Алдағы уақытта Тараз қаласы халқының саны 570 мыңнан асып жығылатын болды. Өйткені шаһар іргесіндегі Байзақ пен Жамбыл аудандарынан 14 елді мекені мен екі саяжайы Тараз қаласының аумағына қосылады.
Облыс орталығында халық санының артуымен көлік қозғалысының көбейетіні түсінікті. Бұл мәселе көпшілікті толғандырып тұрғаны даусыз. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, теміржолдың арғы жағындағы аумақ тұрғындары мен орталықты байланыстыру мақсатында жол өткелі салынады.
«Өткел жол салудың маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Осы жылы Абай даңғылының бойынан екі өткел жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу керек болды. Құжаттарды дайындау, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін жергілікті қазынадан қажетті қаражат қарастырылып, конкурс нәтижесіне сәйкес «ДЭН-КО» ЖШС жобалаушы болып анықталып, келісімшарт жасалды. Қазіргі кезде жобалаушы мекемемен жобалық-сметалық құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Б.Орынбеков.
Қала әкімінің айтуынша, тараздықтар ұзақ уақыт күткен көпірдің ұзындығы бір шақырымға жетеғабыл. Ал ені 17 метрді құрайды. Тиісті құжаттар толық әзірленгеннен кейін де атқарылатын жұмыс аз емес. Нақтырақ айтсақ, Абай даңғылының аяқ тұсындағы 68 нысанды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілмек. Оның қырықтан астамы жеке тұрғын үй болса, жиырмадан астамы бизнес нысандар екен. Жоспардағы жұмыс ойдағыдай жүзеге асса, көпір құрылысы келесі жылдың екінші жартысында басталмақ.
«Шынын айтсақ, көпір салу оңай шаруа емес. Қолға алынған жұмыс Мемлекеттік мүлік туралы заңның 62-бабының 3-тармағының 2-тармақшасына сәйкес жүргізіледі. Жер учаскесін мемлекет мұқтажына алуға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де мемлекеттік мүліктің нарықтық құны өтелетінін айта кеткен жөн. Әйткенмен бағаны жергілікті атқарушы билік емес, конкурс нәтижесінде жеңімпаз атанған компания белгілейтінін ескерген ләзім. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмыс жан-жақты зерделенгеннен кейін құрылыс басталады», дейді қала әкімі.
Қалай десек те, тараздықтар теміржолдың арғы жағындағы тұрғындар мен орталықты байланыстыратын өткелдің қажеттігін жылдар бойы өзекті мәселе ретінде көтергені мәлім. Жыл бұрын қала әкімі қызметіне кіріскен Б.Орынбеков тұрғындарды толғандырған өткір мәселені оңынан шешуге бар күшін салатынын айтқан еді. Соған қарағанда алдағы бірнеше жылдың бедерінде көпір салу мәселесі толықтай шешімін табатын секілді.
Тараз қаласы