• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Қазан, 2023

Еуропалық одақ Орталық Азиямен қатынасын нығайтуы қажет

223 рет
көрсетілді

Экономикалық және дипломатиялық артықшылықтарға қарамастан, Еуропалық одақ табысты серіктестік пен өзара ілгерілеуді қалыптастыра алады. Өткен аптада Германия канцлері Олаф Шольц Орталық Азиядағы бес мемлекеттің басшыларымен Берлинде маңызды саммит өткізді.

Басты тақырып Қазақстан, Қырғыз­стан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерімен аймақтық және экономи­калық байланыстарды дамытуға арналды. Дегенмен геосаясатқа баса назар аударылғаны сөзсіз.

Орталық Азия елдері мен Ресей арасын­дағы қарым-қатынас Мәскеу билігінің былтыр Украинаға басып кіруінен кейін нашарлап, бес елге сыртқы саясатта қосымша бағыт қарастыруға мүмкіндік берді. Қазіргі жағдай Еуропалық одақтың Орталық Азиямен байланысын кеңейтуге, қарқынды дамып келе жатқан аймақта маңызды рөл атқаруға жол ашады.

 

Еуропаның энергетикалық мәселелерін шешуге мүмкіндік мол

Еуропаның Орталық Азиямен байланысын тереңдетудің пайдасы көп. Біріншіден, қарт құрлық энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуге ұмтылып жатыр. Сондықтан олардың Ресей энергетикасына тәуелділігінен құтылуға, энергия көздерін әртараптандыруда өте өзекті. Геог­ра­фиялық жағынан да, экономикалық жа­ғынан да Орталық Азия мемлекеттерінің ішін­дегі ең ірісі Қазақстанмен байланысты нығайту Еуропаның энергетикалық мәсе­лесін оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек.

Мұнай мен пайдалы қазбаларға бай Қазақстан қазірдің өзінде Ресейден басталып, Еуропаның бірнеше бағытына дейін созылатын «Достық» құбыры арқылы Германия нарығына мұнай жеткізеді. 2023 жылдың басынан бері Қазақстан Германияға 500 мың тонна мұнай экспорттады. Өткен аптада канцлер Шольцпен келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана жеткізілімді ұлғайтуға және оларды ұзақмерзімді негізде жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.

Қазақстан және Орталық Азияның басқа мемлекеттері сирек кездесетін метал­дарға бай. Бұл жасыл энергетикаға көшуге керек. Бұл металдар смартфондар мен жел турбиналарынан бастап электр көліктеріне арналған аккумуляторларға дейінгі көптеген технологияны өн­діруде шешуші рөл атқарады. Қазіргі уақытта Еуропа осындай пайдалы қазба­ларды Қытай мен Ресейден көп көлемде импорттайды.

 

Орта дәліз – ең маңызды жоба

Қытай және Ресеймен арадағы күрделі, шиеленіскен қарым-қатынасты ескерсек, Еуропа сирек кездесетін металдарды жеткізу тізбегін белсенді түр­де әртарап­тандыруға ұмтылуға тиіс. Орталық Азия елдерімен серіктестікті тереңдету осы бағыт­тағы стратегиялық қадам бола алады. Дегенмен Азиядан Еуропаға тауар жеткі­зетін негізгі сауда жолдары Ресей арқы­лы өтеді. Осы шиеленіс сақталса немесе одан әрі нашарласа, жағдай ушығуы ықтимал.

Сондықтан Орталық Азия елдері де, Еуропа мемлекеттері де балама сауда жолдарын құруға ұмтылады. Азия мен Еуропаны байланыстыратын тауар тасымалын кеңейтуде Ресейді айналып өтетін, Оңтүстік Кавказ және Қазақстан арқылы өтетін «Орта дәліз» ретінде белгілі Транскаспий сауда жолының көкжиегі кең. Бұл бағыттағы тасымалдау мерзімі 38-53 күннен небәрі 19-23 күнге дейін қысқарды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 14-18 күнге дейін қысқарту жоспарланған.

Берлинге сапары барысында Прези­дент Қ.Тоқаев Транскаспий бағытын Тран­с- е­­уропалық көлік желісімен, Еуропалық одақ­тың «Жаһандық қақпа» бастамасымен байланыстыруды ұсынды. Бұл қадам инфра­құрылымдық жобаларға инвестиция салу, экономикалық серіктестік орнату арқылы басқа жаһандық жобалармен бәсе­келесудің әлемдік стратегиясы саналады.

 

Кремльдің ықпалынан құтылу

Ресейдің агрессивті әрекетіне байланысты Украинадағы соғыс шиеленісті. Бұл Брюссельге стратегиялық одақтарды, әсіресе Ресейдің ықпалындағы аймақ­тар­мен байланысын нығайту қажет екенін көрсетеді. Орталық Азия мемлекет­терімен қарым-қатынасты тереңдетіп, Еуропа экономикалық және саяси ынты­мақтастықты кеңейтіп қана қоймайды. Сонымен қатар маңызды геосаяси артық­шылықтарға ие болып, Ресейдің үстемді­гіне стратегиялық тұрғыдан қарсы тұрады.

Әсіресе Қазақстан Батыспен байланысын кеңейтуге үлкен қызығушылық танытып отыр. Ел билігі Ресеймен тығыз экономикалық және мәдени байланыс­тар­ды сақтаса да, көршілес мемлекеттің Украи­наға басып кіруін қолдаудан бас тарт­ты. Соғыс қимылдарын тоқтатуға және БҰҰ Жарғысының қағидаттарына сәй­кес бейбіт келіссөздерді бастауға ша­қыр­ды. Қ.Тоқаев О.Шольцпен сұхба­тын­да Қазақстан Батыстың Ресейге қарсы салған санкцияларын орындайтынын мәлімдеді.

 

Үстемдікке ұмтылуды тоқтату қажет

Еуропа қазіргі жағдайды пайдаланып жатқанымен, Орталық Азияның күрделі геосаяси ахуалын ұмытпауы қажет. Еуро­палық одақ Орталық Азиядағы үстемдікке қол жеткізу жолында жаңа «Үлкен ойынды» тудырудан бас тартуы керек. Өйткені ешбір ел өзін қарапайым «пешка» ретінде көргісі келмейді.

Ресей мен Қытайдың ықпалын толығы­мен алып тастау мүмкін емес. Сонымен қа­тар бұл қадам Орталық Азия елдерінің стра­тегиялық мүдделеріне сай келмейтінін тү­сі­ну маңызды. Мәселен, жақында Қ.Тоқаев Қа­зақ­стан өзінің негізгі одақтастарымен «көп­векторлы» сыртқы саясатын жүргізе бере­­ті­нін, стратегиялық мәселелер бойынша ынтымақтастығын жалғастыратынын мәлімдеді.

Орталық Азияның негізгі ойыншылармен оңтайлы байланысты нығайтуға деген көзқарасы, сайып келгенде, бүкіл Еуразиялық аймақтағы тұрақтылық пен ынтымақтастыққа ықпал ете алады. Эконо­микалық және дипломатиялық пайдаға қарамастан, Еуропалық одақ серіктестік пен ортақ ілгерілеуді дамытқанда ғана нақты табысқа қол жеткізді. Осындай инклюзивті және бірлескен көзқарас Ор­талық Азияға қажет болуы мүмкін.

 

Эмиль АВДАЛИАНИ,

Тбилисидегі Еуропалық университеттің профессоры, «Geocase» сараптамалық орталығының директоры