• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Тарих 05 Қазан, 2023

Ұстаз ұстанымы

476 рет
көрсетілді

Ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің «Мен жақсы мұғалімді дүние­де­гінің бәрінен де қымбат көремін» деген сөзінің өміршеңдігіне еш күмән болмасы анық. Неге десеңіз, жақсы мұғалім ғана білім мен тәрбиені терең ұштастыра отырып, түрлі ғылым негіздерін меңгерген, саналы, бәсекеге қабілетті тұлғаның қалыптасып шығуына күш салады. Ыбырай бабамыз жоғары бағалаған жақсы мұғалім деп қандай маманды айтамыз, ол қандай болуы керек? Бұл сұрақтың жауабына Спандияр Көбеевтің ұстаздық жолына үңіл­гендер қанығады деп ойлаймыз. Педагог-жазушының «Орындалған арман»­ мемуарлық еңбегін мұқият зерделей отырып, осындай байламға келдік.

Сонау қиын-қыстау кезеңде жоқтан бар жасап, оқу құралын құрастырып, білім-тәрбие тақырыбында мақалалар жазып, мектептер ашып, аянбай еңбек еткен Спандияр Көбеев өнегесі – мұғалімдер үшін анық бағдар. Ұстаздықтың қыр-сы­рын терең меңгеріп, қызметін зор сүйіс­пеншілікпен, кәсіби шеберлікпен атқар­ған ол Ы.Алтынсаринді қымбат кө­ріп, жоғары бағалаған жақсы мұғалім, қа­зір­гі тілмен айтқанда, үздік педагог бо­ла білді.

Спандияр Көбеев 1878 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Құрманбай өткелі деп аталатын күзекте дүниеге келген. Ата-анасы оны алдымен молданың оқуына береді. Алайда ол молданың өктемдігіне шыдай алмай, қашып шығады. Бақытына қарай, көп ұзамай Ы.Алтынсариннің ұйытқы болуы­мен­ ауылда мектеп ашу ісі қолға алынады. Сол мектепке оқуға қабылданушылар қата­рына Көбей келешегінен көп үміт күттірген ұлы Спандиярды жаздырады. Әйтсе де мектепке келген күні ұлын оқу­шылар тізімінен шығарып, орнына ауыл­дағы Олжабай деген байдың баласын ал­мақшы болып жатқанын біледі. Мұны есті­ген Көбей аң-таң болып, наразылығын білдіріп жатқан сәтте, олардың жанына білім ордасының ашылуына орай келген Ыбырай Алтынсарин жақындап, шудың шығу себебін сұрайды. Сол жерде бас ұстаз бұл мектеп жалпы қазақ балаларына арналғанын, уездік ұлықтардың да, болыс­тардың да мектепке жазылған балалар­ды­ тізімнен шығарып тастауға құқығы жоқ­тығын шегелеп айтады. Сөйтіп, Ыбы­рай­ оқуға ілігіп, жүзі бал-бұл жанған Спан­диярды маңдайынан сипап, бетіне үңіле қарап: «Оқы, балам, жақсы оқы», деген тілегін білдіреді. Ұлы ұстаздың мейі­рім­ді­ жүзі, жанашырлық сезімі, шынайы қам­қор­лығы Спандиярдың жадында мәңгілік сақталып қалады. Ол өмірінің соңына дейін Ыбырай жолымен жүруге бекінеді.

Сонымен тоғыз жасар Спандияр 1887 жылы 10 желтоқсанда ұлы ағартушы-педагог ашқан мектеп табалдырығын аттайды. Оқуға құштар бала бір рет ауырып қалғаны болмаса, үзбей оқып, бұл мектепті 1892 жылы бітіріп шығады. Ыбырай мектебінен соң болыстық орысша мектепте, кейін Қостанайдағы екі жылдық орыс-қазақ мектебінде барлығы он жыл оқып, 1897 жылы жаңа өмірге қанат қағады. Мектеп бітіріп келген Спандиярды туған ауылы қуанышпен қарсы алады. Әке-шешесі өз әлінше той жасайды. Ендігі мақсат – кәсіптік білім алып, елге қызмет ету. Мамандық таңдауда қателесуге болмайды. Түрлі мектепте оқи жүріп, жүрегіне мықтап ұялаған сәттерді сана сүзгісінен өткізген Спандияр нақты шешімге келеді. Ол өзі өнеге тұтқан Ыбырай жолын таңдайды. Әке-шешесімен ақылдаса отырып, осындай шешімге келеді. Спандиярдың айтуынша, бұл үшеуінің де арманы болған көрінеді. Сондай-ақ болашақ мамандық таңдауына алғашқы мұғалімі Досмағұл Тоқтабаевтың ықпалы да зор болған. Бірде ұстазы ата-аналар жиналысын өткізіп, оған оқушыларды да қатыстырады. Жас Спандиярдың жадында мұғалім ағайының: «Халайық, балаларың жақсы оқысын, адам болсын десеңдер, Ыбырай ағаң сияқты тілсізге тіл бітіретін өнерпаз, халыққа қызмет етіп, ел қамқоры боласыңдар деп, оларды жақсылыққа бастап, ілгері қарай сүйреулерің керек» деген сөздері жатталып қалады. «Досмағұлдың әлгі сөздері көкейіме қонып, өзі сияқты оқытушы болсам екен деп арман етіп отырдым. Болашағыма жол сілтеген шамшырағым, мені ілгері жетектеген осы арманым еді» деп, мұғалімдікке бет бұруға түрткі болған сол бір жұлдызды сәтті еске алады.

Сол арманына жету үшін 1897 жылғы шілде айының соңына таман Орынборға, оқыту­шылар даярлайтын мектепке өтініш жібереді. Алайда өтініші кешігіп жет­кен­діктен, түсу емтиханын келесі оқу жылында тапсыруға тура келеді. Сөйтіп, тағы бір жыл бойы өздігінен оқып, жақ­сы­ даярлануға мүмкіндік алады. Тұрақты түрде оқып отыруды жарқын өмір сүрудің пәр­менді бір тетігі санаған бозбала тек емтихандарға дайындалып қана қоймай, сонымен бірге орыс классиктерінің кітаптарын да оқумен болады. Сол жылы Крылов шығармаларының толық жинағын, Пушкин, Лермонтов секілді қаламгерлердің кітаптарын оқып шығады. Осы тұста Спандиярға жазушы болсам деген де ой келеді. Ол үшін танымал ақын-жазушылардың кітаптарын, мерзімдік басылымдарды үзбей оқып, жазудың қыр-сырына үңіле түсу керегін ұғынады.

Сонымен оқуды аңсап, зарығып күткен бір жыл өтіп, тамыз айы туды. Алайда Спандиярдың Орынборға жолы түспейді, тағы да әділетсіздікке кезігеді: орнына Өтетілеу деген бір ауқаттының баласын жібермекші болады. Әйтсе де жүрегі мұғалімдікті қалаған жас жігіт діттеген мақсатынан таймай, Қостанайдағы екі жылдық педагогикалық курсқа түседі, оны 1900 жылы бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. Бастапқыда өз ауылының балаларын жиып, қазақша, орысша сауатын ашады. Спандияр сол шәкірттерінің көбі кейін оқып, білім алғанын мақтан етеді.

1901 жылдың тамыз айында жас маман Ырғыз уезіндегі Толағай болысына қарайтын Кішіқұм дейтін Қостанайдан мың шақырымға жуық жердегі ауылдық мектепке оқытушы болып тағайындалады. Енді туған жерден жырақтағы бейтаныс­ ауылда жұмысын жалғастырмақшы. Жауап­кершілік жүгін терең сезінген жас маман бұл турасында былай жазады: «Ертең оқу басталады деген күні ұйық­тай алмай шықтым. Өйткені өмірінде орыс­ты көрмеген, орысша бір ауыз сөз білмейтін балаларды орысша оқытуым керек. Тым болмаса, өзінің ана тілінде сауатын ашқан балалар болса екен-ау. Өз ана тілін білмеген балалар өзге ұлттың тілін қалай меңгермек». Алғашқы сабағында Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін оқып береді.

