«Ханның бәрі Абылай емес, батырдың бәрі Ағыбай емес» деген екен бұрынғылар. Осы бір ауыз сөзден Ақжолтай атанған Ағыбай батырдың биік мәртебесін тануға болады. Талай-талай шайқастарда қасарысқан қас дұшпанды қаусата жеңген Ағыбай батырдың ісі аңызға, аты ұранға айналған еді. Елдің еркіндігі үшін қалың қазақты ұрысқа бастаған Ағыбай Қоңырбайұлы 1802-1885 жылдар аралығында өмір сүрген.
Ержүректігі мен баһадүрлігі аңызға айналған Ағыбай батыр туралы халық арасында небір қызық хикаяттар, өлең-жырлар, қисса-дастандар туған. Ағыбай бастаған қол жауды алмай қоймайтын болған. Ерлігіне ақылы сай батыр бастаған іс қашанда халық тілегінен шығып, жақсылықпен бітіп отырған. Сондықтан да ел оны «Ақжолтай батыр» атап кеткен. Ал жауға шапқан сарбаздар Абылаймен қатар Ағыбай атын да ұранға айналдырған. Ол туралы аңыз-дастандарды кәріқұлақ қариялар әлі күнге дейін майын тамыза әңгімелейді. Сол аңыздардың ішінде батырдың анасы Қойсана туралы да айтылады.
Ағыбай батырдың шешесі Қойсана ана Тарақты руынан. Абылай ханның ту ұстаушысы Байғозы батырдың қызы, Наймантай батырдың немересі екен. Ел аузындағы:
«Тарақтыдан Байғозы
Бұ да асқан ер еді,
Наймантайдың қамшысы
Сойылдан қатты дер еді»,
деген өлең жолдары осы ерлерге сүйінішпен арналса керек.
Қойсана да бабаларына ұқсап батыр болған. Ағыбайға аяғы ауыр кезінде көшіп келе жатқанда алты қарақшы көшіне тиіп, жалғыз әйел ұрыс салып, қолына бақан алып, алтауын да ұрып түсіре беріпті. Жау бірін-бірі сүйеп әйелден жеңілген соң біреуі тұрып: «Қояйық, бұл әйелдің күші емес, ішіндегі арыстанның күші ғой», деп жүріп кеткен екен.
Ағыбайдың әкесі Қоңырбай батырдың жас кезінде өлген. Бұл кезде Ағыбай батырмен Наубай деген кісі әрі тұстас, әрі немере ағайын екен. Наубай ел жегіш, қатаң болыпты. Бәсіресі Қарабесті деген жақсы атты он үш жастағы Ағыбай жылқыдан ұстап әкелсе, Наубай айқайлап, «мына Қарабесті атты кім әкелді, бері әкел атты!» деген соң, Қойсана жүгіре шыққан баласының соңынан қоса ілеседі. Сонда Ағыбай: «Ат өзімдікі, бермеймін», деп таласқан екен, Наубай қылышын Ағыбайға ала ұмтылғанда, Қойсана: «Балама тиме, атың құрысын!», деп әлгі жануарды шешіп береді.
Қайнысы Наубай кеткен соң Қойсанаға ой түседі: «Мына Наубай малыма не қылмады? Өстіп жүріп бір күні жалғыз баламнан айырылармын. Жаңа баламен атқа таласып, қылышын ала ұмтылды. Мен болмасам бала атты бермей, Наубай өлтіріп кетсе қайттім?! Қой, мен ұлымның аманында төркініме жетейін», деп ел жаққа түнде жүгін артып көшкен екен. Көшіп келе жатып, екі күннен соң көп қоңсысы бар бір ақ ауылдың үстінен тап болады.
Бұл – Қасым төренің (Кенесарының әкесі) ауылы екен. Ауылға тақап анадай жерге қонған соң құдыққа суға барса, кешегі Наубай тартып әкеткен Қарабесті ат құдық басындағы шалғында арқандаулы тұр екен. Қойсана ертеңіне хан ордасына барып, есігінен ізет етіп, тізе бүгеді. Қасым шаруасын сұрайды. Сонда Қойсана: «Баламның жалғыз атын кеше Наубай тартып әкетіп еді, сізге тарту етіп кетіпті. Соны сұрай келіп отырмын», дейді. Қасым төреге Наубай аттың мақтауын жеткізсе керек. «Бір кісіге жүген салғызбайды. Ол үшін мықты екі жігіт керек» деп. Осы сөз есінде қалған Қасым әйелдің көңілін аулап: «Атың әне тұр, атыңды барып жүгендеп ал, ала алмасаң арқаннан қозғама, солай тұрсын», дейді. Онысы ат әйелге әл бермейді деген ойы еді.
Қасым «өзім көремін» деп үйдің ішінде есікті шалқасынан аштырып, қарап отырыпты. Қойсананың орамалы желп еткенде ұйықтап тұрған ат үркіп, ышқынғанда қазығын жұлып кетіпті. Сол кезде Қойсананың қолына қазық тиіп, тартып қалғанда шалқасынан түсіпті. Бірден жүгендеп, үстіне мініп алып, екі аяғын екі қолтығына салып шауып ала жөнеліпті. Ат пен әйелдің алысып, әйелдің қайраты асқанын көрген Қасым төре қайран болып: «Мына дүзқарадан туған бала тегін болмас», деген екен.
Қойсана атты алып келгеннен кейін «Наубай бізді өлтіреді, неде болса көшейік», деп түнде бір түйеге мініп, бір түйені жетектеп көшіп кетеді. Сол кезде әйгілі Ағыбай батыр 13 жаста еді...
Марат ӘБСЕМЕТ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор