• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Дін 11 Қазан, 2023

Дінаралық сұхбат – татулық пен келісім негізі

206 рет
көрсетілді

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі хатшы­лығының ХХІ отырысы өтті. Алқалы жиынға әлемнің 23 елінен келген дін лидерлері мен өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде қабылданған декларациядағы мақсат-міндеттердің іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілді.

Діни қайшылықтарды еңсерген жиын

Бейбітшілік және келісім сарайын­да өткен іс-шараға ислам, хрис­тиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм, тағы басқа діндер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырысты ашқан Сенат төр­ағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуге қатысушыларға арнаған үндеуін оқып берді. Мемлекет басшысы 20 жылдың ішінде съезд дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға және толеранттылық пен өзара қолдау идеяларын дәріптеу­ге үлес қосқанын, сондай-ақ маңызды әлемдік түйткілдердің шешімін табуға ықпал еткенін атап өтті.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде диалог алаңының бірегейлігіне назар аударып, съезге беделді саяси және қоғам қайраткерлері мен халықаралық ұйым басшыларының қатысуы үлкен маңызға ие екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сес­сиясында Қазақстан өзінің ұлт­тық мүддесін көздей отырып, өзекті халық­аралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет екенін атап өтті. Біздің ел дінаралық және кон­фессияаралық диалогті бейбітшілік пен келісім мәдениетінің ажырамас бөл­шегі ретінде дәріптейді. Қазіргі таңда арандатушылардың өздерінің теріс пиғыл­дары үшін дінге сенушілердің діни наным-сеніміне манипуляция жасауы үлкен алаңдаушылық тудырады. Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Мемлекет басшысы айтқандай, мұндай тағылық әрекеттерден сөз бостандығының нышаны білінбейді. Сондықтан біз айтқан құндылықтар бейбітшілікті және жаңа әлемдік тәртіптің берік негізін қамтамасыз етеді. Бұл мәселені шешу жолында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары өте маңызды рөл атқарады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы атап өткендей, мыз­ғымас рухани және адамгершілік құнды­лықтар, толеранттылық пен диалог мәде­ниеті қазіргі қоғамның іргета­сы болуға тиіс. Нақты айтқанда, бұл ба­сым­­дықтар Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшыларының VII съезі­нің қо­рытынды декларациясын­да көрсетілген жаңа әлемдік тәртіптің негізін қа­лып­тастыруы керек. Сол арқылы форум ашық әрі әділ дінаралық диалог алаңы ретінде әлем дамуының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылауға және дау-жанжалдарды өзара сыйластық пен түсіністік негізінде шешуге шақыруға мүмкіндік береді. «Өркениеттер қақты­ғысы» мен діни қайшылықтар қаупін еңсеруге ықпал ету съездің маңызды үлесі екенін айтты.

– Әлемдік діндер көшбасшылары әлденеше қайтара атап өткендей, мыз­ғымас рухани және адамгершілік құнды­лық­тар, толеранттылық пен диалог мәде­ниеті заманауи қоғамның іргетасы болуы керек. Осы құндылықтар ғана бейбіт­шілікті және жаңа дүниежүзілік тәртіп­тің негізін қалайды. Осы орайда Қазақ­стан Президенті халықаралық қауіпсіз­діктің берік жүйесін жасау мақсатында бейбітшілікке үндейтін жаңа ғаламдық қозғалыс құру бастамасын көтерген болатын. Бұл үрдіске әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының қосар үлесі зор. Сондықтан еліміз қазіргі таңда әлемдік қауымдастық бетпе-бет келіп отырған күрделі проблемаларды шешу үшін діни көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру ісін бұдан әрі де жалғастыра беруге ниетті, – деді Сенат төрағасы.

 

Өркениеттер арасындағы сындарлы диалог

Бұдан кейін Мәдениет және ақпа­рат министрі Аида Балаева сөз алып, жиынға қатысушыларға осындай іргелі отырысқа арнайы келгені үшін алғысын жеткізді. Сала басшысының айтуынша, жиылғандардың көпшілігі 20 жыл бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына ұдайы қол­дау көрсетіп келеді. Хатшылық инсти­туты­ның құрылуының басы-қасында жүрді.

– Бүгінгі кездесуге қатысу арқылы съезге зор қолдау көрсетіп отырсыздар деп білеміз. Сіздердің күш-жігер­леріңіздің арқасында съездің беделі мен ықпалы артып келеді. Бұған дейінгі съездерден айтарлықтай ерекше болған VII съездің өткеніне бір жыл толды. Съезд жұмысының әрбір кезеңінде жаңа идея­лар мен бастамалар ұсынатынын атап өткім келеді. Олар дінаралық саммиттің қорытынды құжаттарында – әлем ел­дері­нің азаматтарына, халықтары мен үкі­меттеріне арналған декларациялар мен үндеулерде көрініс тапты. Аталған бастамалар оның жұмысына ерекше мән береді.

Осы орайда, соңғы съездің декла­рациясын ерекше атап өткім келеді. Оның ерекшелігі сол, декларацияны әзірлеуге дін қайраткерлері атсалысты. 35 тармақтан тұратын құжатта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы өзара диалог пен бейбітшілік жолындағы тұрақты қызметін жалғас­тыру­ға тиіс екені атап көрсетілген. Осы дек­ларацияны қабылдау арқылы VII съезд қатысушылары бейбітшілік пен тұ­рақтылықты нығайтуға, сондай-ақ мем­лекеттерді экстремизм мен терро­ризмнің зорлық-зомбылығына ұшыраған адамдарға көмек көрсетуге шақыру ниетін білдірді, – деді А.Балаева.

Министрдің сөзіне сүйенсек, VII съез­­дің қорытынды құжаты үкімет­терге, саяси көшбасшыларға, халықара­лық ұйымдарға нұсқаулық бола алады. Онда іргелі мәселелер қамтыл­ған. Сон­дай-ақ сала басшысы дек­ла­рация мәтіні Қазақстанның шетел­дегі мекемелерінде, БҰҰ, ЮНЕСКО, ТМД сияқты халықаралық ұйымдар­дың барлық веб-сайттарында орналас­тырылғанын жеткізді. Құжат VII съездің қатысушыларына жіберілген. Олар да оны өздерінің интернет-порталдарында орналастырды.

– Кеше Жұмыс тобының отырысы өтіп, онда VII съезд қорытындысы бо­йынша айтылған идеялар мен декларация­ны ілгерілету бойынша мазмұнды пікір алмастық. Қатысушының бәрі өткен рухани форумның әлемдік қоғамдастық арасында кең қолдау тапқанын атап өтті. Сонымен қатар халықаралық ұйым­дардың өкілдері мен ықпалды саяси қайраткерлер форум туралы оң пікірін білдірді. Соңғы съездің идеялары мен декларациясын ілгерілетудің маңызды аспектісі – халықаралық қоғамдастықтың конфессияаралық диалогтен хабардар болуы. Сондықтан да Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі­нің идеялары жаһандық ақпараттық кеңістікте кеңінен таралды.

Биылдың өзінде 4 мыңнан аса әртүрлі материал жарық көрді. Соның ішінде «Euronews», «BBC», «CNN», «Bloomberg», «Washington Post», «Al Jazeera», «Xinhua», «Vaticannews» секілді беделді шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Съезд мақсаттары мен идеяларын елдеріңізде кеңінен насихаттауға атсалысқандарыңыз үшін XXI хатшы­лыққа қатысушыларға алғысымды біл­діргім келеді. Съездердің белсенді қаты­су­­шысы ретінде тәжірибелеріңіз мол. Ха­лық­аралық қоғамдастықта бейбіт­шілік пен келісімнің дамуына ықпал еткен былтырғы диалог алаңының куәсі болдыңыздар.