Қай жерде жүрсе де, қолына түскен кітаптарға құмартып, өзінің жеке кітапхана қорын молайтуға мән береді. Күшіқұмда оқытушы боп жүргенде, елдегі бай-манаптардың әділетсіздігіне қарсы шық­қан, өз ой-пікірін ашық білдіріп жүр­гені үшін Көбеев инспектор Хохловтан ескер­ту алады, сөйтіп, жұмыстан кетуіне тура келді. Алайда қажыр-қайраты мол аза­мат еш мойымайды, қайта жігерлене түсіп, шығар биігінің әлі де алда екеніне сенеді. Бұл 1903 жылдың жаз айы болатын. Ауылға қайтар тұста Спандияр Ырғызда бір аптадай аялдайды. Оқу-білімге құштар жас маман мұнда көптеген кітап, журнал сатып алып, туған ауылына атбасын бұрады. Ауылда ай жарымдай болғаннан кейін Петропавл уезіндегі Нілді болыстық мектебіне мұғалім болып тағайындалады. Мұнда 1905 жылдың күзіне дейін жұмыс істейді. Осы мектепте екі жыл оқытушы болған кезінде де кәсіптік білімін көтеру мақсатында, әдеттегідей педагогикалық басылымдарға жиі үңіліп, кәсіби тұрғыдан шыңдала түсуді мақсат етеді. Сондай-ақ көркем әдебиет оқуды да назардан тыс қалдырмайды. Өзінің айтуынша, мектеп ұжымында бірсыпыра орыс оқытушысы жұмыс істеген, олардың жақсы кітапханалары болған. Спандияр сол әріптестерінен кітаптар алып тұрады. Петропавлдағы мектептен С.Көбеевті Қостанай облысының Ұзынкөл ауданындағы Федоровка селосында ашылған екі класты орысша-қазақша мектепке оқытушы етіп жібереді. Мұнда ол 1919 жылдың күзіне дейін оқытушы болып істейді. Осы жылы денсаулығы сыр беріп, өз ауылы Ақсуатқа оралады. Мұнда өмірінің соңына дейін ұстаздық етеді.

Спандияр өзінің ұстаздық ұста­ны­­­­­­­мы­­на беріктігін әрдайым танытып, кәсіби шеберлігін оқып-үйренумен, ізденумен шыңдап, бекітіп отырғанын айтып өттік. Айталық, 1905 жылы тамыз айында Омбыда бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған бір айлық оқыту курсы ашыл­ғанда, ол өз еркімен сол курсқа да баруды жөн көреді. Педагог-жазушының: «Әлі де көп оқу, көп үйрену, көп іздену, жетіле беру керек сияқты еді. Мен өз тұсымнан оқып, білімімді толықтыра берейін деген ойға келдім. Бұрын менің қолымнан түспейтін кітаптар: Пушкин, Лермонтов, Крылов, Салтыков-Щедрин, Толстой, Чернышевский, Белинскийлердің шығармалары болса, енді солармен қатар орыстың ұлы педагогі К.Ушинскийдің, П.Лесгафтың еңбектерін оқыдым. Оқытушы үшін тәжірибе мен педагогикалық ғылымды ұштастыра білуде өз пәнін ойдағыдай меңгеру, педагогикалық шеберлікті арттырып, барған сайын жетіле беру бірден-бір қажетті шарт» деген ой-пікірі қазіргі мұғалімдер үшін де маңызды, өзекті. Спандияр тек өзі оқып, біліп қана қоймай, оқыған шығармаларын, атап айтқанда Чеховтың күлкілі әңгі­ме­лерін, Гогольдің «Өлі жандар» поэ­ма­сын, Пушкиннің «Дубровскийін» ауыл адамдарына әңгімелеп беріп жүрді, тұрғындар арасында оқу-ағарту жұмысын жүргізді.

