Бір әңгімесінде Балнұр өзінің атын қойған әкесі екенін, оны екі сөзден ойлап құрастырғанын айтқан болатын. Бірінші сөз – Бал, ол – өз әкесі Балғабектің бірінші буыны, екінші сөз – Нұр деген Нұрғисаның бірінші буыны екен. Олар жақсы дос болған, бір-бірінің дарынын бағалап, сыйласып өткен.
Әкесі қызының Нұрғисадай дарынды композитор болғанын армандаған екен. Балнұр екі әкесін де ренжіткен жоқ. Ол – әкесіндей жақсы журналист, әдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты. Нұрғиса әкесіне тартып, музыка сырын меңгерген композитор болды. Балнұр тағы бір сөзінде төрт адамды ұстаз тұтып, солардан үйреніп, үлгі алғанын айтқан еді. Олар: өз әкесі – Балғабек, әкесінің досы – Нұрғиса, ұстазы – композитор Құддыс Қожамияров және Еркеғали Рахмадиев деген болатын. Бұл адамдарды кім білмейді. Қазақ өнерінің қаймағы, дарынды, құдіретті тұлғалар емес пе? Қазақта бір сөз бар. «Досыңды айт, кім екеніңді айтайын» дейді. Ал бұл жерде «Ұстазыңды айт, кім екеніңді айтайын» дегің келеді. Төртеуін де Балнұр әкем дейді, құрметтейді, сыйлайды, еркелейді. Төрт әкесінен Балнұр елін, жерін, ұлтын сүюді үйренді.
Балнұр консерватория табалдырығынан аттап, қызметке араласып жүрген кезең болатын. Қазақстанның Ресейдің құрамына өз еркімен қосылуының 250 жылдығын атап өту науқаны басталып кеткен. Бір күні үлкенді-кішілі композиторлар Мәдениет министрлігіне шақырылады. Министрдің орынбасары композиторларға тапсырма береді. Мерекені дүркіретіп атап өту керек. Ол үшін сол тақырыпқа жақсы шығармалар жазылуға тиіс. Жиналыстан бәрі ойланып шығады. Композиторлар шабыттанып іске кіріседі. Ертесіне жиналысқа бармай қойған Еркеғали Рахмадиев Балнұрдан «Министрлікке уәде бердің бе? Не жазып жатырсың?», деп сұрайды. Сонда Балнұр: «Мен Қазақстанның отарлануының 250 жылдығын жырлайтындай әлі есім ауысқан жоқ. Ішіңізге сыймай бара жатқан музыка болса, өзіңіз жазыңыз», дегенде ұстазы оған іштей риза болып, ойланып қалады. Тек бар айтқаны: «балам-ау, жассың, тым тік сөйлейсің, бәріміздің ойымыз бірдей ғой» болыпты.
Композитор Балнұр Қыдырбек журналист-жазушының отбасында Алматы қаласында дүниеге келді. Жазушы деген сезімтал, психолог болады ғой. Тұңғышының музыкаға бейімділігін Балғабек бірден байқаған болуы керек. Балнұрды 7 жасынан бастап К.Байсейітова атындағы музыка мектебіне оқуға береді. Мектепті фортепиано мамандығы бойынша жақсы бітіріп шыққан соң, Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясының композиторлық бөліміне оқуға түседі. Мұнда ол композитор Құддыс Қожамияровтың сыныбында оқиды. Консерваторияны бітірген соң да екі жыл ассистентураны тәмамдайды. Бұл жылдары оның шығармашылық қоржыны ірілі-ұсақты көптеген камералық пьеса мен симфониялық күйге, «Айтылмаған ән» деген операға толы болған.
Музыкалық білімін жетілдіріп, еркін суреткер болып шыққан Балнұр тыңдаушының сезімін селт еткізіп, ой салатын, рухани азық болатын, болашағына бағыт-бағдар беретін шығармалар жазуды ойластырады. Осындай мақсаттан, халқының бостандығын, тәуелсіздігін ойлаудан туған симфониялық поэмасын алғашында «Жоңғар қақпасы» деп атаған еді. Поэманы тыңдаған сарапшылардың бірі бұл Қытай мен Совет елінің арасына сына, жік салады десе, енді бірі мынадай жарқын заманда көңілсіз музыкаға орын болмауы керек, тарихты қозғап керегі не дегендей пікірде болады. Желтоқсан оқиғасынан кейінгі жылдары мұндай пікірлер қауіпсіз емес еді. Әйтеуір шығарманың атын 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісіне арнап «Бекболат» деп өзгертеді. Сөйтіп, батыл қыз бір қауіптен аман қалады.