Іс-шараның диалогтік алаңының идеялары мен шешімдерін халықаралық деңгейде ілгерілету және танымал ету аясында былтыр шетелдік серіктестермен – Түркиядағы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығымен, Пәкістандағы Исламабад халықаралық ислам университеті, Италиядағы, Из­раиль­дегі, Үндістандағы озық жоғары оқу орындарымен бірлесіп 5 халықаралық дөңгелек үстел өткізілді, – деді А.Балаева.

Сөз соңында Мәдениет және ақпарат министрі аталған жиындарды өткізуге съезге қатысушылар қолдау көрсеткеніне назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлем үнемі өзгеру үстінде және үнемі жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. «Сондықтан съездің және хатшылықтың алдағы жұмысы диалогті нығайтуға және бүкіл әлемде бірлік пен келісімді сақтауға бағытталуға тиіс. Келе­шекте съезд декларациясы мен идея­ларын ілгерілету бойынша жұмыс­ты жал­ғас­тыратынымыз сөзсіз», деді А.Балаева.

 

Дүниені қақтығыстан құтқаруымыз керек

Жиын барысында сөз алған шетел­дік және отандық дін көшбасшылары ынтымақ пен ауызбірлікке шақырған форумның ерекшелігіне назар аударып, діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікке және келісімге қол жеткізу үшін діни және саяси көшбасшылардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Дүниежүзілік ислам лигасы бас хатшысының орынбасары Абдурах­ман бин Абдуллаһ әл-Заидке берілді. Сөзін «бісмілләмен» бастаған мейман Қазақстан Сенатының төрағасы Мәу­лен Әшімбаевқа, Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшылары съезі хат­шы­лығына осындай іргелі жиын ұйым­дастырғаны үшін алғыс айтты. Өз кезегінде спикер Дүниежүзілік Ислам лигасы бас хатшысы Мұхаммед бин Аб­дулкарим әл-Иссаның сәлемін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.

«Мен Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы және Мұсылман ғұла­ма­лары ұйымының төрағасы, доктор Мұхаммед бин Абдулкарим әл-Исса­ның сәлемін қуанышпен жеткізуге рұқсат етіңіздер. Аса мәртебелі шейх Қазақ­стандағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің табысты өтуіне тілектестігін білдірді.

Дүниежүзілік ислам лигасы Қазақ­станда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысу құр­метіне ие. Аталған алаң қазіргі ғасырдағы ең тиімді бастамалардың біріне айналып отыр. Мен түрлі дін өкілдерінің басын қосқан, заманауи шаһарда өткен іргелі съезге үш мәрте қатысқанымды мақта­ныш­пен айтамын», деді әл-Заид.

Баяндамашы Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшылары съезіне қатысу­­шылар жаһандық бейбітшілікке қамқор­лық жасауды әр жиында қайталап айтып келет­ініне назар аударды. Тамыры тереңге кет­кен қақтығыстарды шеше алатын, ортақ адами құндылықтарды нығай­татын көз­қа­растар мен қазіргі жағдайларға қатыс­ты ұстанымды инновациялық жобалар түрінде ілгерілету қажет екеніне тоқталды.

«Мұндай қадам жаһандық мәселе­лерден туындаған планетамыздың өзекті түйткілдерін шешуде ынтымақтастық жасауға, диалог құруға жол ашады. Бұл ащы шындық 139 елдегі мыңнан аса ғұлама, зиялы топ өкілдері, діни топтар мен мүфтидің ортақ келісімімен қабыл­данған Меккенің тарихи жарғысында түсін­дірілген. Оған Қасиетті екі мешіт­тің қамқоршысы король Салман бен Абдулазиз әл-Сауд және Сауд Арабия­сының тақ мұрагері әрі премьер-министрі ханзада Мұхаммед бен Салман қолдау көрсетті.

Христиан және еврей көшбасшылары жарғы мазмұнына назар аударып, оның маңызын мойындады. Сонымен қатар онда ортақ діни және адами құндылықтар айтылғандықтан, евангелиялық жетек­шілер Дүниежүзілік ислам лигасын бас­ты одақтасы деп мойындап, жарғының артықшылығын жеткізді. Съезд жұмысы да 2022 жылдың қыркүйегінде жетінші рет жарияланған Мекке жарғысын жоғары бағалады.

