Астана қаласында пара үстел теннисінен белгілі жаттықтырушы Қанат Құсайыновты еске алу мақсатында жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
1992 жылдан бастап, қазан айының екінші жексенбісі мүгедектер күні ретінде атап өтіледі. Осы атаулы күнге орай елімізде мүгедек жандардың спортпен айналысуына ықпал еткен, 2002-2015 жылдар аралығында «Қайсар» спорт клубында жаттықтырушы болған Қанат Құсайыновты еске алуға арналған турнир өтті. Жарыс биыл бірінші рет өткізіліп отыр.
«Бүгін арбадағы жандарға пара үстел теннисімен шұғылдануына мүмкіндік берген бапкер Қанат Құсайыновты еске алу турниріне тек Астана ғана емес, сонымен қатар Қарағанды, Көкшетау қаласынан да спортшыларымыз арнайы келіп отыр. Биыл Қытайда өтетін лицензиялық пара Азия ойындарына елімізден 14 адам қатысса, соның төртеуі Астана қаласы атынан барғалы отыр. Осы нәтижеге біз бірнеше жыл бойы үздіксіз жаттығудың арқасында жетіп отырмыз. Спорт болған жерде жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Сондықтан аталған жарыста барлығыңызға сәттілік тілеймін!», деді жарыстың ашылуына қатысқан Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.
Жарысқа 30-ға жуық қатысушы қатысып, ерлер және әйелдер 3 түрлі класс бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Салтанатты іс-шара барысында Әлішер Талғатов сурдо жүзуден ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Саят Досали пара жүзуден ҚР спорт шеберіне үміткер, Ринат Гильфанов пара үстел теннисінен ҚР спорт шеберіне үміткер, Жанна Алиева пара үстел теннисінен ҚР спорт шеберіне үміткер атағымен марапатталды.
Жарыс жүлдегерлері ретінде төмендегі спортшылардың есімдері аталды:
Әйелдер. С-3 санат.
1-орын. Курюкова Н.
2-орын. Алиева Ж.
3-орын. Сергеева С.
Ерлер. С-4 санат.
1-орын. Достахин Х.
2-орын. Абуов К.
3-орын. Аушамов С.
С-5 санат.
1-орын. Гильфамов Р.
2-орын. Старыгин Ф.
3-орын. Жармағанбетов Б.
Жарыс жеңімпаздары кубок, медаль және арнайы сыйлықтармен марапатталды.