Тұрақты түрде оқуды мұрат тұтқан оқытушы өнегесінің қазіргі «өмір бойы оқып-үйрену» қағидасымен үндесуін кездейсоқтық деуге келмес, өйткені жанданып, жаңғырып отырмаған білімнің жұтап, ортая беретіні хақ. Жетіліп, толығып отырған білім ғана биіктерге жетелейді. С.Көбеев түрлі сылтаулар айтып, газет-журнал оқымайтын мұғалімдерді сынға алады: «Кейбір оқытушылар өз тұсынан оқып, білімін арттыруға «жағдай жоқ» деген сияқты түрлі сылтау айтып, өздерінің білімін толықтырғысы келмейді. Біздің заманымызда оқытушылардың өз тұсынан оқып, білімін арттыра беруіне жақсы жағдай бар. Жергілікті жерлердегі мүмкіншіліктерді (кітапхана, партия оқуы, т.б.) сарқа пайдалану, радио арқылы беріліп отыратын әр алуан лекцияларды тыңдаудың өзі, газет, журналдардағы үлгі мақалаларды оқу оқытушының ой өрісін кеңейтіп, білімін арттыра беруіне мүмкіншілік береді». Құдды бір қазіргі мұғалімдерге айтып отырған сияқты. Себебі бү­гінде де көпшілік мұғалімдер газет-журналға мәжбүрлеп жаздырады деп шағымданып жатады. Біздіңше, мұғалімдер мәжбүрлеуге жеткізбей, газет-журналды өздері тұрақты түрде жаздырып, оқып отыруға тиіс. Жаңа білімді ұдайы сіңіріп, санаға тоқып отырмасаң, тоқырап қаласың. Әрі үздіксіз оқып отыру жас ұрпақтың болашағына жауапты мұғалімдер үшін өте-мөте қажет. Өзі оқымаған мұғалімнің өзгелерді сапалы оқытып-тәрбиелеуі екіталай.

Оқып-үйренуге құштарлық, еңбек­қорлық адамды алға жетелейді, жаңа белестерді бағындыруға бел буғызады. Спандияр жазушылыққа бет бұрады. И.Крыловтың мысалдарын аударады. Оның аудармалары «Үлгілі тәржіме» деген атпен 1912 жылы жарық көрді. Оқу құралдары жетіспегендіктен, ол Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясының» үлгісімен «Үлгілі бала» оқу құралын жазып шығарады. Сондай-ақ оқу-ағарту ісі тек оқытушылықпен шектелмейтінін ұғынып, халық санасына күштірек әсер ететін құрал көркем әдебиет деген ой түйеді. Нәтижесінде, «Қалың мал» романы жарық көреді. Осыған қатысты мына бір ренішін де жасырмайды: «Айқап» журналы да «Қазақ» газеті де қазақ тілінде шыққан тұңғыш роман туралы жұмған аузын ашпады. Сол кездегі «қазағым», «елім» деп аузымен орақ орып жүрген кейбір «оқымыстылар» да ешқандай пікір айтпады».

