• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2010

ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ АЙМАҚТЫҚ ШАРАЛАР ЛЕГІ

596 рет
көрсетілді

Кеше Сыртқы істер минис­трлігінде журналистерге арналған дәстүрлі брифинг өтті. Онда аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахманов 8 маусымда Ыстамбұлда өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммиті жөнінде әңгімеледі. Оның ай­туын­ша, Азия кеңесі саммитінің Қазақстаннан тыс жерде өтуі және кеңеске төрағалық ету міндетін бір мемлекеттен екіншіге, яғни Қа­зақстаннан Түркияға тапсырылуы аталмыш халықаралық бір­лес­тіктің тарихында алғаш рет орын алатын жағдай болмақ. Ал 9-13 маусым аралығында Қазақстанға Финляндияның сыртқы саяси және экономикалық мүдделерін алға қоятын “Пааси­киви” қоғамының 28 мүшесінен құралған делегация келмек екен. “Аталмыш қоғам Алматыда өтетін Президент жанындағы Қазақстан­ның стратегиялық зерттеулер инс­титутымен бірлесіп ұйымдастыра­тын дөңгелек үстелде өзекті ха­лықаралық мәселелерді талқылай­тын болады”, деді ресми өкіл. Сонымен қатар, бұл сапар аясын­да “Паасикиви” қоғамы қазақ­стан­дық әріптестермен халықара­лық қатынастар, жаһандық экономика және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін әңгіме өзегіне айналдырмақ. Брифинг барысында Қазақ­станның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаевтың 9-10 маусым күн­де­ріне көзделген Данияға ресми сапары жөнінде де айтылды. Бұл отандық сыртқы саяси ведом­ствосы басшысының екіжақты қарым-қатынас тарихындағы Данияға алғаш ресми сапары саналады. Қанат Саудабаев өз сапары аясында Дания Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Лене Эсперсенмен кездесу өткізбек. Онда қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және ин­вес­тициялық ынтымақтастықтың ке­лешегі талқыланады. Халықара­лық саясаттағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасады. А.Абдрахманов брифинг кезін­де 10-11 маусым күндері Копен­гагенде  Қазақстаның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуімен, Дания Корольдігі және Демо­кратиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюроның ұйымдастыруымен “Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Копенгаген құжатының 20 жылдығы: мәртебесі мен келеше­гі”  тақырыбында конференция өте­тіндігі жөнінде айтып өтті. Ал дәл осы күндері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ташкентте өтетін Шанхай ынты­мақтастық ұйымына мүше мем­лекеттер кеңесіне қатыспақ. Бұл саммит барысында әлемде және аймақта орын алып жатқан мәсе­лелерге байланысты пікір алма­сылады деп көзделуде. Кеңес қорытындысында саммиттің дек­ла­рациясына, ұйымның бірқатар құжаттарын бекіту туралы келісім­дерге, Рәсімдер ережесіне және ұйымға жаңа мүшелерді қабылдау ережесіне қол қойылмақ. “Таш­кент саммитінен кейін ШЫҰ-ға төрағалық ету міндеті бір жылдық мерзімге Қазақстанға тапсыры­лады. Ал келесі жылы Астанада өтетін ШЫҰ-ның кезекті саммиті аталған ұйымның 10 жылдығына арналады”, деді. А.Абдрахманов. Брифинг соңында ресми өкіл 11-12 маусым күндері Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың арнайы шақыруымен елімізге Қытай Халық Республикасының Төр­ағасы Ху Цзиньтаоның ресми сапармен келетіндігін айтты. Екіжақты келіссөздер барысында Мемлекет басшылары Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен келешегін, халықаралық және аймақтық ахуалдың өзекті мәселелерін талқы таразысына салмақ. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.