• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Қазан, 2023

Жеңілістен сабақ алдық

160 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні Ханчжоу қаласында баспасөз мәслихаты өтті. Оған Азия ойындарының күміс жүлдегері Бекәділ Шаймерденов (Кураш), қола жүлдегерлер Сағындық Тоғамбай (бокс) мен су добынан құрама капитаны Виктория Хританькова қатысып, Азия ойындарында жүрген еліміздің БАҚ өкіл­дерінің сауалдарына жауап берді.

Бекәділ ШАЙМЕРДЕНОВ:

– Бұрын дзюдошы едіңіз, қазір курашпен айналысып жүрсіз. Дзюдодан біржолата кеттіңіз бе?

– Иә, мен – дзюдошымын. Кураш дзюдоға ұқсас болғандықтан осы спорт түрімен биылдан бастап шұғылданып келемін. Мені жеңген өзбек балуанынан Азия чемпионатында басым түскен едім. Бұл жолы оның бағы жанды. Алда қай күрес түрімен шұғылданатынымды бапкерлермен ақылдасуымыз керек.

– Финалға дейін сүрінбей жеткен сізді шешуші айқаста танымай қалдық. Қарсыласыңызға не себепті есе жіберіп қойдыңыз?

– Жартылай финалда қарсыласымды қосымша уақытта әзер жеңдім. Сондықтан финалдық белдесу үшін берілетін 15 минут мен үшін қысқарды. Себебін жоғарыда айттым. Оның үстіне финалда күрескен өзбек спортшысы менің алдымда күресіп кеткен. Сондықтан ол тың болып шықты. Әйтпесе ол балуанның жауырынын жерге тигізетіндей шамам бар еді.

 

 Сағындық ТОҒАМБАЙ:

– Қарсыласыңыз туралы айтып берсеңіз, «жекпе-жекті сатып жіберді» деген әлеуметтік желіде жазып жатқан қауесетке не айтасыз?  

– Біз ешқашан сатылған емеспіз, сатылмаймыз да. Бұл – қате пікір, қате ақпарат. Жартылай финалдағы Қытай боксшысымен болған айқас мен үшін өте қиын жекпе-жектің бірі болды. Негізі, оңай жеңетін боксшы еді. Өзім қиындатып алдым. Қолымның ұзындығын пайдаланып, ұрып шығуым керек-тұғын. Оның үстіне қарсыласым қаншама соққы алса да, есеңгіреуді, артқа жылжуды білмейді және шаршамайды екен. Оны бұған дейін халықаралық жа­рыс­тарда көрмегенмін. Финалға шыққанымда Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болатын едім. Сондықтанда қола медальға көңілім толмай тұр.

– Жеті боксшыдан тек екеуі ғана жарысты жалғастыратыны белгілі. Командадағы көңіл күй қалай? 

– Қазақ бокс мектебін көрсете алатындай қабілетіміз бар. Біз кез келген жағдайға дайынбыз. Жігіттердің көңіл күйі жақсы. Өмір осымен тоқтап қалмайды. Әрі қарай жаттығуымызды жалғастыра береміз. Жарыс жолында қалған екі боксшы ағаларыма сәттілік тілеймін.

– Ташкентте өткен әлем чемпионатында 86 кг салмақта жұдырықтасқан едіңіз. Бұл жолы 92 кг салмақта ринг төріне көтерілдіңіз. Жартылай финалдағы жеңілісіңіз осыған байланысты емес пе?

– Жоқ, олай емес. 92 кг мен үшін қолайлы салмақ. Кешегі жеңілісім маған үлкен сабақ болды. Мақсатым – Олимпиада жолдамасы. Қараша айын­да Семей қаласында төрт жылда бір өтетін Қазақстан спартакиадасы болады. Сол жарыста кім чем­пион атанса, сол келесі жолдама берілетін турнирге қатысады. 

– Жоғарыда тактиканы дұрыс орындай алмадым дедіңіз. Мырзағали Айтжанов қандай тактика қойып еді?

– Қолымның ұзындығын пайдаланып, жа­қын­датпай бокстасуым керек болатын. Жекпе-жек басталғанда ұрған соққыларым дөп тиіп жатқаннан кейін жақын қашықтан ұрып, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтағым келді. Бірақ мені таңғалдырғаны, әдетте ауыр соққы өткізіп алған қарсыластарымның түрі өзгеріп, соққы дарытпауға тырысып, рингте қашып жүретін еді. Ал Қытай боксшысы соққыға шыдайтын әккі спортшы екен. Бұл кездесу маған үлкен сабақ болды. Енді ол қарсыласымды көрдім, алдағы уақытта кездесіп жатсам, басқа тактика құрамыз.

– Қазақстанда сіздің басты қарсыласыңыз Азия чемпионы Айбек Оралбай бар. 92 кг салмақта Азия ойындарына іріктеу қалай жүрді?

– Жаз айында Астанада елорда кубогі жарысы өтті. Сол кезде бапкерлер алқасы үш салмақ бо­йынша аталған жарыста жеңгендер Азия ойындарына барады деп барлық жаттықтырушылар мен боксшыларға айтты. Үш салмақтың ішінде 92 кг да бар еді. Мен сол жарыста чемпион атандым. Айбек екеуміз жартылай финалда кездесуіміз керек еді. Бірақ ол ережені бұзып, сол күні салмағының өсіп кетуіне байланысты жарыстан шеттетілді.

 

 Виктория ХРИТАНЬКОВА:

– Су добынан Қазақстан құрамасы Азия құрлығында өтетін додаларда үнемі жүлде алып жүр. Осы жолғы басты мақсат қандай?

– Соңғы үш Азия ойындарында күміс жүлде алып жүрген құрамамыздың бұл жолғы мақсаты кем дегенде күміс жүлде алу еді. Себебі бірінші орын алған Қытай құрамасы бізден мықты. Соған қарамастан, олармен тең дәрежеде өнер көрсеттік. Сондықтан қола медальға көңіліміз толмай тұр. Әйткенмен, жоқтан жақсы.

– Мықты деген әлемдік командалармен қашан тең дәрежеде сынға түсесіздер?

– Өкінішке қарай, елімізде қыздар арасында су добына қызығушылық өте төмен. Қазақстан чемпионатында да команда аз. Құрамадағы қыздардың басым бөлігі – Тараз қаласы командасының ойыншылары. Сондықтан да жаттығулардың басым бөлігі аталған қалада өтеді. Соған қарамастан, біз Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея секілді командалармен тең дәрежеде бақ сынай аламыз. Ал әлемдік деңгейге көтерілу үшін ішкі чемпионатқа көңіл бөлу керек. Сонда барлығы дұрыс болады деп ойлаймын.