• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Қыркүйек, 2023

Мергендер мүлт кеткен жоқ

107 рет
көрсетілді

Азия ойындарының бесінші жарыс күні ел құрамасының қоржынына 2 алтын, 1 күміс, 6 қола медаль түсті. Бұл жолы да мергендеріміз мүлт кеткен жоқ. Қыздар арасында ел намысын қорғаған Зухра Ирназарова 10 метрге жылжымалы нысана көздеуден үздік шығып, алтын жүлдеге ие болды. Ал стенд ату бойынша (Skid-міх) Эдуард Ещенко мен Әсем Орынбай финалда Кувейт құрамасынан бес ұпай артық жинап, Қазақстан қоржынына үшінші алтын медаль салды.

Нысана көздейтіндерге қамқорлық керек

Бұл күні алтынның ауылы қай жерде екенін түсінген журналистердің басым бөлігі «Fuyang Yinhu» спорт орталығына жиналды. Аталған жерде әлем чемпио­ны Зухра Ирназарова, оның командаластары, аралас жұпта әлем біріншілігі мен Әлем кубогінде жүлде алып жүрген Эдуард Ещенко мен Әсем Орынбай сынға түсті.

Алдымен тапаншамен 10 метр­ге жыл­жымалы нысананы көздеуде Зухра Ирназарова қарсыластарының мық­ты­лығына қарамастан, жарысты өте се­німді бастады. Нәтижесінде, солтүстік­кореялық қос спортшыдан оқ бойы озып, Азия ойындарының екінші алтынын Қазақстан қоржынына салды. Ал бұл жарыста бақ сынаған отандастарымыз Фатима Ирназарова 6-орынды иеленсе, Александра Сәдуақасова 7-орынға жайғасты.

Дәл осы жылжымалы нысана көз­деу­ден топтық жарыста әпкелі-сіңлілі Зухра мен Фатима Ирназаровалар және Александра Сәдуақасова бастаған Қазақ­стан қыздар құрамасы күміс жүл­дені еншіледі (Зухра Ирназаровамен болған сұхбатымызды келесі нөмірде жариялаймыз. – Автор).

Сонымен қатар бейсенбі күні стенд атуда (Skid-міх) Эдуард Ещенко мен Әсем Орынбай Қазақстан қоржынына үшінші алтын медаль қосты. Аталған бәсекеде алғашында 8 құрама бақ сынады. Онда жерлестеріміз бірінші орынмен іріктеуден сүрінбей өтті. Екінші кезеңде 6 құрама финал­дық жолдаманы сарапқа салды. Бұл сында отандастарымыз екінші орын­ға тұрақтап, алтын медаль алу мүмкіндігі­не ие болды. Ал шешуші кезеңде Ку­вейт мергендерімен өзара жеңімпаз­ды анықтауға кірісті. Екі құрамаға да алтын ауадай қажет еді. Себебі кувейттік­тер­дің қоржынында бұған дейін 1 алтын, 1 қола медаль болса, ал бізде 2 алтын, 3 кү­міс және 13 қола бар-тұғын. Намыс­қа тырысқан жерлестеріміз бас-аяғы жарты сағаттың ішінде қарсыластарынан 5 ұпайға асып, Азиаданың чемпионы атанды.

Осы жеңістен кейін арнайы сұхбат берген Әсем Орынбай бұл жеңісті кешеден бері уайымдап жүрген ата-анасына арнайтынын жеткізді.

«Біздің командамыз әлемде мықты саналады. Себебі осыған дейін әлем кубогі кезеңдерінде топ жарып, әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған­быз. Эдуард екеуміз бір-бірімізді сөз­сіз түсінеміз. Алматы облысында бірге жат­тығамыз. Финал оңай болған жоқ. Кувейттік қарсыластарымыз өте мықты, Олимпиада жүлдегерлері», деді Әсем.

Сондай-ақ спортшы Ханчжоудағы ауа райының ату барысына қалай әсер еткеніне тоқталды.

