• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қазан, 2023

Жетелі жеті қадам

229 рет
көрсетілді

Қостанайда өзге тілді мектеп оқушылары арасында өткен «Мемлекеттік тілге жеті қадам» жобасы өз мәресіне жетті. Биыл наурыз айында басталған жоба тұтас облысты қамтып, оған қатысқан 5-11-сынып аралығындағы 200-ге жуық оқушы жеті ай бойы тіл сындырып, тілдік дағды қалыптастыруға талаптанып көрген.

Нәтиже бар сияқты. Оған Қостанайдағы Жастар сара­йында өткен форумда көз жет­кізгендей болдық. Жобаның қорытындысы жарияланған ­жиында жеті ай бойы белсен­ділік танытып, тіл үйренуге ерек­ше ықыласы бар екенін дәлелдеп баққан ынталы бала­лар марапатталды. Ал қатар­ластарынан озып шыққан ең үздік 11 оқушы Астанаға барып, елорданың көрікті жерлерін қызықтап қайтатын болды.

Баланы бастан тіл үйре­ну­ге ынталандыратын мұндай ауқымды әрі жарты жылдан аса уақытқа созылған ұзақ­мер­зім­ді іс-шараның өңірде бірінші ­рет өтіп отырғанын айта кету ке­рек. 56 ұлттың өкі­лі қатыс­қан «Жеті қадам­ның» жоспар-жосығын об­лыс­тағы Қоғамдық келісім ме­кемесінің басшысы Наталья Рамазанова жасап шыққан. Жоба авторының айтуынша, балалар ұстаздары­ның же­текшілік етуімен әр кезең­нің тақы­рыбына сай эссе жазып, ауызекі сөйлеу дағдыларын дамытқан. Мемлекеттік тілде челлендж, туған жер туралы шағын бейнебаян түсіріп, тіл үйрететін арнайы тапсырмаларды орындаған. Бұл орайда жеті ай ішінде кезігетін атаулы мерекелердің де ескерусіз қалмағанын аңғардық. Мы­салы, Қазақстан халқының бір­лігі күні қарсаңында осы жобаға тартылған мұғалімдер өз мектептерінде «Тіл – ел тірегі» деген тақырыпта сынып сағаттарын өткізсе, маусым айында оқушылар «Ауылым – алтын бесігім» деп аталатын бейнебаян жасаған. Ал шіл­деде онлайн режімде өткен жиында әр бала «Мемлекет­тік тіл­дің мәртебесін қалай арт­­тырамын?» деген сауалға ауыз­­ша жауап беріп, көпшілік ­ортада өз ойын еркін жеткізу­ге талпынған.

Балалар бұдан тыс берілген тілдік тапсырмаларды орындап біткен соң, ай сайын бі­лікті тіл мамандарынан құ­рыл­ған қазылар алқасының қара­уына жіберіп отырған. «Мұн­да қазақ тілін әртүрлі дең­­гейде меңгерген балалар отыр. Біздің мақсатымыз – олар тілді әбден меңгеріп алғанша қолдау көрсету, бір нәтиже шы­ғарғанша көмектесу, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген сұранысын қалып­тастыру, олардың өздерінің ішінде мемлекеттік тіл ты­ныс­тай алатындай тілдік орта құру. Аталған жобаға облыс­тық қоғамдық даму басқар­ма­сы бастан-аяқ қолдау көрсет­ті», дейді Наталья Рамазанова.

Қарабалықтағы Абай атын­дағы №2 мектептің оқу­шы­сы, ұстазымен бірге осы фо­румға арнайы келген На­деж­да Котосова тіл үйрену үшін осындай белсенді орта­ның болғаны маңызды, дей­ді. «Мемлекеттік тілге жеті қа­дам» жобасы басталғалы, об­лыс­тың басқа өңірлерінен көп дос-құрбы тапқанын айт­қан Надежда: «Осы жобаға қа­ты­сып жатқан балалардың бәрі орыс мектептерінде білім алады. Сәуір айынан бері бә­ріміз ортақ чат арқылы байланысып, тек қазақ тілінде сөйлестік. Үне­мі біріміздің қа­темізді біріміз түзеп, қазақша неше түрлі жұм­бақ жасырып, өлең оқып, көңілді күндерімізді өткіз­дік. Жоба аяқталғанымен, байла­ныс үзіл­мейді. Қашықтан болса ­да бір уақ сөйлесіп, әңгімеле­сіп, тілдік дағдымызды дамы­тып отырамыз. Ал форумға кел­сек, бүгін дәріс оқыған спи­керлерден біз алатын үлгі-өне­ге көп екен, ол кісілердің өре­лі ой-пікірлері де үлкен әсер­ге бөледі», деді.

Ұйымдастырушылар фо­румға жан-жақтан қазақ тілін бір кісідей жақсы меңгерген, бү­гінде көптің көз алдында елге көрініп жүрген бірнеше белсенді жасты шақырған. На­дежда соны айтып отыр. Жиынға қатысушылар үш сек­цияға бөлініп, сол аға-апа­ларынан ақыл сұрап, кеңес тың­дады. Спикерлердің арасында кезінде облыстық телеарнада жұмыс істеген, бүгінде Ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі, диктор Алла Гаврина да бар.

– Кезінде дәл осы оқушы­лар секілді біз де түрлі бай­қау мен форумға қатысып жүр­дік. Ол кезде өзге ұлт өкілі қа­зақша сөйлесе, жұрт жап­пай таң­ғалып, кәдімгідей қол­­паш­тап жататын. Ол дәурен өтті. Қазір бұл қалыпты үрдіске айналып келеді. Өз басым солай болуы керек деп есептеймін. Өкі­ніштісі, қос тілді қатар алып жүру керек деген сияқты тап­таурын түсініктен әлі арыла алмай келеміз. Мұны өзіміз ғана тоқтата аламыз. Дегенмен жас­тардың талабы ұнады, қа­зақша сөйлеп тұр. Біздің ке­зімізде мұндай болған жоқ. Көп оқушы медиа саласына қы­зығады екен, мен оларға ме­диа­кеңістікте қазақ тіліне сұ­раныс жоғары екенін айттым. Өз бағдарламаларым мен жұ­мысым туралы әңгімелеп бер­дім. Жастар қазақ тілін біл­ген адам қор болмайтынын түсін­гендей болды, – дейді Алла.

Форум барысында тіл үйре­нуші оқушылардың ұстаздары қатысқан тренинг өтті. Ал жоба жеңімпаздары алдағы күндері Астанаға барып, елордадағы Алжир мұражайы, Ұлттық кі­тапхана, Ұлттық музей, Бей­­бітшілік пен келісім сара­йы, Президент мұражайы се­кіл­ді қас­терлі орындарды, өзге де мә­дени орталықтарды араламақ.

 

Қостанай облысы