Бүгін елордада ҚР Ұлттық ұланына қарасты 3656 әскери бөлімінің қызметкерлері парашютпен секіру жаттығуларын орындады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған іс-шара биыл екінші рет өткізіліп отыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланға қарасты 3656 әскери бөлімінің сарбаздары 800 метр биіктіктен парашютпен секіру нормасын орындады.
«Негізгі ұшу құрамының қызметкерлері 800 метр биіктіктен секіреді. Ал құтқару бөлімінің сарбаздары үшін 1200 – 4000 метр биктіктен секіру нормасы орнатылған. Әскери бөлімнің қызметкерлері 2 рет секіруге міндеттеледі. Егер секірмесе ұшу міндеттерінен босатылады», деді ҚР ҰҰ бас жетекшісі Дмитрий Анатольевич.
Сондай-ақ парашютшылардың жердегі дайындық кезеңінде міндетті түрде психологтармен жұмыс жүргізуі жоспарға кірістіріледі. Маманның айтуынша, ұшу алаңында сарбаздардың көңілін аулап, жігерлендіру үшін арнайы әндер қосылады.
«Психологтар ұшу және секіру кезінде денеде болатын физиологиялық процестер туралы, өзін-өзі басқару әдісі туралы айтады. Кейбір сарбаздар секіруге дайын болып тұрғанымен, тура секірер алдында қобалжуы мүмкін. Ұшу алаңында жүрген кезде әр сарбазды бақылап жүремін. Егер қобалжығандарын көрсем, әрқайсысына жеке-дара көмек көрсетемін. Олардың көңілін көтеріп, рухтандыру үшін ән қосып қоямын», дейді Психологиялық қолдау қызметінің басшысы аға лейтенант Ғалия Мұстафина.
Бүгін тікұшақтан секірген сарбаздардың ішінде алғашқы секірулерін орындаған қызметкерлер де болды. Соның бірі 3656 әскери бөлімінің жауынгері Ерлан Қадырбекұлы өзінің сезімімен бөлісті.
«Бірінші рет секіргелі тұрмын. Толқу бар. Кішкене қорқыныш та бар. 1 аптадай уақыт дайындыққа кетті. Оның ішінде оқу-жаттығулар, сондай-ақ психологиялық дайындықтар болды. Біз үшін парашютпен секіріп, тәжірибе жинау міндетті», дейді ол.
Сонымен қатар біраз тәжірибе жинаған тағы бір сарбаз өзінің сәтті қонуынан кейінгі сезімін айтып берді.
«Көңіл күй тамаша. Бұл менің алғашқы секіруім емес. Теориялық дайындықты еске салып, парашютті басқардық. Әдемі қоныс болды. Менің түсінгенім бойынша, парашютпен секіргеннің ең қиын тұсы – қонған жеріңнен қайттан орныңа келу», дейді ол.
Нұсқаушы маманның айтуынша, парашютпен секіру жаттығуларының үш түрі бар. Біріншісі - жердегі дайындық. Бұл дайындық түрі бұрын мүлдем секірмегендерге арналған. Ол белгілі бір уақыт аралығында жүзеге асырылады. Әр сабақ екі сағатқа созылады. Екіншісі - алдын ала дайындық кезеңі. Бұл дайындыққа толық бір жұмыс күні арналады. Бұл кезде сарбаздар нысанаға секіруді және парашют жүйелерін орналастыруды үйренеді. Ең соңғы үшінші дайындық түрі - секіру алдындағы алдын ала дайындық.
Айта кетейік, бүгінгі парашютпен секіру жаттығуында 15 сарбаз тәжірибесін арттырды. Олар 800-1200 метр биіктіктен парашютпен секірді.