С.Көбеевтің педагогикалық мәсе­ле­лерге, атап айтқанда, баланы оқуға ынталандыру, патриотизмге, мәдениеттілікке тәр­бие­леу, оқытушы беделі, орыс тілін оқыту әдістері және т.б. тақырыптарға қатыс­ты жазған мақалалары жергілікті баспа­сөзде, «Халық мұғалімі» журна­лында жарияланып тұрды. Сондай-ақ­­ С.Көбеев «Айқап» журналының да тұрақты авторларының бірі болды.­ Педа­гог­тің «Оқытушы педагогиканы, оқыту әдісін, психологияны жақсы білуі керек. Педагогикалық шеберлік осы айтыл­ғандарды жақсы білумен бай­ла­нысты», «Ең басты мәселенің бірі – бала­ны әді­лет­шілдікке, шыншылдыққа тәр­биелеу», «Оқу­шы­ның бүкіл болашағы оқытушының қолын­да. Ол өсіп, азамат болғанда, жақсы әсер, үлгілі тәрбие берген оқытушысына мың­ да бір алғыс айтады» деген пікірлері мұға­­лімдер үшін аса маңызды, оқыту-тәр­бие­леу ісіндегі өзекті, өміршең мәселелер.

Құлашын кеңге сермеген педагог-жазушы мектеп ашу жұмыстарына да белсенді араласты. Аяулы ұстазы Ы.Алтынсарин сияқты мектеп салу ісіне жіті көңіл бөліп, Меңдіқара ауданындағы Қарқын, Құмтөбе, Шолақсай, Қамыс­тыкөл, Ұялы­сай деген ауылдарда және өз ауылы Ақсуатта бастауыш мектептердің ашылуы­на­ мұрындық болды. Кейін облыстық оқу бөлі­мінің бастығымен сөйлесіп, өзі қызмет етіп жүрген Ақсуат бастауыш мектебінің жеті­жылдық, ал Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында онжылдық мектепке айна­луына қол жеткізді.

С.Көбеевтің азаматтық ұстанымы мен кәсіби қызметіне беріктігін мына бір үзік те айғақтайды: «1943 жылдың күзінде Екінші дүниежүзілік соғыс қызу жүріп жатқан кезде, сабақтан кейін мен оқушыларыммен бірге егіс басында болдым. Өйткені бригадада әрі үгітші болып, әрі балаларды масақ теруге бастап шыққан едім. Бригадада газет оқып беріп, енді масақ теріп жатқан балалардың қасына барып тұрғанымда, Қостанайдан келе жатқан жазушы Сәбит Мұқанов кездесті. Ол біздің үйге барды. Сөз барысында жазушы: «Енді мектеп жұмысын қоймайсыз ба, жасыңыз болса, келіп қалды», деді. «Жоқ», дедім мен, қырық жылым мектепте өткен екен, қалған өмірім де мектепте-ақ өтсін». Бірақ кейін әркім «енді қартайдыңыз, тынығыңыз» деп, айта берген соң, бір айдай мектеп жұмысынан қалып, үйде жатып көрдім. Бірақ бұл маған жұмыстан ауыр болды. Сондықтан мен жұмысқа қайта кірдім. Күні бүгінге дейін Ақсуат орта мектебінде оқытушы болып істеп келемін...».

«Елге сіңірген еңбек жақсы, еңбекті еле­ген ел жақсы» деп С.Көбеевтің өзі айт­қан­дай, оның жан-жақты еңбегі лайықты бағаланды. Екі мәрте Ленин орденімен марапатталып, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім» атақтарына ие болды. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаттығына сайланды. Сөйтіп, Ыбырай ұстазының шапағатына бөленген С.Көбеев жақсы мұғалім ғана емес, педагог-жазушы атанып, қазақ тарихында мәңгілікке қалды.

«Өмірімнің ақырғы минутына дейін ардақты халқыма қызмет ете беруді арман етемін. Менің мақсатым да, мен үшін рахат та, ләззат та – осы» деген аяулы ұстаз 1956 жылғы 21 желтоқсанда дүниеден өтті. Ұстанымына берік ұстаздың дара жолына үңіле отырып, түйгеніміз: кәсібін терең меңгеріп, мейлінше адал еңбек еткен адамның мерейі үстем, мәртебесі биік. Ерен еңбек иесі қашанда құрметке лайық.

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Ләззат АХМЕТБЕКОВА

 

Қостанай облысы