Сонымен қатар Балнұр қазақ музыкасын жан-жақты дамытуды мақсат тұтты. Сондағысы ұлттық музыка жазу, қазақ музыкасында кенже қалған жанрларды жетілдіру болатын. Осы мақсатпен ол қазақ ұлттық аспаптар оркестріне арнап көптеген музыкалық шығарма жазды. Бұған дейін қазақ композиторлары қалам тартпаған жанрларға көңіл бөлді. Атап айтсақ, ол композиторлар арасында бірінші болып үрмелі аспаптар оркестріне музыка жазды. Оның шығармалары жоғары бағаланды да. Балнұрдың үрлемелі оркестрге жазғандары үшін 1987 жылы Одақ көлемінде А.Александров атындағы жүлденің лауреаты атанды. Мұндай мәртебелі конкурстың жүлдегері болудың деңгейі де жоғары болатын.
Жалпы, қазақ музыкасында балет жанры кенже қалып келе жатқаны белгілі. Ал балаларға арналған балет мүлде жоқ еді. Сол балаларға арналған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген тұңғыш балетті де Балнұр жазды. Оның қазақ халық ертегілері негізінде жазылған «Наурыз мейрам хикаясы» деген балеті «Астана-Бәйтерек» конкурсының Гран-при жүлдесіне ие болды.
Балнұр опера жанрына да жаңалық енгізді. Оның қазақтың ұлы ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының поэмасы негізінде жазылған «Қалқаман-Мамыр» опера-балеті – өте күрделі де қомақты дүние. Поэманы Шәкәрім ХVІ ғасырда Тобықты руында болған тарихи оқиға желісімен жазғаны белгілі. Екі жанр қосылған бұл шығармада драмалық көріністер опера тәсілдерімен берілсе, көркемдік жағы балет тәсілдерімен беріледі. Жаңа спектакль К.Байсейітова атындағы Опера және балет театрында 2007 жылдың 19 қаңтарында сахналанып, көрермендерге рухани көңіл күй сыйлады. Бұл қойылымның орны да, мәні де ерекше еді. Осы спектакльмен қазақ ұлттық өнеріндегі тоқырау кезеңінің шымылдығы сырылғандай болды.
Балнұр шығармашылығындағы тағы бір жаңалық – «Реквием» шығармасы. Бұл тақырыпқа да қазақ композиторларының арасында тұңғыш қалам тербеген тағы да Балнұр болды. «Реквием» – діндердің бірлігі, бейбітшілік, рухани келісім негізінде жазылған шығарма. Католиктердің месса жанры сақталған. Православтардың әуені, будда хоры да бар. Шығарма Құран аятында бар «Кулху-Алладан» басталады. Ал соңында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдағы сақтардың дұғасымен қазақша «Қазақ еліне, қазақ халқына игілігіңді, Тәңірім, бере гөр» деген сөздермен салтанатты рәсіммен аяқталады. Бұл шығарманың айтар ойы – ұрпақтар сабақтастығы, замана байланысы, өз ұлтыңа, халқыңа қызмет етудің жоғары идеалы. Бір отбасының алты ұрпағының негізінде 250 жыл бойы тәуелсіздіктің ұлы идеясы, өзінің қазақ мемлекетін құру туралы арман-ойларының беріліп келе жатқаны көрінеді. Халықтың тәуелсіздікті армандаған ойларын паш еткен осындай мағыналы шығарма қазақ қоғамында елеусіз қалмады. 2014 жылы композитор Балнұр Қыдырбек осы «Реквием» шығармасы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Балнұрдың ешкім қалам тартпаған жанрларға баруының өзі тыңнан соқпақ салуға жасқанбайтын өжет мінезін, сайып келгенде оның тектілігін дәлелдесе керек. Ол өзінің бабасы қолбасшы, ақын Қазыбек бек Тауасарұлы туралы пікірталастар туғанда бабасының рухы үшін білек сыбанып кірісіп кетті. Ақыры тарихи деректерді дәлелдеп, жеңіп шықты. Бұл жерде оның журналистік қабілеті (Қазақстан Журналистер одағының мүшесі), ғалымдығы (филология ғылымдарының кандидаты) көп әсерін тигізді деуге болады. Оның жеңіп шығуына дәлел болған Қазыбек бек Тауасарұлының «Артқыға қалдыра алсаң, сөзің жетер» деген өлеңдер жинағы еді. Жинақты Балнұрдың өзі баспаға дайындап, 2002 жылы «Елорда» баспасынан бастырып шығарды.