Мекке жарғысының 6 қағидасында былай делінген: «Өркениетті мәдени диалог – толеранттылық пен түсіністікке қол жеткізудің, қауымдық байланыс­тарды тереңдетудің және қатар өмір сүруге кедергілерді жеңудің ең тиімді жолы. Біз басқаның заңды құқықтары мен өмір сүру құқығын мойындаймыз және құрметтейміз. Біз сыңаржақ көзқарастарды, тарихи дұшпандықты, қастандық теорияларын және жаппай сынға алудан бас тартамыз», деді әл-Заид.

Бас хатшының орынбасары ең алдымен адами құндылықтар, қажырлы еңбекке басымдық берудің маңызын атап өтті. Осыған байланысты жаһандық мәселелерді шешіп, әлемді шартараптың түкпір-түкпірінде бұрқ ете түсетін қақ­­тығыстардан құтқару мақсатында ақ­па­раттық-насихаттау жұмыстарын жүр­гізуді ұсынды.

«Осылайша, жантүршігерлік ахуал­ға ұшырамас үшін ядролық қару қол­дану қаупін сейілтіп, адамзатқа инвес­ти­ция салғанымыз жөн. Бұл әлем тағ­ды­рына әсер етеді. Дүниежүзілік араб лигасы жойқын соғыстарды тоқта­туға шақырамыз. Мем­лекеттерді қақтығыстарды шешуде диалог пен түсіністікті таңдаған Қазақстаннан үлгі алуға үндеп, ядролық қарудан бас тартуды ұсынамыз. Тарихи ұстанымы үшін Қазақстан билігі мен халқына алғыс айтамын.

Съезд барысында әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшылары дінге қатыс­­­ты шындықты жасырған жоқ. Жинал­­ғандар дін бейбітшілік орнатуға арнал­ғанын, экстремизмге, оған қатысты қай­ғылы оқиғалармен байланысты емесін бірауыздан мойындайды.

Қорытындылай келе, Қазақстан Рес­­пуб­ликасының Президенті, Аса мәр­тебелі Қасым-Жомарт Тоқаевқа съезді ұйымдастырудағы күш-жігері және Бас хатшылықтың жұмысын бірнеше жыл бойы табысты үйлестіргені үшін алғыс айтамын», деді әл-Заид.

Король Хамадтың Бейбіт қатар өмір сүру жаһандық орталығының Қамқор­шылар кеңесінің төрағасы Шейх Абдалла бен Хамад Әл-Халифа осы кез­десуге шақырғаны үшін форум ұйымдас­тыру­шыларына алғысын жеткізіп, Бахрейн Корольдігі Қазақстанмен арадағы жақын қарым-қатынасты мақтан тұтаты­нын жеткізді. Толеранттылық пен бейбіт­шілікке ұмтылу адамзаттың бақытты ғұмыр кешуіне деген сенімді арттыратынын атап өткен ол қазіргі күні әлем бетпе-бет келіп отырған проблемалардың қиыншылығы өзара сенімнің жоғалуы, төзбеушілікке шақыру, расизм, жеккөру мен дискриминация салдарынан одан сайын күшейгенін айтты.

– Ынтымақ пен ауызбіршілік рухында өтіп жатқан бұл форум әлемнің түзу жолдан шығып кетпегенін және пікір алуандығын жеңуге, бөлінушілікке тоқтау салуға мүмкіндік беретін жаңа ізгілік ережелерін орнатуға сенім бар екенін көрсетеді. Өзара төзімділік бей­біт­­шілікке бастайды. Ал оған діни көшбас­шылар шақырады. Әрбір дінді ұстану­шылар өзара құрметті тарату мақ­сатында олардың шақыруына ілесулері қажет. Сенім – біз үшін қиындықтарға қарсы күресуге және оны жеңуге мүмкіндік беретін тұрақты қуат көзі. Қазіргі күні біз зорлық-зомбылық пен ауыртпа­шы­лық­тардың жолын кесу үшін жаңа, тиімді жолдарды іздеп жатырмыз. Ол үшін бейбітшілік мәдениетін тарату, сенім мен мүмкіндіктерімізді нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау үшін өзара қарым-қатынас дипломатиясын арттыруымыз керек, – деді бахрейндік қонақ.