«Бүгінгідей самал жел атуға еш әсе­рін тигізбейді. Қатты жел тұрып, жаңбыр жауса, қиналатынымыз анық. Мұндағы ыстық әрі ылғалды климат маған кәдімгідей әсер етті. Қатты тер­ледім. Десе де, бәрі сәтті аяқ­талды. Қар­­сыластарымыз екінші айна­лымда қатені көп жіберді. Содан-ақ алтын жүлде қол созым жерде екенін түсіндім», дейді ол.

Шыны керек, 1900 жылы пайда бол­ған стенд ату Қазақстанда кенже да­мығанын аңғару қиын емес. Қазақтар әдетте баласын футбол, күрес, бокс се­кілді спорт түрлеріне беріп жатады. Ол да жөн. Алайда нысана көздеу спортында бір емес, бірнеше медаль жеңіп алу мүмкіндігі бар. Осы Азия ойындарын­да 20 медаль жиынтығы сарапқа салы­нып жатыр. Бұл дегеніңіз – жеңіл атлети­кадан кейінгі ең көп медаль үлестіре­тін спорт түрі. Оның үс­тіне, мұн­да жасқа қарамайды. Бұдан бұрын жазғанымыздай, Ольга Панарина 53 жасында Азия ойындарының чемпионы атанып отыр. Күміс жүлдегер атан­ған кувейттік спортшының жасы 60-та. Сондықтан да осы спорт түрін Қазақ­стандағы әр қалада дамыту керек деген ой келді. Әйтпесе, құрамада Әсем Орынбайдан басқа бірде-бір қазақ спортшысы жоқ. 

 

Алтын – арман, қола – қолда

Бұл күні ойындарда алтыннан үміт­кер спортшылар тек қола медальмен ғана шектелді. Қола жүлдені жеңіп алғандардың қатарында семсерлесуге қатысқан отандық спортшылар да бар.

Бұл спорт түрінен ерлер командасы жартылай финалда Азия чемпиондары Оңтүстік Корея құрамасына есе жіберді. Кездесу 41:45 есебімен аяқталды. Сем­серлесуден ел намысын Мұхамедәли Рахманали, Саттархан Назарбай, Артем Саркисян мен Жанат Нәбиев қорғады. Іріктеу кезеңінде отандық спортшылар Непал құрамасы (45:15) мен Кувейт командасын (45:43) жеңген еді.

Жағажай волейболынан ел намы­­сын қорғаған спортшылар Сергей Богату мен Дмитрий Яколев Азия ойындары­ның қола жүлдесін жеңіп алды. Ара­лас жұптық сайыста спортшыларымыз  иран­дық қарсыластарын жеңді. Кездесу 2:0 есебімен аяқталды.

Алтыннан басты үміткерлердің бірі  – таэквондошыларымыз осы күні  қола медальды қанағат тұтты. Ерлер арасында 80 кг-дан жоғары салмақ дә­режесінде сынға түскен Смайыл Дүй­себай алғашқы кездесуінде Бутан елінің спортшысынан басым түссе, ширек финалда пәкістандық спортшыны жеңді – 2:0 (6:5, 9:3). Ал жартылай финалда оңтүстіккореялық Жаохианг Сонгке 0:2 есебімен жол берді.

67 кг салмақта Дениз Жансель Азия ойындарында екі жекпе-жек өткізіп, қола жүлдегер атанды. Алдымен ол ливандық таэквондошыны 2:0 (6:3, 7:0) есебімен ұтса, жартылай финалда оңтүстіккореялық спортшыға шамасы жетпеді – 1:2.

«Жоспарым орындалды дей алмаймын. Бабымда болдым, алтын аламын деп келіп едім. Енді амал жоқ, Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алуымыз керек. Соған жұмыс істейміз», деді Дениз.

Еске сала кетейік, Жансель Дениз 2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған.

Бұған дейін спорттық гимнастикадан әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы болған Нариман Құрбанов Ханчжоуда небәрі үшінші орын иеленді. Ат үстіндегі жаттығулар финалында қазақстандық 15,100 ұпай ғана жинай алды. Алтын медальды қытайлық Тайпейден келген Ли Чи Кай (15,500) алса, екінші орынды жапониялық Риота Цумура (15,166) иемденді.

