Заңға да, халықаралық стандарттарға да қайшы екендігіне қарамастан, елімізде ауық-ауық көтеріліп жүрген мәселе бар. ЕАЭО регламенті мен Дүниежүзілік сауда ұйымы құжаттарында азық-түлік өнімдерінде трансмайларды пайдаланудың рұқсат етілген мөлшері – 2% болса да, Қазақстанның май өнімдерін өндірушілердің салалық одақтарының бірі реттеуші мемлекеттік органдардан трансмайларды 20%-ға дейін пайдалануға рұқсат беруді тағы да сұрап отыр.
Бұл халықтың денсаулығына тікелей қатысты болғандықтан, биыл «Трансмай несімен қауіпті» («Egemen Qazaqstan», 31 наурыз, 2023 жыл) тақырыбында сұхбат жүргізіп, бірнеше айдан кейін «Ағзаға зиян трансмай мөлшерін қалай азайтамыз?» («Egemen Qazaqstan», 2 маусым, 2023 жыл) деген тақырыпта мақала жазғанбыз. Бұған да маргарин мен спредтердегі гидрогенезделген майларды қазіргі 2%-дан 20%-ға дейін көтеруді ұсынған БАҚ-тағы мүдделі ақпараттар себеп болған еді.
Тіпті мамыр айында бизнесте пайда табуды көздейтін осы мүддені тоқтату үшін Елордада «Тамақ өнімдеріндегі трансмайлар мен қалдық ветеринариялық препараттарды ұлттық және халықаралық нормалау» деген тақырыпта дөңгелек үстел де ұйымдастырылды.
Мамандар азық-түлік өнімдерінде адам ағзасына аса зиянды май қышқылдарының трансизомерлерін көбейтудің кесірі орасан болатынын айтып, дәлелдерімен дәйектеп берсе де, сол бір Одақтың ұсынысынан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да ұйымдар бұл идеяның заңсыз әрі мағынасыз екеніне қарамастан белсенді түрде не қайта талқылай бастады?
Бірнеше айдан бері Денсаулық сақтау министрлігі мен «Атамекен» ҰКП алаңдарында май өнімдерін өндірушілердің салалық одақтарының бірінің ұсынысы төңірегінде пікірталастар жүріп жатыр. Одақ денсаулыққа аса зиянды екендігін біле тұра, азық-түлік компанияларына өз өнімдеріне рұқсат етілген 2%-дың орнына 20%-ға дейін трансмайларды қосуға рұқсат беруді ұсынады. Бұл идея өндірушілерге табиғи шикізат шығындарын күрт төмендетуге және олардың пайдасын арттыруға мүмкіндік береді-мыс.
Дегенмен Қазақ тамақтану академиясының жетекші маманы, ЕАЭО техникалық регламенттеріне өзгерістер енгізу жөніндегі ҚР жұмыс тобының мүшесі Ирина Краснова бұл ұсыныстың заңды күші жоқ екендігін алға тартып отыр. Себебі Қазақстан бұл мәселеде халықаралық міндеттемелерден аттап кете алмайды. ДСҰ мүшесі ретінде біздің ел санитарлық және фитосанитарлық шараларды (СФС) қолдану туралы Келісімге қосылуға міндеттеме алған және бұл Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше барлық мемлекет орындауға міндетті құжаттар пакетінің бөлігі.
«СФШ келісімінің талаптарына сәйкес ДСҰ-ға мүше барлық елдің ұлттық стандарттары халықаралық стандарттармен, атап айтқанда, «Кодекс Алиментариус» комиссиясы, Халықаралық эпизоотиялық бюро сияқты халықаралық ұйымдардың талаптарымен, сондай-ақ өсімдіктерді қорғау жөніндегі халықаралық Конвенцияның ережелерімен үйлестірілуі тиіс. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының адал қатысушысы ретінде бұл жұмысты көптен бері жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта ҚР-да халықаралық стандарттармен және жоғарыда аталған ұйымдардың талаптарымен үйлестірілген қауіпсіздік нормативтері қолданылады. СФШ келісімі, егер олар қажет деп санаса, елдерге санитарлық және фитосанитарлық қорғаудың ішкі деңгейін белгілеуге мүмкіндік бере алады. Бірақ халықаралық құжаттар талабынан да асып түсетін қорғанудың қатаң деңгейі қажет. Яғни, Қазақстан, тиісті ғылыми негіздемесі болса, халықаралық ұйымдар көздегеннен де гөрі неғұрлым қатаң стандарттарды қабылдай алады, атап айтқанда, өндірушілерге ДСҰ нормаларымен рұқсат еткеннен аз трансмайларды қолдануға рұқсат ете алады: мысалы, 2% орнына 1%-ға ғана рұқсат беру немесе Дания, Австрия, Швеция, Исландия, Норвегия және Финляндиядағыдай трансмайларды пайдалануға толық тыйым салуға болады», дейді Ирина Краснова.