Келесі кезекте Израильдің Бас Аш­кенази раввинатының жеке кеңес­шісі Жоель Адлер сөз сөйледі. Ол Қазақ­стан тарапына жылы және қамқор қонақ­жайлылығы үшін алғыс айттты. Астанаға екінші рет келіп отырғанын, шаһардың қатты әсер еткенін, съезд жағымды және есте қаларлық оқиға болғанына ризашылық білдірді.

«Бұл съездің мақсаты – өзара түсініс­тікке жәрдемдесу және әлемдегі бейбіт­шілік пен келісімге үлес қосу үшін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын біріктіру. Израильде мыңдаған бейкүнә адамның, жазықсыз құрбандарды, балалар мен сәбилерді жерлеу рәсімін ойлап, жүрегім ауырып, көзіме жас алып сөйлеп тұрмын. Жақындарынан айырылып, жылап-сықтаған отбасылар көп. Олардың өмірі мен болашағы жойылды», деді Ж.Адлер.

Баяндамашы шабуыл күні Иеруса­лимде болғанын, оқиғадан қатты шо­шығанын атап өтті. Оның пайымдауынша, шабуылды ұйымдастырушылар Ислам мен Құдай атын жамылып, дінге кір келтіріп жатқанына тоқталды.

«Ешбір дін және қандай да бір діни ілім мұндай кісі өлтіру әрекетін құптай алмайды және қолдамайды. Құдайды қорлауы барлық дінге теріс әсер етеді, яғни бұл осында жиналғанның бәріне қатысты», деді Ж.Адлер.

Рухани көшбасшылар съезд қатысу­шыларының ортақ миссиясы – бей­бітшілік пен конфессияаралық келісімді қолдау үшін форум аясында көтерілетін мәселелердің ауқымдылығын да назардан тыс қалдырмады.

 

Форум миссиясының екінші кезеңі

Отырыс барысында қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырым­дамасын бекітті. Бұл құжат форумның БҰҰ институттарымен және басқа да беделді халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын нығайтуды, сондай-ақ, серіктестер шеңберін және форум қызметінің географиясын кеңейтуді көздейді.

– Тұжырымдамада форумның алдағы жылдардағы даму бағдары қамтылған. Ссъезд миссиясын кеңейту құжат жобасы­ның негізгі жаңалығы екенін атап өткен жөн. Қоғамның сеніміне ие, беделді дін қайраткерлері әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған жаһандық сын-қатер­лерді еңсеруге елеулі үлес қоса алады. Кедейшілік, климаттың өзгеруі мә­се­лелерін шешуде күш жұмылдыру, соғыс­тар мен қақтығыстарды тоқтатуға ықпал ету, диалог және өзара құрмет мәдениетін дәріптеу бағыттарына да серпін беретіні анық. Тұжырымдамада съезд миссиясын іске асыруға арналған бірқатар жаңа тетік пен институттар қарастырылған. Съездің Ізгі ниет елшісі институтын құру ұсынылып отыр. Жас дін көшбасшыларының форумын және басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланып жатыр. Бұл Тұжырым­дама Съездің алдағы жылдарға арналған серпінді және жасампаз даму векторын айқындайды, – деген Мәулен Әшімбаев құжатта көрсетілген съезді дамытудың негізгі бағыт­тарына да тоқталып өтті. «Бұл біздің форумның алдағы жылдардағы даму барысын жаңартатын концептуалды құжат. Форумның 2003 жылдан 2023 жылға дейінгі алғашқы кезеңінде басты мақсат – көпжақты дінаралық диалогті нығайту мен дамыту көзделген еді. Бүгінде біз съездің бұл бастапқы мис­сиясы сәтті орындалғанын сенімді түр­де айта аламыз. Алдағы жылдары да съезд дінаралық диалогті дамыту мен нығайту бағытында жұмыс істей береді. Сонымен бірге біз рухани дип­ломатияның орасан зор әлеуетін көріп отырмыз. Енді съездің БҰҰ институттары­мен және басқа да халық­аралық құрылымдармен ынты­мақтастығын тереңдетіп, серіктестер шең­бері мен форумның қызмет ету жағра­пиясын кеңейту көзделіп отыр. Съездің ерікті елшілері институтын енгізуді жоспарлаймыз, ол рухани дипломатияның маңызды құралы болар еді», деген Мәулен Әшімбаев алға қойған жоспарлардың бірі – Жас діни көшбасшылар форумын өткізу екендігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама рухани көшбасшылар диалогін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, өзара татулық дәстүрін сақтауға ықпал етпек.

