Мемлекет басшысы ел экономикасын ілгерілетуде ауыл-аймақты дамытуға ерекше ден қойып отыр. Бұл бағытта да Үкіметке «Ауыл аманаты» жобасын ары қарай жандандыру туралы нақты тапсырмалар жүктеді.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеруге бағытталған Жолдауда да халық көкейінен шығатын ақжолтай мәліметтер аз болған жоқ. Президент ел азаматтарының табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді Үкіметке тапсырды. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға оң септігін тигізетіні анық. Жалпы, кейінгі бес жылдағы Президент Жолдаулары бір-бірімен бітеқайнасып жатыр. Өткен жылы бастау алған саяси жаңғыру жұмыстары үлкен экономикалық өзгеріске ұласты.
Осы орайда «Amanat» партиясы Мемлекет басшысының әрбір Жолдауда әр салаға қатысты айтылған тапсырмаларын негізге ала отырып, қоғамның, елдің дамуы үшін ауқымды жобалар ұсынып, соның негізінде қыруар жұмыс атқарып келеді. Жолдауда партиялық жобалар да қолдау тауып отыр. Мәселен, «Жер аманаты» жобасы аясында игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл – «Жер аманаты» комиссиясы жұмысының нақты жемісі. Облыста аталған комиссияның күшімен өткен жылы 113 мыңнан аса гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, жыл басынан бері 68 мың гектар жер қайтарылды. Алдағы бес жылда игерусіз жатқан тағы 190 мың гектар жер қайтарылады.
Облыста ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болып жатқан жоба жайлы айтар болсақ, бүгінде облыста бағдарлама бойынша өңірдегі ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 8,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жоба аясында бүгінгі таңда облыс бойынша жалпы сомасы 2 млрд 668 млн теңгеге өтінім мақұлданды. Бүгінгі күнге ауыл тұрғындарына 664 млн теңгеден аса сомада 98 шағын несие берілді.
Несие алғанмен оны дұрыс игере алмай, мақсатсыз жұмсаудың салдарынан халық қарызға батып жатыр. Құжатта бұл мәселе де Президенттің назарынан тыс қалмады. Табысты өмір сүрудің кілті тек ақша табуда емес, үнемдей білуде. Бұл – баршаға аян қағидат. Қазір бүкіл әлем үнемдеуге бет бұрып отыр. Ол су ресурстарынан бастап, қарапайым отбасы табысын үнемдеуге де қатысты. Біз де осыны үйренуге тиіспіз. Тұрғындардың кредитті шамадан тыс алуы да Президентті қатты алаңдатып отыр. Бүгінде миллионнан астам отандасымыз несиесін төлей алмай жүр. Мемлекет басшысы бұған да нақты жауап берді. Осы орайда азаматтарды жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытудың ауқымын кеңейтуді тапсырды. «Amanat» партиясы бұл жұмысты бастап кетті. «Қарызсыз қоғам» жобасының алғашқы нәтижелері көңіл көншітерлік. Президент бұл жобаны Үкіметпен бірлесіп іске асыруды тапсырды.
Осы орайда, аталған жоба Алматы облысында да өз жұмысын белсенді жалғастырып жатқанын атап өткім келеді. Алғашқы аптаның нәтижесін көріп, халықтың жобаға деген жоғары қызығушылығын байқадық. Жыл соңына дейін өңірде 9 мыңға жуық азаматтың қаржылық сауатын арттыру жоспарланған. Жоба аясында қазіргі таңда 5 мыңнан аса тұрғын қаржылық сауатын арттырды.
Жолдаудың тағы бір жетістігі, елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Өйткені, су мәселесі еліміз үшін аса өзекті. Алматы облысында да судың сапасы мен халыққа қолжетімділігіне қатысты мәселе көп. Енді суға қатысты барлық мәселені шешу осы ведомствоның мойнына жүктеледі. Өңірдің шаруалары жаңадан құрылған министрліктен көп үміт күтеді. Жыл сайын өңірде егін алқаптарын суаруға қажетті мөлшердің тең жартысы ысырап болып жатады. Арықтар мен ирригациялық жүйелердің тозығы жеткен. Сондай-ақ егіншілер де тамшылатып суару әдісін қолдана бермейді. Ал Іле ауданында орналасқан «Сорбұлақ» су қоймасының техникалық мүмкіндігі толық игерілмей келеді. Қоймадағы сумен 10 мың гектардан астам жерді молынан суаруға мүмкіндік бар. Алайда, қазір суарылатын егістік көлемі үш мың гектарға да жетпейді. Ал жасанды көлге 1 млрд текше метр су сияды.
Жолдаудан түйген басты ой – тиімділік. Біз осы тапсырмалардың бәрін жүйелі әрі тиімді орындасақ қана нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Тиімді экономика қалыптастырып, игіліктеріміздің бәрін – жер, су, табиғи байлықтарды әділ де тиімді пайдалануымыз керек. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты артып, мемлекетіміз өркендейді.
Қуат БАЙҚОЖАЕВ,
«Amanat» партиясы
Алматы облыстық
филиалының төрағасы