• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Тарих 10 Қазан, 2023

Тоқтарларды қарсы алғанбыз

469 рет
көрсетілді

...Бұл сурет осыдан 32 жыл бұрын – 1991 жылдың 10 қазанында түсірілген еді. Құрамында қазақтың тұңғыш ғарыш­кері Тоқтар Әубәкіров, Анатолий Арце­барский және аустриялық Франц Фибек бар «Мир» кешенінің құлдилау аппараты Алматы уақытымен 09 сағат 12 ми­нутта қасиетті жерге жайлы қонды.

Ға­рыш­керлерге жұмсақ алақанын жайған жер­ұйық – Арқалық ауданы Майкөтов атындағы кеңшардың Жұрынбай жайлауы Торғай облысының орталығынан оңтүстік шығысқа қарай 58 шақырымда жатыр еді. Арнайы қарсы алушылардың құрамында «Егеменді Қазақстан» газеті­нің осы облыс бойынша меншікті тілшісі ретінде біз де болған едік. Басылым мәртебесіне орай құрыш қазақ Тоқтарға алғашқы сұрақ беру мүмкіндігін пайдаланып, оның тер жуған жүзіне масаттана қарап тұ­рып: «Қарқаралыны» шырқадыңыз ба ғарыш­та?», деппін. «Иә, Мәди бабамның бұл әнін дауысым жеткенше салып бақтым ғой», деген ол қыранша саңқ етіп, көкзеңгір аспанға құмарта жанар қадады.

Көктен әріптестерімен есен-сау түскен Тоқтар ағасын көргенде ақын Нағашыбай Мұқатов шабыттанып, жыр төккен:

«Көкірек тым керемет күй ұққандай,

Ұлғайды жаңалыққа ұйып Торғай.

Ғарышқа талмай тартқан қазақ атын,

Тұғыры Тоқтарымның берік болғай!»

Бұл арнаудан ләззаттана күш жиған Тоқтар батыр күлімдей түсіп, күркірей тіл қатты:

– Ғарыштан жеткен көк байрағыңды қабылда, Қазақстаным! Берік қолда бол, бейбіт заманда еркін желбірей берші!

Біз батыр жүзінен көз алмай, отаншыл жүректің ыстық ілтипатына қоса бөленгендей күй кештік.

 

Қайсар ӘЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»-ның ардагері