алған кезеңді суреттейтін 19 әңгімеңіз енген «Оқу залы» кітабыңыз да жоғары бағаланды. «Бозторғайдың ұясы», «Жоғалған Жұрнақ», «Көксу комедиясы», «Асқаровтың аққайыңдары» драмаларыңыз театр сахнасында қойылды. Жалпы сыншылардан да, оқырмандардан да өз бағасын алған он шақты повесіңіз 100-ден астам әңгімеңіз бар екен. Мектепте жүріп өлең де жазғансыз. Өлең демекші, Таупістелінің төрінде, қыр басында отырып өзіңіз шығарған «Ақтолғай» әнін үнтаспадан тыңдадық. Тағы бір қырыңызды таныдық. «Егемен Қазақстанға» шыққан «Қош бол, кітап!» деген әңгімеңізге пікір айтушылар көп болды. Қоңырау шалғандардың да қарасы қалың. Сол әңгімеде сіз жазу стиліңізді өзгерттіңіз. Алдымен ұзақ қылып жазып алып, сосын бәрін сығып-сығып жартылай қысқартыпсыз. Жұрт соны жақсы қабылдағанын, оқырманға икемделген соң оның сәл-сәл әсері болатынын байқағаныңызды айттыңыз. Бірақ тек солай жазып кетуге тағы болмайтынын, онда қазақтың көркем сөзінің құнары жүдейтінін ескерттіңіз. Повестің өзін қысқа жазасыз. Орта жолды ұстана отырып, оқырман талабын да ескеріп, жаңа ізденістерге де баруға кеңес бердіңіз. Бізге. Стиль демекші, сізде Бейімбеттің стилі барын айтушы сыншылар аз емес. Иә, сіз Бейімбет Майлинді әр шығармаңызды жазардың алдында қайталап оқитынсыз. Бердібек Соқпақбаев, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Қарауылбек Қазиев, Сайын Мұратбековтің туындыларын жиі оқитын едіңіз. «Ағылшын жазушысы Сомерсет Моэмнің «Ай мен ақша» деген туындысын жақсы көремін. Өзім «Бетінде әжімі көп дүние жүзінде екі-ақ жазушы бар. Бірі – Сомерсет Моэм, екіншісі – мен», деп әзілдейсің. Марк Твенді, Эрнест Хемингуэйді жақсы көремін. Орыстардан Чехов пен Шукшинді, Распутинді көп оқыдым. Қай-қайсысы да мықты жазушылар», деген едіңіз бір кездесуде. Сізбен өткен әр кездесу, әр минут мен үшін үлкен сабақ, құнды да қымбат сәттер еді, көке! Өзіңіз жаныңыздай жақсы көретін Пістелі, жағасын аралап көп жүретін Көкбұлақ өзені, жиі шығатын Құлбайшоқы бүгінде жетімсіреп тұрғандай...
Қазақ әдебиеті бар кезде сіздің шығармаларыңыз, әдебиеттегі ешкімге ұқсамайтын, өзіндік өрнегі бар соқпағыңыз өлмейді, өшпейді. Биігіңіз аласармайды. Шығармаларыңыз әлі зерттелер, ол үшін шырайлы Шымкентіңізде немесе Түркілер төрі Түркістаныңызда Мархабаттану орталығын ашу да қажет болар.
«Әдебиет пәнінің періштесінде» Баубек: «Маһшарда біз табысармыз, жан әке. Сағынышқа оранып. Сіз сағыныштың түсі сары болады деуші едіңіз өзгелер секілді. Ал мен баяғыша, сағыныш дегеніңіздің түсін теңіздің толқын суындай көгілдірлеу-күреңдеу күйде сезінетінмін. Ол жақта мына жалған дүниеден басқашалау болар. Шынында да, шын дүниеде қандай екен сағыныш?...
Ақ дидармен аңсарлы... Арсалаңдап, алдыңыздан шығармын-ау, жан әке... Күлім-сі-і-і-і-р-р-рееп..» дейді. Ұлыңызбен табысқан да боларсыз, көке!..
Рухыңызбен сырласқан рухани ініңіз –
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