Сонымен қатар кездесу барысында Хатшылық отырысына қатысушы­лар Қазақстан Республикасының мемлекет­тік наградаларымен және съездің есте­лік медальдарымен марапатталды. Атап айтқанда, осы диалог алаңының қалып­тасып, дамуына қосқан үлесі үшін Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Пашазаде «Достық» орденімен марапатталды. Одан бөлек, бірқатар қатысушыға «Шапағат» медалі және съездің Құрмет медалі табыс етілді.

Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар коммюнике қабылдады. Онда съездің 20 жылдағы табысты қызметі және маңызды жасампаз рөлі айрықша атап өтілген. Сондай-ақ қатысу­шылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін құру және сын-қатерлер мен проблемаларды еңсеру мақсатында бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс құру туралы идеясына қолдау білдірді. Бұл идеяны іске асыру жолында Қазақстанның Шанхай ынтымақтастығы ұйымының төрағасы ретінде ұсынған «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасы маңызды қадам болатыны да айтылды.

Кездесуге қатысушылар съезд хат­шы­лығының келесі XXII отырысын 2024 жылдың күзінде Астанада өткізу жөнінде шешім қабылдады.

Сонымен бірге Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20 жыл­дығы­на орай арнайы шығарылған мерей­тойлық пошта маркасын салтанатты таныстыру рәсімі өтті. 10 мың тираж­бен шығарылған марка әлемнің филате­лиялық каталогтеріне қосылады.

 

Дін ынтымағын нығайтатын кеңес

Сондай-ақ елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезі хатшылығының ХХІ отырысы аясында Мұсылман ақсақал­дар кеңесінің өкілдігі ашылып, оған Пар­ламент Сенатының төр­ағасы – Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев қатысты.

Салтанатты рәсімде Мәулен Әшімбаев ұйымның Орталық Азиядағы өкілдігін ашу туралы ұсынысты Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед әт-Тайеб жасағанын айтты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамаға қолдау білдірді.

– Мұсылман ақсақалдар кеңесі бар­лық діндің ынтымағын нығайтуды көз­дейді. Осындай беделді ұйымның аймақтағы өкілдігінің Қазақстанда ашылуы – біз үшін үлкен мәртебе. Кеңес дәріптейтін толеранттылық, бейбіт қатар өмір сүру, өзара қамқор болу сияқты құндылықтар Қазақстан үшін де маңызды басымдыққа ие. Алдағы уақытта съезд хатшылығы конфессияаралық және өр­кениетаралық диалогті халықаралық деңгейде дамыту бағытында Кеңеспен бірге белсенді жұмыс істейді, – деген Мәулен Әшімбаев жаңадан ашылған өкілдіктің жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Мұсылман ақсақалдар кеңесі – бейбітшілік пен жаһандық дінаралық диалогті нығайту мақсатымен құрылған тәуелсіз халықаралық ұйым. Кеңестің филиалдары бұған дейін Швей­цария, Мысыр және Марокко елдерін­де ашылған.

Сонымен қатар бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Somaiya Vidyavihar» университетінің Канцлері, Индуизм деле­га­циясының басшысы Самир Шантилал Сомайямен екіжақты кездесу өткізді.