• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Ғылым 04 Қазан, 2023

Астанада халықаралық Нобель фестивалі өтеді

280 рет
көрсетілді

5-6 қазан күндері елордада «Nobel Fest: Цифрлық Апгрейд» халықаралық Нобель фестивалі өтеді. Алқалы басқосуға Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылым, ақпараттық технологиялар, экономика және инновациялар саласындағы әлемдік жетекші сарапшылар қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Фестиваль барысында отандық және шетелдік мамандар ғылыми-техникалық прогрестің ең озық теориялары мен тәжірибесін жан-жақты талдайды деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ басқосуда жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, экономика болашағы, стартаптар мен заманауи еңбек нарығы, ғылымның жаңа қырлары, адамзат болашағы сынды өзекті мәселелер ортаға салынады.

Фестивальде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, әлемнің үш үздік экономисінің бірі Джеймс Хекман, Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері, климат және тұрақты даму бойынша №1 сарапшы Рае Квон Чунг, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Дария Қожамжарова, әлемге әйгілі футуролог Герд Леонгард, 2022 жылы өмір туралы ғылым саласындағы серпіліс үшін әлемдік сыйлық иегері Паскаль Майер, және тағы да басқа түрлі саланың білікті мамандары қатысады.

Nobel Fest – халықаралық EdTech платформасы. Фестивальдің басты мақсаты – мыңдаған қазақстандықтарды білімге, ғылымға және инновацияға баулу. Nobel Fest жыл сайын 100 елден 500 000 қатысушы мен 500 университетті біріктіріп, ұзақ мерзімді даму мен жақсы болашақты қалыптастырудағы білім мен жан-жақты білімнің рөлі туралы хабар таратады.

Фестивальдің негізгі тақырыптары:

Технологиялық сингулярлық дәуірі; Белгісіз әлем: жасанды интеллект дәуірі; Цифрлық әлемдегі адам миының ресурстары: сингулярлық немесе сана жолында; Көппланеталық өркениет пен ғарыш туризмінің құрылысы; Ғылым мен білім дамуының жаңа қырлары; Жаһанданудың аяқталуы және әлемнің жаңа экономикасы; «Unicorn» стартапты қалай құруға болады не технология алпауыттарының дамуына қандай жағдай жасау керек? Еңбек пен адами капиталдың болашағы.