Бұл жерде ДСҰ шеңберінде қолданыстағы трансмайлар бойынша халықаралық шектеулер Қазақстан Республикасы кіретін Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентімен де үйлестірілген. Біз, ДСҰ нормалары сияқты, өз аумағымызда техрегламенттерді сол немесе басқа өнімге бөлек өзгерте алмаймыз. Бұл ЕАЭО-ның барлық мүшелері осы техрегламентті өзгертуге дайын болған жағдайда ғана жүзеге асады және ол үшін талқылау мен келісудің ұзақ мерзімді және мұқият рәсімінен өту қажет. Бірақ ЕАЭО-ның басқа елдері мемлекеттің басына төнетін барлық имидждік тәуекелдермен қоса, халықтың өмір сүру ұзақтығының қысқаруына қауіп төндіретін осындай қым-қиғаш қиғаларға араласқысы келмейді.
Редакциямыз пікір сұраған кезекті сарапшы, «Қамқор» жеке адвокаттық кеңсесі» мекемесінің заң компаниясының өкілі Игорь Корсунов та осы пікірді айтып отыр.
«ҚР Конституциясына, сондай-ақ құқықтық актілер туралы ҚР Заңына сәйкес Республика ратификациялаған халықаралық шарттар ҚР заңдарынан басым. Халықаралық деңгейде ЕАЭО елдері тиісті техникалық регламентті қабылдағанын ескерсек, ҚР заңдары талаптың деректеріне қарсы келе алмайды», дейді құқықтанушы-заңгер,
Өз кезегінде, Қазақ тамақтану академиясының вице-президенті, көрнекті ғалым-нутрициолог, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Екі Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Синявский қазір Қазақстанның барлық тұрғындарына таңуға тырысып жатқан идеяның қауіптілігі неде екенін былай түсіндірді:
«Трансмайлар – жүрек пен қан тамырларына, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіретін өнім және адамның өмірін едәуір қысқартады. Сондықтан тамақ өнімдеріндегі трансмайлардың рұқсат етілген мөлшерін көбейтуге (10 есеге!) бола ма деген сұрақ бірде-бір өркениетті елде тіпті күн тәртібінде тұрмайды.
Мәселе мынада: сутектендірілген майлар (өнеркәсіптік трансизомерлер немесе трансмайлар) денсаулыққа өте қауіпті, бұл әлемдік клиникалық тәжірибеде баяғыда дәлелденген. Елімізде онсыз да жүрек патологиясы бойынша көрсеткіштер өте нашар: «жүректен» болған өлім-жітім дамыған елдерге қарағанда екі есе жоғары, қант диабетіне шалдыққандар қатары көбейіп, бұл дертке жастар да душар болып жатыр, артық салмақ, семіздік көбейіп барады. Сарапшылар мұның бәрі трансмайлары бар тағамдарды тұтынумен тікелей байланысты екенін айтудай айтып келеді. Мемлекет ең алдымен ұлттың денсаулығына, адамдарды зиянды тағамдардан қорғауға қамқорлық жасауы керек. Біреудің бизнесі мен саудадағы мүддесіне жеңілмеу керек. Әрине, трансмайлар коммерциялық тұрғыдан өте тиімді, арзан компонент екенін түсінеміз, бұл тек өндірушіге танымал кондитерлік өнімдер мен май өнімдерінің құнын едәуір төмендетуге мүмкіндік береді», дейді Юрий Синявский.
Сарапшылар қолданыстағы регламенттегі кез келген өрескел заң бұзушылықтар Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан қатаң қадағалап отыруы тиіс екенін айтып отыр. Бұдан шығатын қорытынды, трансмайлар жөнінен техрегламентке бағынбау – миллиондаған тұтынушылардың денсаулығына үлкен зиян келтіретіндіктен, бақылау органдары қолданыстағы техрегламентті сақтамайтын азық-түлік компанияларын қатаң жазалауы керек.
Қысқасы, сарапшылар қолданыстағы техрегламенттер мен халықаралық келісімдерге қарамастан «қазір стандарттарды біржақты тәртіппен қабылдап, өзгертеміз және кәсіпорындардың кондитерлік өнімдеріне немесе спредтер мен маргариндерде зиянды трансмайларды көбірек пайдалануға мүмкіндік береміз» деген мәселенің өзі құқықтық тұрғыдан мүлдем заңсыз екендігін айтумен келеді. Осы мәселені талқылаудың өзі бірнеше айдан бері мемлекеттік органдар мен ұйымдардың алаңдарында жүргізіліп келе жатқандығы – процеске қатысушылардың заңнан мақырұм екендігін көрсетеді.
АЛМАТЫ