• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Отбасы 06 Қазан, 2023

Ұлттық дәстүр бәрінен биік

285 рет
көрсетілді

Осы күні Қызылорда облысындағы 141 мыңнан асатын отбасының 48 мыңы – көпбала­лы­лар үйелмен қатарында. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірде 17 мыңға жуық «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері тұрады. Жақында шаңырақ тіктеген жастардың жұбайлық өмірге қатар басқан қадамдары жаңа Неке сарайы­нан бастау алды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың 85 жылдық мерейтойы мен қала күні аясында есігін айқара ашқан жаңа ғимарат алдында жас жұбайларды құттықтап, мереке күндері қалада әсем ғимараттар мен көз тартар көр­кем аллеялар тарту етілгенін атап өтті.

– Біз үшін бұл орталықтың маңызы өте зор. Жыл сайын өңірімізде шаңырақ құндылығын қадір тұтқан үйелмендер саны артып келеді. Биыл Отбасы күні қарсаңында Астана төрінде 10-шы рет өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жерлесіміз, ғасыр жасаған майдангер Қабақ Смағұл әулеті лауреат атанды. Біз осындай өнегелі әулет­терді мақтан тұтып, жастарға үлгі етеміз. Жаңа өмірдің жарқын баспалдағына айна­лар сарайда рухани кемелденген жаңа буын қалып­тастыруға жағдай жасалады, – деді аймақ басшысы.

Жиында жаңа нысанды сапалы салып, мерзімінде тапсырған «Авангард» ЖШС өкілдеріне құрмет көрсетілді. Отбасылық өмірге жаңа қадам басқан жас жұбайлар лебізін білдіріп, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты, ғасыр жасаған абыз ақсақал Қабақ Смағұлов бата берді.

Жаңа нысанда неке қиюдан бөлек Жастар денсаулығы, «Анаға тағзым» орталықтары, Отбасы банкі, «Бақытты отбасы» жұмыспен қамту орталығы қызмет көрсетіп, жастардың жұбайлық өмірге бейімделуіне, денсаулығын сақтауына, жұмыспен қамтылуына, тұрғын үйге кезекке тұруына, ұлттық салт-дәстүрлі құндылықтарына қанығуына қолдау танытады.

Аймақ мерейтойы аясында осы күні «Анаға тағзым» орталығы ел игілігіне табысталды. Ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, дәстүріміз дәріптелетін орталық белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен бой көтеріп отыр. Өңір басшысы 1,7 млрд теңге жұмсап, осындай ғажап ғимарат тарту еткен меценатқа Сыр жұртшылығы атынан алғыс айтып, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады. Еңбек ардагерлері Дайрабай Ысқақов, Алма Бақтиярова, Әзия Қыстаубаева жерлестерін жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, Т.Жүргенов қо­рының төрағасы Сәпен Аңсат бата берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның эконо­ми­ка­лық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – креативті индустрия­ны жан-жақты дамытуды жүктегені бел­гілі. Осыған байланысты «Анаға тағзым» орталығы ғимаратынан «Әйелдердің креа­тивті индустрия орталығы» жұмысын бас­тайды. Мұнда жаңаша ұлттық брендтер қалыптастырып, экспортты дамытуға үлес қосатындар шоғырланып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасалмақ. Жаңа ғимаратта «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, жас отбасылардың «Жас отау» мектебі, «Ана тілі» дебат клубтары да құрылып отыр.

 

Қызылорда