• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 02 Қазан, 2023

Коммерцияландыруға дайын өнертабыстар бизнес өкілдеріне таныстырылды

341 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін коммерцияландыру мақсатында «1st business and science event» форумын ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ҰҒА алдына және Қазақстан ғылымының алдына маңызды міндеттер қойып, экономиканы дамыту жолында қоғамға, халыққа бет бұру және олар үшін нақты пайда әкелуді тапсырғаны белгілі. Осы орайда Президент жанындағы ҰҒА президенті Күнсұлу Закария форум барысында «Ғалымдарға қаншалықты ғылыми әлеуетті дамытуға қызығушылық танытатын бизнес-қауымдастықтар қажет болса, ғалымдардың да инновациялық, технологиялық шешімдері бизнесті қызықтыра білуі тиіс. Бұл бағытта екі жақты әрі жылдам жүзеге асатын іс-қимылдар қажет» деген пікір білдірді.   

Елімізде таланатты, әсіресе ғылымға құштар жастар көп. Бірақ қоғамда ғылымды насихаттау жағы кем. ҰҒА вице-президенті, Асқар Жұмаділдаев атап өткендей, жастарды инновацияға, заманауи технологияларға бейімдеу уақыт күттірмейді. Тіптен, бүгінде елімнің дамыған елдері нәтижеге жеткізген кванттық технологиялар, кванттық компьютерді меңгерген жастар некен-саяқ. Ал ғалымдардың өнертабыстары, баяндамалары мен жариялаған мақалалары шаң басқан сөрелерде қалып қоюда. Сондықтан бұл форум ел экономикасы үшін тартымды жобаларды өндіріске енгізуде алтын көпірге айналуы қажет.

Форум барысында елімізге белгілі ғалымдар, бизнес өкілдері тәжірибесімен бөлісіп, ғылымды дамытудың тетіктеріне тоқталды.  Заң ғылымдарының докторы, инженер-физик, белгілі бизнесмен Мұхтар Жәкішев еліміздің жер қойнауын тиімді пайдалануға қатысты ойларымен бөлісіп, әлемде туындап отырған энергетикалық тапшылық, елімізде атом электор стансасын салуға қатысты сұрақтарға жауап берді.

«Alageum Electric» энергетикалық компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов инновациялық даму қашан да ғылыммен ықпалдастықты қажет етеді, деп атап өтті. Оның айтуынша, жоғары оқу орындары, жеке білім беру орталықтарымен байланысын нығайтып отырған компания үшін инновациялық өнімдер шығару, серіктес қалаларды дамыту жобаларын ғалымдармен бірлесіп шешу қажет.  Осы ұсынысты құптаған «Sergek» компаниясының негізін қалаушы Қайрат Ахметов  компанияда жасалған сараптамалық шешімдердің бұған дейін ғылымның қатысуынсыз іске асып келген. Оның айтуынша,  Smart City шеңберінде қоғамдық қауіпсіздік, көлік және экология сияқты бағыттарды кеңейту жоспарлануда. Компания өнімдері Big Data көмегімен көлік қозғалысын талдауға, жол қауіпсіздігін арттырттыруға және қоршаған ортаның ластану көздерін анықтауға мүмкіндік береді. Ендігі кезекте  инфрқұрылымдарды дамытуға қатысты  ақпараттарды терең талдау, зерттеулерге  ғалымдарды тарту міндеті  тұр. 

«Көркем телеком» директоры Әсет Ахметов, «Qazbiopharm» ұлттық холдингі» АҚ бас директоры Ерғали Әбдрайымов, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Ә.Шәменов, ІІМ академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Айдар Сайтбеков, «Astana  Vision» клиникалар желісінің құрылтайшысы Владимир Ким, «Казахстан инжиниринг» R&D құрастыру компаниясының өкілі Қалқабек Айдос, басқа да бизнес өкілдері әр салада жоғары нәтижеге жету ғылымның қатысуымен ғана жоғары нәтиже береді деген ұсыныстарын білдірді.

Бизнес өкілдері ғалымдардың коммерциаландыруға дайын ғылыми-инновациялық жобаларымен танысу барысында «Қазақстан экономикасын инновациялық жаңғыртудың ядролық физика әдістері мен технологияларын дамыту» бағдарламасы аясында Ядролық физика институты әзірлеген «Аqua dress» гидрогельді таңғыштар өндірісін дамыту мәселесіне назар аударды. Гидрогельді таңғыштар бактерицидтік қасиетке ие, дене жарақаты, күйік кезінде, жұмсақ тіндердің зақымдануы, тері қабынуында қолданылады. Ендігі кезекте «Аqua dress» өндірісін ішкі нарықты ғана емес, шетелге шығару міндеті тұр.

Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринарлық институты әзірлеген  ауылшаруашылығы жануарларының жұқпалы ауруларын емдеуге арналған вакцина, антигендер және Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институтының алма сорттарын көбейтуге арналған жобалары да бизнес өкілдерінің назарын аударды. Қазіргі кезде ауылшаруашлығын дамыту еліміздің азық түлік саясатын дамытуда маңызды рөлге ие. Сондықтан саланың дамуы, өндіріс уақыт талабы.  Сонымен қатар «Биологиялық қауіпсіздік пролемаларының ғылыми-зерттеу институтының» ветеринарлық медицина, молекулярлы биология, гендік инженирия, биотехнология саласында тиімді қолданыс тапқан жобалары, «Ғарыштық зерттеулер және технологиялар ұлттық орталығының» аэроғарыш, ауыр машина жасау, қорғаныс  саласында пайдалануға болатын жоғары сапалы бұйымдар өндірісі, Қ.Сәтбаев атандағы Қазақ техникалық ғылыми-зерттеу университеті ғалымдары ұсынған протативті кардиоанализатор, профессор Оралбай Дәрменовтың қан тамырларын тазартатын өнертабысы жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығудың алдын алу, өлім-жітімді азайтуға ақпал ететін шешімдердің бірі болса,  «TRENCO» R&D компаниясының металлургия өнеркәсібіне арналған технологиялары да жер қойнауы қазбаларын өндіру, қайта өңдеу саласында тиімділігін көрсететіні анық.  

Жиында әртүрлі тақырыпқа арналған шеберлік дәрістері өтіп, ғылым мен бизнес үшін сәтті жобаларға қатысты келісімдер жасалды.