Таяуда SWIFT (ақпаратты берудің және төлемдер жасаудың халықаралық банкаралық жүйесі) өз экожүйесі арқылы орталық банктердің цифрлық валюталарын интеграциялау бойынша қанатқақты жобаны іске қосты. Жобаға Қазақстаннан Ұлттық банк те қатысады. Сарапшылардың айтуынша, жоба сәтімен жүзеге асқан жағдайда цифрлы теңге үшін де, Қазақстанның төлем жүйесі үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады.
SWIFT жүйесінің хабарлауынша, Қазақстан Ұлттық банкі мен Гонконг Валюталық Басқармасы CBDC-коннектор бетатестілеуіне келісімін берген. Егер жоба сәтті аяқталса, онда бұл трансшекаралық төлемдерді жасауда цифрлы валютаны қолдануға мүмкіндік бермек.
«Қазір Ұлттық банк белсенді түрде дайындап жатқан цифрлы теңге және басқа да CBDC-ны SWIFT арқылы трансшекаралық аударымдарды жасауда қолдануға болады. CBDC коннекторын дамыту туралы шешім SWIFT-тің әртүрлі CBDC-ді бір-бірімен және фиатты ақшамен байланыстыру жөніндегі күш-жігерінің жалғасы. Жыл басында SWIFT 12 апта ішінде екі түрлі блокчейн желілері мен қолданыстағы фиат ақша төлем жүйелері арасындағы 5 000-ға жуық транзакцияны модельдейтін арнайы жобаны әзірледі. Бұл жұмысқа 18 ұйым, соның ішінде Франция, Германия және Сингапур банктері, сондай-ақ 15 ірі коммерциялық банк қатысты», деп мәлімдейді Halyk Finance аналитикалық орталығы.
Осы сынақтың барлығының түпкі мақсаты – әртүрлі цифрлық валюта мен дәстүрлі төлем жүйесінің өзара әрекеттесуін (үйлесімділігі, өзара әрекеттесу мүмкіндігі) қамтамасыз ету.
«Цифрлы валюталармен байланысты тәуекелдердің бірі – олардың бөлшектенуі, өйткені әрбір цифрлық валютаның өзіндік экожүйесі мен ерекшеліктері бар. Демек, дәстүрлі жүйелер мен цифрлық валюталар арасындағы интероперабельділік транзакциялардың қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды, әсіресе трансшекаралық төлемдер жағдайында», дейді аналитиктер.
Цифрлы теңгені енгізу туралы баяндамаға сүйенетін болсақ, SWIFT-тің тестілеуді жүргізуі екі кезеңге созылады. Бірінші кезеңде CBDC-коннектор цифрлы теңге платформасына интеграцияланады. Екінші кезеңде өзге орталық банктермен тестілік транзакциялар жүргізіледі. Мұндай хабар алмасу операцияларын жасау үшін ISO 20022 халықаралық стандарты пайдаланылады.
«Біздіңше, бұл цифрлы теңге мен ұлттық төлем жүйесін одан әрі қарай дамытудағы позитивті жағдай. SWIFT сияқты халықаралық жүйемен интеграция жасау және трансшекаралық төлемдер мүмкіндігі цифрлы теңгеге деген сенімді арттырады. Айта кету керек, цифрлы теңге арнайы электрондық әмияндарда сақталатын бірегей цифрлық жазбалар (токендер) түрінде шығарылады. Бұл ретте ол дәстүрлі ақшаны алмастырмайды, тек оны толықтырады. Өздерінің технологиялық ерекшеліктерінің арқасында мұндай цифрлы валюталар тиімділікті, жеделдікті және есеп айырысу ашықтығын арттыру үшін ауқымды мүмкіндіктер ашады», деп пікір білдіреді Halyk Finance сарапшылары.
Ұлттық банктің хабарлауынша, цифрлық теңге 2025 жылдың соңына дейін 3 фазада енгізіледі. Жобаны іске асыру жол картасына сәйкес, 2023 жылы бірінші кезең іске асырылады. Цифрлық теңге платформасының – тәжірибелі-өнеркәсіптік және зерттеу (R&D) атты екі контуры (даму бағыты) құрылды.
«Тәжірибелі-өнеркәсіптік пайдалану аясында цифрлық теңгені төлем құралы ретінде пайдалану үшін барлық базалық сценарий іске асырылады, қаржы нарығының қатысушыларымен және қаржы инфрақұрылымының провайдерлерімен интеграциялық байланыс орнатылады. Сондай-ақ смарт-келісімшарттарды пайдалану арқылы бағдарламаланатын төлемдер тетігі енгізіледі. Бұл контур ЦТ жүйесінің негізгі функционалдығын және оның кейінгі жұмысын жүзеге асыруға арналған. Зерттеу контуры аясында орталық банктердің цифрлық валюталарында трансшекаралық есеп айырысулар тестілеуден өтеді, цифрлық активтер индустриясы нарығына қатысушылармен өзара байланыс орнатылып, токенделген активтер үшін есептік инфрақұрылым ретінде цифрлық теңге пайдаланылады», деп мәлімдеді ҰБ.
Жобаның І фазасын іске асыру қорытындысы 2023 жылы ұлттық валютаның 30 жылдығына орай өтетін Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында шығарылмақ. Толыққанды нәтижесі 2023 жылғы желтоқсанда қорытынды есеп (blueprint paper) форматында ұсынылады деп жоспарланған.
Цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қолсыз ақшалардың орнын ауыстыруға бағытталмаған, ол қолданыста қатар жүре береді. Цифрлық теңге қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады, инновациялық қаржы өнімдерін жасау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін еселейді, сондай-ақ трансшекаралық төлемдерде шығынды азайтады.