Қала күні мерекесі аясында Таразда «Киіз Fest» ұйымдастырылды. Ұмыт қалып бара жатқан дәстүрді жаңғырту, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мұраны бүгінгі жастар арасында насихаттау мақсатында қолға алынған іс-шараға 12 топ қатысты.
Іс-шараға белсенді қатысқан топтар әуелі өздері басқан киізді және ұршықпен иірген жіпті қазылар алқасының назарына ұсынып, атауын, киіз басу тәсілі арқылы қолөнер бұйымдарын әзірлеудің артықшылықтарын әңгімеге арқау етті.
Фестивальде бақ сынаған ұжымдардың жұмысын саралаған қазылар алқасы «Ұршық иіру» аталымы бойынша «Асыл мұра» тобының еңбегін жоғары бағалап, бірінші орынға лайық деп тапса, «Шебер шаңырақ» ұжымы жүлделі екінші орынды, «Шолпы» тобы үшінші орынды иеленді. Ал «киіз басу» аталымы бойынша «Асыл қазына» тобы жеңімпаз атанса, «Өшпес мұра» ұжымы екінші, «Шебер шаңырақ» тобы жүлделі үшінші орынға ие болып, қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталды.
– Биыл республика көлемінде алғашқы рет «КиізFest» ұйымдастырылып отыр. Қазақ халқы киізді құндылық ретінде бағалағанын тарихтан білеміз. Халық ханын да, құрмет тұтқан қадірлі тұлғасын да ақ киізге отырғызған.
Бүгінгі байқауға қатысушыларымыздың барлығы да жаһандану дәуірінде ұмытылып бара жатқан киіз басуды заманауи үлгіде жаңғыртып, алдағы уақытта ұлттық құндылығымызды насихаттауға өз үлестерін қосатынына сенімім мол. Өйткені бұл біздің бабалардан жеткен ұлттық байлығымыз, – деді іс-шараның марапаттау рәсіміне қатысқан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов.
Тараз