• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2010

ҮКІМЕТ ӨҢІРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТПЕК

449 рет
көрсетілді

Кеше республика Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен еліміздің шығысында болды. Оның бұл сапары Семейден басталды. Премьер-Министр ұшақтан түскен бетте атбасын қаланың Жаңасемей бөлігіндегі бірінші жылу-энергетикалық орталығына тіреді. Ал оның мәнісі де жоқ емес-ті. Өйткені, жылу мен энергия Семей үшін нөмірі бірінші мәсе­ле­ге айналғалы қашан? Мұндағы қап­таған қазандықтардан қайран болмай отырғаны да шындық. Рас, соңғы жылдары Елбасының тіке­лей қамқорлығымен бұл мәселе бір­шама ретке келіп қалды. Сөй­тіп, бұрынғы 46 қазандықтың жиыр­масы жабылды. Олардың алды осыдан сексен жылдай бұрын салынған. Және соның сексен пайызының әбден тозығы жеткен. Мұның сыртында жер асты құбырларының жай-күйі де сондай еді. Әйтеуір, қаражат бөлінген соң жағдай оңала бастады. Соның айғағындай, соңғы бірер жылда ондаған шақырым құбырлар жаңартылды. Десе де, қаланың Жаңасемей бөлігін жылумен қамтамасыз ете­тін бірінші жылу-энергетика орталығын іске қоспайынша іс бітті деуге келмейді. Ал ол шаруамен міне, биыл үшінші жыл Кореяның “Құс жолы” деп ата­ла­тын жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі айналысуда. Кәрім Қажымқанұлы осындағы бу қазан­дығының жұмысымен танысып болған соң орталықтың құрылыс алаңының басында көшпелі жиын өткізді. Онда ең алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл аймақта өткен қыстың қалай аяқталғанын айта келіп, алдағы қысқа дайындықпен таныстырды. Облыс әкімі де, бұдан кейін сөз ал­ғандар да жылу-энергетика орта­лығы қазандықтарының материал­дық техникалық базасын жақсарту, бағаны тұрақтандыру, бұрынырақ­та орын алған өрескел кемшілік­терге енді жол бермеу керектігіне тоқталды. Айталық, мұнда кезінде түтін тартатын құбырға дейін жекешеленіп кеткен. Жиын барысында сөз алған “Құс жолы” компаниясының бас­шысы Ли мырза орталық құрылы­сы­ның белгіленген уақыт­та іске қосылатындығына сен­дірді. Ал жиынды қорытынды­лаған Пре­мьер-Министр Кәрім Мәсімов өзінің Елбасының тапсырмасымен келгенін айта келіп, инвестор сөзін ұстаса, Үкімет тарапынан оларға қолдау болатындығына сендірді. Ол сонымен бірге тиісті орындарға өңірде жылу мен энергия көзіне тө­лемді мүмкіндігінше тұрақтан­дыру жөнінде тапсырма берді. Мұнан кейін Үкімет басшысы осындағы Абайдың қорық мұра­жай­ында болып, оның жұмысы­мен кеңінен танысты. Ал мұның да себебі жоқ емес. Яғни, биылғы жылы хакім ақынның туғанына 165 жыл толса, ал ақын мұра­жайы­ның ашылғанына – 70 жыл. Соған орай, Премьер-Министр қорық мұражай құрамындағы “Алаш арыстары” филиалына алаш қай­раткері Ахмет Байтұр­сыновтың ғибратты сөздері жазылған ескерт­кіш сувенирді сыйға тартты. Түс ауа Премьер-Министр мен оның жанына ерген Үкімет мүше­лері Тарбағатай ауданына ұшып барып, биылғы қыстың қаһарына мейлінше қатты ұшыраған Көк­жыра ауылында болды. Қазірде мұнда елуден астам үй бой көтеріп қалды. Кәрім Қажымқанұлы табиғат апатынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына Үкімет тарапынан қамқорлық одан әрі жалғасатындығына сендірді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.