• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Олимпиада 06 Қазан, 2023

Ханчжоу: Бір күнде 3 алтын

221 рет
көрсетілді

Бейсенбі ел спортшылары үшін сәтті күндердің бірі болды. Осыған дейін Ханчжоудағы сайыстарда жерлестеріміз бір күнде 3 алтын жеңіп көрмеген еді. Ал кеше Әнұранымыз 3 мәрте Қытай төрінде шырқалды. Алтын медаль бұдан да көп болар ма еді, егер де чемпиондардан бөлек финалға шыққан каратэшілер мен боксшыларымыз жеңіске жеткенде. Жалпы, кеше Қазақстан қоржынына 3 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль түсті.

Алдымен отандық велошабандоз Евгений Федоров велоспорттан топтық жарыста мә­ре сызығын бірінші болып кесіп, Азия ойындарының алтын жүлдегері атанды. 207,7 шақырымға созылған топтық сайыста екінші болып мәре сызығын тағы бір отандасымыз Алексей Луценко кесіп өтті. Айта кетейік, бұған дейін Азия ойындарының 4 дүркін чем­пионы болған Алексей Луцен­ко мәреге жақын қалғанда өзі­нің әріптесі Евгений Федоровке жолын беріп, мәрттік танытты. Е.Федоров 2018 жылы жас­өс­пірімдер арасында Олимпиада чемпионы, 2019 жылы ғана ересектер дуына өтті. Ол 23 жас­қа дейінгілер арасында әлем чемпионы, 4 дүркін Азия жеңім­пазы.

Джиу-джитсудан ел намы­сын қорғаған Нұржан Батыр­беков финалдық сайыста екі дүркін Азия чемпионын жеңіп, жанкүйерлерді бір қуантып тас­тады. Әлем чемпионатының қола жүлдегері Н.Батырбеков (69 кг) жарыс барысында Осама Кандилді – 9:0, Рамшед Абдуллаевты – 7:0, Сеонгхуеон Жуді 5:2 есебімен жеңді. Финалдық айқаста Мохамед Алсувайдиден 4:2 есебімен айла­сын асырды.

Каратэші Нұрқанат Әжі­қа­новты Токио Олимпиадасы­нан бері танимыз. Жапон жерінде жолы болмады демесеңіз, жерлесіміз Азия, әлем чемпионаттарында жүл­де алып жүр. Сондықтан Нұр­қанаттың алдында Азия ойын­дарында топ жару мақсаты тұрды және жерлесіміз үмітті ақтады. Каратэшіміз Азия ойындарының алғашқы айналымында Махаммед Шекху Аламды (Непал) 5:0 есебімен ұтса, ширек финалда қырғыз спортшысы Назым Нұрлановтан 3:1 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда Нұрқанат Малайзия өкілі Рагоназан Шар­мендранды 4:3 есебімен жеңді. Ал финалда иорданиялық Хасан Масаршейхті 8:0 есебімен ойсырата ұтты.

Сондай-ақ кеше Лаура Әліқұл (каратэ), Алексей Луценко (велоспорт), Қамшыбек Қоңқабаев (бокс), Карина Ибрагимова (бокс) күміс медальды жеңіп алды. Ал Әлімхан Сыздықов (грек-рим), Мансұр Хабибол­ла мен Алдияр Серік (джиу-джитсу) қола жүлдені қанағат тұтты.

Бейресми жалпыкоманда­лық есепте Қазақстан құра­ма­сы ­8 алтын, 15 күміс және 38 қола ­медальмен 11-орында ке­леді. Бүгін жарыс жолына шы­ға­тындардың қатарында Ислам ойындарының чемпионы Қай­сар Алпысбай мен Әсел Қанай бастаған каратэшілер, ашық су­да 10 шақырым қашықтық­та­ғы Азия чемпионатының жүл­дегері Мария Федотова мен Диана Тасжанова, Рахат Қал­жан бастаған еркін күрес шебер­лері, әйелдер күресі, көркем гим­настика, джиу-джитсу қыз-жігіттері биік тұғырдан көрінуге та­ласады.