Балнұрдың бір ерекше қасиеті – оның ұлтына, туған халқының тарихына, халқының фольклорына деген сүйіспеншілігі мен құрметі. Бұл қасиеті оның шығармаларынан байқалады. Халқымыздың ерлік дәстүрін жырлайды. Оған мысал, симфониялық поэмалары: «Бекболат», «Шапырашты Наурызбай батырдың Қаскелеңмен жекпе-жегі», халықтың ақындық дәстүрлерін арқау еткен «Қожаберген жыраудың батасы», «Бөрілі менің байрағым», «Көк байрағым, желбіре», «Қыз бен жігіт айтысы» деген шығармалары дәлел. Бұл жерде Балнұрдың ұлттық фольклорды заманауи музыка тілімен суреттей білген шеберлігін көруге болады.
Балнұр кино мен театрға да музыка жазды. Оның симфониялық поэмалары, увертюралары мен кантаталары, оркестрлік күйлері қаншама. Еңбекқор композитордың өндіріп жазған шығармалары көпшіліктің көңілінен шығып, рухани азық беріп келеді. Оның жазғандарының тек нотасын ғана көшіріп шығу үшін бір адамның өмірі кетеді деуге болады.
2022 жылдың соңғы күндері «Астана Опера» театрының ұжымы Балнұрдың «Қалқаман-Мамыр» опера-балетін сахнаға шығарды. Екі күн қатарынан болған спектакльге халық көп келді. Көп келетін жөні де бар еді. Біріншіден, опера-балет деген атының өзі – көпшілікке көптен таныс емес, көрерменнің қызығушылығын тудыратын тақырып. Сондай-ақ кейінгі жылдары Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер аңызға айналған. Сонымен қатар қазақ өнеріне жаңа жанр қосылды деп қуанып, гүл шоқтарын құшақтап келген өнер шеберлері де, «тұңғыш «опера-балетті» жазуға кімнің батылы барды, қалай жазыпты деген» сұрақтар көкейін тескен қызығушылар мен қызғанушылар да келіп, көрермен қатарын көбейтті.
Опера-балетті сахнаға шығаруға, оның сапалы, жоғары деңгейде өтуіне театр басшылығы ерекше мән берді. Москвадан белгілі өнер қайраткері Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ресей халық әртісі, қоюшы режиссер Юрий Александров шақырылды. Қоюшы хореограф болып «Золотой Витязь» атты VІІІ Халықаралық театр форумының лауреаты «Театральный олимп» І федеральдық фестивалінің күміс жүлдегері, «Волгабойы театр маусымы» ІV Бүкілресейлік фестивалінің лауреаты Надежда Калинина келді.
Жалпы, театр ұжымында көлемді опералық қойылымдарға өте жауапкершілікпен қарайтын тәртіп қалыптасқан. Бұл жолы да театрдың шығармашылық ұжымы түгелдей дерлік жұмылдырылды. Осындай тиянақты да сапалы дайындықтың нәтижесінде қойылым жоғары деңгейде өтті. Екі бірдей жанрдың жүгін көтеріп тұрған күрделі де көлемді қойылымды дарынды дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин зор шабытпен орындап шықты. Талғампаз көрерменнің композиторға, театр ұжымына көрсеткен қошеметі ерекше болды. Сол қошеметке біз де қосыла отырып, Балнұрдың композиторлық қуатының толысқан шағын көрдік. Әлі талай тамаша туындыларына куә болатынымызға сендік. Иә, Балнұрдың музыка өнерінде шығар биігі, алар асуы әлі алда.
Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК,
Қазақстан Композиторлар
одағының мүшесі