Соңғы уақытта жайдарманшылар Таразда жиі бас қоса бастады. Көңілді тапқырлар клубының ойындарына қызығатын жастар аз емес. Содан да болса керек, жергілікті билік бір жылдары ұмыт бола бастаған жайдарманшылардың жарысын жандандыруға ден қойып отыр.
Бұл жолы тәжірибелі командалар Тараз қаласы әкімінің кубогі үшін бақ сынады. Оңтүстіктегі «Номад» лигасының финалдық сайысы қай кезде де тартысқа толы жағдайда өтеді. Қызылорда, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан келген мықты өнер ұжымдары мен тараздық командалар астары терең әзілдерімен Баласағұн атындағы орталық концерт залына жиналған жұртшылықтың езуіне күлкі үйірді.
Әдемі әзілдермен әдіптелген ойын қорытындысында тараздық «OIY» командасының еңбегін қазылар алқасы жоғары бағалап, бірінші орынға лайық деп тапты. Үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласынан келген «Mademuazel» ұжымына жүлделі екінші орын бұйырса, тағы бір тараздық топ «Қарасаз» командасы үздік үштікті қорытындылады.
Ұйымдастырушылар бәсекеге толы жағдайда өткен финалдық кезеңде ерекше әзілімен дараланған жеке ойыншыға да жүлде тағайындапты. Нәтижесінде, қызылордалық «Сұрап алмадық» командасының мүшесі Әділжан Дәулетов финалдық кезеңнің «Үздік ойыншысы» атанды.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған финалдық кезең қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов құттықтап, қала әкімінің кубогі үшін өткен сайысқа арнайы келген көрші өңірлердің командаларына алғыс білдірді. Жүлде алған ұжымдарға қомақты қаржылай сыйлық табыстады.
«Қала күні мерекесі аясында Таразда бірнеше іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жайдарманшылар арасындағы жарыс көрерменнің көңілінен шыққаны сөзсіз. Қатысушы командалардың әдемі әзілдері жұрттың көңілін көтерді. Көпшіліктің көңілінен шығатын түрлі іс-шара алдағы уақытта да ұйымдастырылады», дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Д.Дәулетов.
ТАРАЗ