• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Құрылыс 06 Қазан, 2023

Достық – Мойынты: Теміржол құрылысы қарқынды

401 рет
көрсетілді

Еуразия құрлығын жалғап жат­қан қазақ даласындағы теміржол Қытай мен Еуропа және Орталық Азия мен Араб түбегіндегі елдердің зат тасы­малындағы маңызды өт­келіне айналды. Осы мүм­кіндікті толық пайдалану үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен өткен жылы Достық –Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы бастал­ды. Құрылыс жұмысы Жеті­су облысында қарқынды жүр­гізіліп жатыр.

Аталған жобаның құрылысы «Қуат­ты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Жалпы, Достық жүк тасымалы бекетінен Мойынты стансасына дейінгі 836 шақырымдық екінші теміржол желісі отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға және елдің транзиттік әлеуетін артты­руға тікелей ықпал етпек. Жобаға тап­сы­рыс беруші «Самұрық – Қазы­на» әл-ауқат қоры болса, оның құ­ры­лыс жұмы­сын «Integra construction kz» ЖШС жүзеге асырды.

Мамандардың айтуынша, құры­лыс барысында 5 ірі, 87 шағын және орта масштабтағы көпір, 288 су жүргізу құбыры, 14 автожол өткелі, сондай-ақ энергетика және байланыс нысанын салу жоспарланған. Құрылыс 2025 жылдың 4 тоқсанында аяқталады. Жоба қолданысқа беріл­генде отандық теміржол тасыма­лының қуатын арттырумен бірге «Қазақстан теміржолы жүк тасымалы» АҚ Алматы бөлімшесінің Достық жүк тасымалы стансаның жұмысы да қыза түседі.

«Достық жүк тасымал стансасы 1991 жылы ашылды. Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік ағынның 70 пайызы Достық стансасы арқылы өте­ді. Жүктің көп бөлі­гін «Достық Транс терминалы» кон­тей­нер­лік алаңы қабылдайды. Қазақ­станның транзиттік әлеуетін арттыру – елдің стратегиялық міндет­терінің бірі және біз оны мүмкіндігінше іске асыру үшін бар күшімізді салып жатырмыз.  Өткен жылғы жүк тасымалы осыған дейінгі рекордтық деңгейге жетіп, 23 мил­лион 120 мың тонна жүк қабылданып, өңделіп, жөнелтілді. Жүктің негізгі бағыттары: Қытай – Еуропа – Қытай, Қытай – Орталық Азия елдері, Қытай – Ресей елін қамтиды. Жыл басында биыл 26 миллион 800 тонна жүк тасымалданады деп жоспарланған. Қазір 15 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданды. Мұның ішінде Қазақстаннан Қытай тарапына 10 миллион 700 мың тонна жүк тапсырылса, Қытай жақтан 4 миллион 335 мың тонна жүк қабылданды. Ал 8 айдағы жүк тасымалы өткен жылдың ұқсас мезгілімен салыстырғанда 119 пайызға артық орындалды. Бүгін де Достық транс терминалы 13 контейнерлік пойызды құруға және жөнелтуге қауқарлы. Онда 600-ден астам адам жұмыс атқарады. Осы жылдың 4 тоқсанында жүк тасымалының транзиттік әлеуе­тін арттыру бағытында еуростан­дартқа сай терминал ашылмақ. Ин­фрақұрылымын дамыту мақсатында үлкен саябақ салу жоспарда тұр. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай тарапы жүк өткізу бекетінің мүмкін­дігін кеңейтуге байланысты жаңа келісімдер жүргізіп жатыр. Ол келісім жүзеге асса, жұмысымызға серпін берері анық. Енді Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші жо­лының салынуы теміржолдағы жүк тасымалының жылдам әрі зама­науи стандартқа сай жұмыс жүр­гізуіне ықпал етеді», дейді Достық жүк тасымалы стансасының басшысы Мақсат Мәмбетқұлов.

Демек, Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолы Жетісу облысы аумағында биыл жаз айында бас­талды. Жыл соңына дейін Достықтан Сайқан стансасына дейінгі 4 учаскеге теміржол төсеу жоспарланған. Қазір Достық – Ақши учаскесінде жұмыс қарқынды жүріп жатқанын көрдік: «Достық пен Мойынтыға дейін­гі әр учаскеде жұмыс қызу жү­ріп жатыр.  Жетісу өңіріндегі  теміржолды салу міндеті «Integra construction kz» ЖШС-ның оңтүстік дирекциясына тапсырылған. Қазір Ақши стансасы аумағындағы кірме жолдарды тазалау, жол салынатын жерді тегістеу мен тас төгу жұмысын атқару үстіндеміз. Осы учаскеде 120-ға жуық адам жұмыс атқарып жатыр. Теміржол құрылысын жүргізуге қажетті жеңіл және ауыр техникамен толық жабдықталған. Биылғы жос­парды жыл соңына дейін толық орындаймыз», дейді «Integra construction kz» ЖШС оңтүстік дирекциясы директорының орынбасары Орынбасар Құлпейісов.

Бұл учаскедегі жұмысшылардың бір тобы кірме жолдарды бұрындары төселген рельстен тазалап жатса, енді бір бөлігі теміржол төселетін жерге тас төгіп, тағы бір топ техникасы оны жаймалап, шыңдап, жанталас жұмыс жүріп жатыр. Құрылыс жұмысына жергілікті тұрғындар тартылыпты. Олардың айлық табысы да жақсы. Ертеңгі күні ел әлеуетін өсіруге жұмыс атқаратын жаңа жоба бүгінде жергілікті жұрттың әл-ауқатын арттырып жатқанын көрдік.

 

Жетісу облысы