• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қыркүйек, 2023

Танымал ғалым, ұлағатты ұстаз еді

315 рет
көрсетілді

Гүлнапис Орынбасарқызы кәсіби әлеуметтанушы, қажырлы ғалым, шебер тәлімгер, өнегелі ұстаз еді. Ол кісі­ге қатысты осындай анықтауышты жал­ғастыра беруге болады. Себебі өзінің қара­пайым азаматтық тұлғасымен, бай­сал­ды да бірқалыпты мінезімен, терең білімі ­мен білігімен қандай мадаққа болсын ла­йық­ты еді.

Гүлнапис Орынбасарқызының өмірден озғанына қырық күн болып қалыпты. Күні кеше ғана ортамызда жүргендей еді. Ол кісінің ерен еңбегін айтып тауыса алмаспыз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында адамзат баласына, ғылым саласына сіңірген игілікті еңбегі жетер­лік. Еліміздің әлеуметтану ғылымының да­муына, өзіндік ғылыми мектептер­дің қалып­тасуына, ғалым-шәкірттерге тәлімгерлік етіп, олардың кәсіби жетілуіне қосқан үлесі ерекше.

Гүлнапис Орынбасарқызы 1966 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1985-1990 жылдары М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік университе­тін философия мамандығы бойынша бітір­­ген. 90-жылдардағы елеулі де маңызды әлеуметтік өзгерістерді бастан өткерген қиын кезеңде оқу-ағар­тушылық қызметін бастап, 1993-1996 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің аспирантурасында оқыған. 1997 жылы «Тұлғаның саяси әлеу­меттенуі мәселе­сін әлеуметтанулық тал­дау» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаса, 2008 жылы «Қа­зақстан қоғамының мо­дерниза­циясы үр­дісіндегі тұлғаның әлеу­меттенуінің үлгі­лері» тақырыбында док­торлық диссертациясын табысты қорғап, әлеуметтану ғы­лымының докторы ғылыми дәрежесіне ие болған.

Гүлнапис Орынбасарқызының әлеу­меттанудың өзекті мәселелеріне қатысты 40-тан аса оқу құралы мен монографиясы, 80-ге жуық ғылыми және әдістемелік мақаласы жарыққа шыққан. Профессор өз еңбектерінде тұлғаны әлеуметтану­лық тұрғыдан зерттеген әлеуметтану ғы­лы­мы­ның классиктері мен қазіргі ға­лым­дар­дың еңбектеріне сүйене отырып, тұлға әлеу­меттануының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Ғалым кәсіби және қоғамдық қызме­тіндегі қажырлы еңбегінің арқасында жо­ғары марапаттарға ие болды. «Қазақстан Республикасы білім беру саласының құр­метті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Білім саласына сіңірген еңбегі­нің жемісі ретінде 2011 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы атанды. 2022 жылы «Үздік ғылыми қызметкер» атағына ие болды.

«Тау алыстаған сайын биіктей беріп, тұлғалана түседі» демекші, ғалымның ғы­лымға, оның ішінде әлеуметтану саласына сіңірген еңбегі тарихта қалары сөзсіз. Гулнапис Орынбасарқызы өмірден өт­кенімен, кісілік кемел болмысы, биік адам­гершілігі мен ақ пейілі талай адамның жадында сақталып қалғаны анық. Алдыңыз – пейіш, артыңыз – кеніш, жатқан жеріңіз жәннаттың төрі болсын. Жарқын бейне­ңіз сізді білетін әрбір жанның жүрегінде әрдайым сақталады.

 

Еске алушы:

Әсем ОМАРОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқытушысы