• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Оқиға 09 Қазан, 2023

Қарағандыда жасөспірім жарылғыш зат туралы жалған хабарлама жасаған

262 рет
көрсетілді

Қарағандының медициналық мекемелерінің бірінде 17 жастағы науқас 112 арнасына қоңырау шалып, қалалық ғимараттардың бірінде жарылғыш зат жасырылғаны туралы айтқан. Бұл туралы Polisia.kz сайтынан мәлім болды, деп жазады Egemen.kz.

Полиция қызметкерлері ғимарат пен оның іргелес аумағына толығымен тінту жұмыстарын жүргізгенімен ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.

Тексеру барысында тәртіп сақшылары қоңырау шалынған абоненттік нөмірдің иесін анықтаған. Аталған мекеме қызметкері әйел адам телефонын палаталардың біріндегі үстелде қалдырып кеткенін айтқан. Мұны пайдаланған жасөспірім бомба туралы хабарлаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау – қоғамдық тәртіпке қол сұғатын қауіпті қылмыс. Ондай оспадар әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеу не болмаса түзеу жұмыстарына тарту, яки 5 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру секілді жаза түрлері көзделген.

Аталған қылмыс түрі үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар және жалған хабарлама салдарынан болған барлық залал өтелу санатына жатады. Егер оны кәмелетке толмаған бала жасаған жағдайда залалды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.