Көп жыл бойы Республикамызға басшылық жасаған, халықтың құрметіне бөленген дара тұлға – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 1975 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына барғаны туралы «Egemen Qazaqstan» газетіне (8 қыркүйек 2022 жыл) жазғанбыз. Енді осы тақырыпқа қайта оралуға тура келіп тұр. Оған себеп – жеке мұрағатымда сақталған мына сурет.
Адамның адамдық сын-сипатын анықтайтын қадір-қасиеттер аз емес. Соның бірі – көңіл-қошының көтеріңкі, жанының жайдары кезін жарқыратып көрсететін, сыртқы бет-бейнесінен ғана емес, ішкі дүниесінен де айқын хабар беретін сезімінің бір сәулелі сәті күлкісі болса керек.
Күлкінің сан алуан түрі бар... Мұны қазақ атамыз баяғыда-ақ айтып қойған! Сол сияқты оның бәрін өз шығармаларында кейіпкерін бейнелеу, бедерлеу арқылы жіліктеп, жіктеп көрсеткен қаламгерлеріміз де жетеді. Сондай-ақ, сықақшы ақын, сатирик жазушыларымыз да әзіл-шыны аралас, түрлі-түрлі күлкіні тізбелеп, тізіп бергенін білеміз...
Мына суретте Димаш атаның мойынқұмдықтармен кездесуінің бір сәті көрініс тапқан. Үлкен кісінің шын жүрекпен күлгені... Ел басшысының кең жайлаудай жайылған, көрікті көлдей көлкіген көңілі... Халқын сүйген қайраткердің нағыз қазақы қалпы...
Сол жақтан бастасақ, суретте Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қаратай Адамбаев және соғыс ардагері, сол тұстағы Фурманов атындағы кеңшардың кәсіподақ комитетінің төрағасы Әлихан Есжанов (ақ жейделі) тұр. Ал республикадағы ең жоғарғы лауазымдық қызметіне қарамастан қарапайымдылық пен кішіпейілділіктің үлгілі үрдісімен Димекеңнің өзі қолтығынан ұстаған ақ сақалды қария – Фурманов атындағы кеңшардың озат малшысы Қоңқа Орманбеков.
Көзін көргендердің айтуынша, ол кісі әзіл-қалжыңды ұнататын, қуақы тілді адам екен. Сондықтан сол шақта барлығын да қатты күлдіретін сөз айтқан болуы керек...
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы