• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Театр 27 Қыркүйек, 2023

Грузия қошеметі

220 рет
көрсетілді

Грузия еліне алғаш рет өнер сапарымен барған «Астана Опера» ұжымы Тбилисиден табысты оралды. Ш.Руставели атындағы Ұлттық мемлекеттік академиялық театр сахнасындағы «Тбилисидегі дала үні» концертін шетелдік көрермендер зор қошеметпен қарсы алды. Қазақстандық авторлардың туындылары мен әлемдік музыкалық жауһарлар енген бағдарлама тыңдарманын тебірентпей қоймады.

Ұлттық музыка – елдің мәдениетімен танысудың тамаша тәсілі. Осыны ескерген бағдарлама авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұ­хитдин отандық композиторлардың туын­дыларына айрықша көңіл бөлді. Алғаш рет «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуімен опера труппасының орындауында М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» опе­ра­­сынан үзінділер, Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы» сюитасынан «Қыз қуу» симфониялық скерцосы, Абайдың «Айт­тым сәлем, Қаламқас» әні, С.Мұха­мед­жановтың «Айсұлу» операсынан Серке каватинасы Тбилисиде шырқалды.

Театр ұжымы ұлттық музыкамен қатар, әлемдік классикадан – Дж.Пуч­чинидің «Тоска» және «Турандот», Ж.Бизенің «Кармен», Дж.Россинидің «Жібек саты», Ж.Оффенбахтың «Гоф­ман ертегілері», Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операларынан және та­ғы басқаларынан танымал әрі көп­ші­лік ұнататын ариялар мен дуэттер ұсынды. Қазақстандық әртістер мен му­­зыканттардың грузин ұлттық клас­сикасы саналатын В.Долидзенің «Кето мен Котэ» операсынан Биді және З.Па­лиаш­вилидің «Даиси» операсы­нан дуэтті орындауы тбилисилік тыңдар­ман­дар үшін керемет тосын сый болды.

Көрермендер «Астана Операның» же­текші солистері, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Жанат Шы­­бықбаев, Медет Шотабаев, Мейір Байнешке, сондай-ақ халықаралық және ұлттық байқаулардың лауреат­тары Гүл­жанат Сапақова, Татьяна Ви­цинская, Евгений Чайников, Ержан Саипов, Артур Габдиевке қошемет көрсетті. Е.Ха­санғалиевтің «Атамекен» рухты әнін барлық әртістің орындауы кештің жар­қын қорытындысы болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Грузиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен өткен концерттің режиссері ретінде Еренбақ Тойкенов тер төкті.

– Бүгінгі керемет кештен алған әсерім де, таңданысым да ерек. Өйткені мен бүгін қазақ музыкасымен таныс­тым. Сахналық костюмдердің көпшілігі грузиялық су­ретшінің қолынан шық­қаны да марқайтып тастады. Жалпы, труппаның әсіресе грузин әндерін асқан шеберлікпен шырқаған талантына тәнті болдым. Осы музыкалық кештен кейін олар мендей жалындаған көрерменге ие болды. Сіздер біздің жаққа жиі келеді деген сенімдемін. Өйткені мұндай тамаша өнер көрсетуді жалғыз мен ғана емес, келесі жолы отбасы, дос­тарым да көрсе, тыңдаса екен деймін. Қай жерде өнер көрсетсе де, «Астана Опе­ра» театрының жанкүйерімін, – деді гру­­зин телевизиясының журналисі Нино Рамишвили.

Қазақстандық ұжымның көрсеткен өнері талғампаз көрерменнің де көңіліне зор серпіліс сыйлады. Оны концерттен шыққаннан кейінгі тыңдармандар таңданысы қуаттады:

 – Жүрегіме жылу берген осынау тамаша концерт өмір бойы жадымда жатталары сөзсіз. Әсіресе домбыраның жанды дауысы ерекше әсер етті. Залда отыр­ғандардың көпшілігі осы ас­пап­тың дауысын алғаш рет естіп отыр. Әртіс­тердің кәсіби біліктілігі көңілге құрмет орнықтырады. Бәрекелді! – деді концерттен кейін өз әсерімен бөліскен Давид Бисеишвили.

Ш.Руставели атындағы Ұлттық мем­лекеттік академиялық театрының тарихи сахнасындағы «Тбилисидегі дала үні» концерті «Астана Операның» XI театр маусымындағы алғашқы гастрольдік өнер көрсетуі болды. Театр басшылығы атап өткендей, грузиялық көрермендер қошеметіне бөленіп, елге табысты оралған «Астана Операның» әртістері мен музыканттарын алда отандық және шетелдік классикалық өнер жанкүйерлерімен тағы да көптеген жарқын жүздесу мен керемет кездесу күтеді.