Әділбек Мусин жүзуден екінші медалін жеңіп алды. Азия ойындарында 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзген жерлесіміз Оңтүстік Корея мен Сингапур спортшыларынан қалып қой­ды. Бұған дейін ол осы әдіспен 100 метр­ге жүзуде үздік үштікке енген болатын.

 

Сәкен & Хасанбай – 1:2

Кешегі кеште боксшылар үшін өте ауыр күн болды десек, қате айтпаған болар едік.

Әйелдер арасында 60 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Римма Воло­сен­ко алғашқы жекпе-жекте тайпейлік қарсыласы Ву Шигуйға есе жіберді. Тартысты өткен кездесуде төреші біздің боксшыға екі, қарсыласқа бір ескерту жасады. Сол ескертудің салдарынан жерлесіміз төрешілердің басым дауысымен қарсыласына жол берді.

Кешкі бағдарламада Азия ойындарында көпшілік күткен Сәкен Бибосынов пен өзбекстандық Хасанбай Дусматов жекпе-жегі өтті.

Ә дегеннен-ақ боксшылар бір-бірін аңдысып жатпады. Бірнеше сериялық соққы жасалды. Құлады, шалынды, сүрінді. Барлығы болды. Бірақ, біздің ойымызша, бірінші раундта өзбек бокс­шысына нокдаун ашылу керек еді, оған төреші көз жұма қарады. Сондай-ақ бірінші раунд аяқталғанда, барлық төреші бірауыздан өзбек боксшысына жеңісті бергенде, біз ғана емес, қасымызда отырған өзге елдің журналистері де таңданысын жасыра алмады.

Екінші, үшінші раундта екі бокс­шы да соққы алмасып жатты. Ойымызша, Сәкен жеңілмеді. Бірақ төрешілердің ойы басқа болды. Бұған дейін екі боксшы бір-бірімен кездес­кен еді. Жалпы есеп әзірге 2:1, өзбек боксшысының пайдасында.

«Өкінішке қарай, екінші кездесуімде жеңіліп қалдым. Азия ойындарында алтын алып, мақсатыма жетсем деп едім. Қателік өзімнен болды. Негізі, жақсы жұдырықтасып едім. Бірақ бірінші раундта төрешілердің барлығы қарсыласқа ұпай бергенін көрген соң, тактиканы дұрыс орындай алмадым. Жоспардың бәрі өзгеріп кетті. Енді жарыс жолында қалған боксшылардың бәріне сәттілік тілеймін. Әнұранымызды ойнатып, байрағымызды көтеріп, лицензияны көбірек алсын», деді С.Бибосынов.

71 кг салмақта сенсация орын ала жаздады. Әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов өте қиын кездесуде жер­гілікті қытайлық спортшыны ұтты. Осы орайда боксшының жеке бапкері Ермек Ертаев кездесуді қорытындылап, мән-жайды түсіндіріп берді.

«Жекпе-жек өте ауыр өтті. Төре­ші екі-үш рет нокдаун болатын сәтті есепке салмады. Бұл енді – Азия ойындары. Оңай болмайды. Екінші раундты қарсыласқа 3:2 есебімен берді. Асланбек өзін қолға алып, жеңісті жұлып алды. Асланбектің бұл қарсыласын білмейміз. Ол әлем чемпионатына да, басқа жарыстарға да қатыспаған. Азия ойындарында алғаш рет көріп отырмыз. Ендігі қарсылас – өзбек боксшысы. 67 кг-да әлем чемпионы атанып, 71 кг-ға ауысқан. Барлығын шаршы алаң көрсетеді», деді Асланбектің бапкері Ермек Ертаев.

Сонымен, спортшыларымыз жа­рыс­­тың бесінші күнінде тоғыз медаль енші­леп, бейресми командалық есепте құра­мамызды үздік ондыққа жа­қындатты. Бүгін жарыс жолына алтын алады-ау деген спортшыларымыз шығады.