• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 03 Қазан, 2023

Өмір мен өлім арасы

20272 рет
көрсетілді

Аман-есен жеңілдеп, босанудан кейінгі бөлімге ауысқан кезім. Бір бөлмеде үш әйел жатқанбыз. Төрдегі төсектің жанында бала арбасы жоқ екен. Бала арбасы жоқ әйел дезинфекция жасайтын мамандай бүркене киініп, бір жаққа кетті.

Ол шығып кеткеннен кейін көрші ке­лін­шектен білгенімдей, реанима­циядағы шала туған шақалағына кетіпті. Солай екі күн қатынады. Біз оған талай туысымыздың 6,5-7 айында туған шала шақалағы адам болып кеткенін айтып, үміт сыйлауға тырысатынбыз. «Соңғы рет УДЗ-ге түскенде балаға ауа жетіспей жатыр деп шұғыл операциямен баламды алды. Небәрі 700 грамм боп туған шаранам енді реанимацияда жатыр. Алдыңғы екі баламда омырау сүтім сұйық болып еді. Мына баламда қою болғанын қарамайсыз ба? Системадағы сәбиімді емізе алмай отырғаным мынау», деп күрсінді омырауын сауып отырып. Үйде екі баласы күтіп жүргенін айтып, көңілін аулаған болдық. Үшінші күні терезеге қарап тұрды. Есік алдында музыкалатқан, анимациялық киімдер киіп, қойылым қойып, билеп жатқан жұртты көріп тұр екен. Көзінен жастың аққанын өмір мен өлім арасындағы сәбиі есіне түскендіктен деп ойладым. Ойланып тұрғанда палатаға бөлім меңгеруші мен тағы бір кісі қоса кірді. Меңгеруші әлгі әйелге: «Сіз неге еміңізден бас тартып жатырсыз? Анализдеріңіз жақсы емес, сізге толыққанды ем алу керек. Бұдан кейін де бала көтеруге денсаулық керек қой», деді. Сол сәтте дыбыс шығармай жылап алған келіншек: «Маған енді ештеңенің қажеті жоқ. Ем алудың да мәні қалмады. Мені үйге жіберіңіз, қайтқым келеді. Мұнда сәбиім үшін ғана жүрдім, енді ол да ұстап тұрған жоқ, кеткім келеді», деп жылап жіберді. Жанымда пысылдап жатқан сәбиім аяқ-қолын қатты дауыстан ербеңдетіп кетті, балама қарап, амандығына шүкірлік етіп, жанардан ыстық жас төмен сырғыды. Е-е-е, біреу сыртта думандатып жатқанда, мұнда біреу жылап тұрады екен ғой, сөйтсем... Меңгерушімен қоса кірген психолог екен, ол шаранасынан айырылған анамен біршама әңгімелескен болды, бірақ жан жарасы жазылмаған күйі, емін соңына дейін алмастан, ботадай боздап,  шетінеген сәбиін алып перзентханадан шықты.

Жақында Шымкент қаласын­дағы №2 аурухананың бас дәрігерінің айт­қанын оқығанда, осы жайт ойыма оралды. Дәрігер Бақытжан Пазилов «Перзентханада ауыр босанған әйелдер ғана емес, шақалағы реани­мацияда өмір мен өлімнің арасында жатқан немесе туа сала шетінеп кеткен аналар бар. Өзгелер сәбиін думандатып шыға­рып әкетіп жатқандағы олардың көңіл күйі қандай болары белгілі. Сондықтан артық шу-думанның орнына перзентхана ауласына бір көшет қондырып кетсеңіздер, біз әлгі талға ша­қалақтың аты-жөнін жазып қояр едік», депті.

Иә, кейінгі кезде перзентханадан ана мен баланы тойлатып шағарып алу сәнге айналды. «Байдың асын байғұс қызғанады» демеңіз, өзгенің көңіл көтергенін көре алмай тұрған түгіміз жоқ. Бірақ біреу өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқанда, екінші біреудің думандатқаны ерсі көрінеді. Тойласын, таласымыз жоқ, тек перзентханадан тыс жерде. Жоғарыдағы дәрігердің жап-жақсы ұсынысын тойлауды бәрінен артық көретіндер қолдар-қолдамасы белгісіз. Думандатудан бас тарта алмайтындарға тым болмаса ана мен сәбиді қуанып, үйінде қала­ғанынша музыкалатып, тіпті ат шаптырып күтіп алуға болатынын еске салғымыз келеді.

Әрине, түсінігі бар адам түйсігі жетіп ұғынар, дұрыс қабылдар. Ал қабыл­дамай­тындарға, сөз өтпейтіндерге қатаң талап, қауқарлы заң керек. Өйткені сөзге біреу қонақ береді, бірі тоқтамайды. Сондықтан біздің ойымызша, перзентхананың маңында, ауласында думандатуға, музыка­латып, шулауға заңмен тыйым са­лынуға тиіс. Себебі Ұлттық ста­тистика бюросының дерегіне сүйенсек, кейінгі бес жылда (2017-2021 жылдары)

16 мың 671 бала шетінеп кеткен, яғни жылына 3 мың­нан аса сәби жасқа жетпей бұл фәни­мен қош­тасқан. Ұлттық статистика бюросы был­тырғы мәліметті әлі ашық дереккөзге шығармаған екен. Ал 2021 жылы 4 мыңға тарта (3 732) сәби 1 жасқа дейін өмірден өтіпті. Бұл санақтың сыртында небір ауыр диаг­нозбен туған балалар, бала үстінде қайтыс болған әйелдер, түрлі тағдырлар бар. Түрлі тағдырдың артында шығарып алатын адамы жоқ немесе шар мен торт түгілі қажет дәрісін алуға шамасы жоқ аналар, ешкім перзентханадан шыққанын күтпейтін, бірден балалар үйіне жөнелтілетін тастандылар тұр... Ал олар музыкалатқандардың қуанышына көңілденіп, ортақтаса ала ма? Әй, қайдам...