Ел тұрғындары енді push-хабарламалардың жаңа түрін алатын болады. Хабарламалар автокөліктің диагностикалық тексеру картасының жарамдық мерзімі аяқталғаны туралы алдын ала хабарлайды.
Аталған жаңашылдық азаматтарға құжаттың жарамдылық мерзімі туралы 30 күн бұрын ескертуге мүмкіндік береді. Жіберілген push-хабарламалар eGov mobile қосымшасының «Хабарламалар» бөлімінде қолжетімді. Егер мобильді қосымша орнатылмаған болса, пайдаланушыға қосымшаны жүктеуге арналған сілтемесі бар 1414 нөмірінен жаңа хабарлама келгені туралы SMS жіберіледі.
– Президенттің «көрінбейтін мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтарға қажетті қызметтерді көрсетуді және бұлар туралы алдын ала хабардар етуді жалғастырып жатырмыз. Push-хабарламалар азаматтарға ыңғайлы, себебі хабарламалар бір ай бұрын жіберіледі. Тиісінше, жаңа құжатты қайта ресімдеуге уақыты болады. Осылайша, біз көлік иелеріне көптеген қауіптің алдын алуға көмектесеміз. Бүгінде eGov mobile әртүрлі өмірлік жағдайларға арналған push-хабарландырулардың 15 түрін ұсынады. Уақыт өте бұл сан да көбейді, – дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Сондай-ақ eGov мобильді қосымшасында тағы бір цифрлық құжат – «Диагностикалық техникалық байқау картасы» қолжетімді. Жаңа құжатта техникалық жай-күй параметрлерінің тізбесі мен міндетті техникалық байқаудың нәтижелері көрсетілген көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесі туралы мәліметтер бар. Құжаттың мерзімі өтіп кетсе, ол цифрлық құжаттарда көрсетілмейді. Көлік иелері электронды құжатты қағаз құжатпен қатар ұсына алады. Цифрлық құжатты eGov mobile қосымшасының басты бетіндегі «Цифрлық құжаттар» бөлімінде табуға болады. Құжат иесі оған QR код арқылы қол жеткізе алады. Бұл құжатты сұраған тарапқа оның түпнұсқалығын тексеруге көмектеседі.
Цифрлық құжат – түпнұсқа құжаттың баламасы. Қазіргі уақытта «Цифрлық құжаттар» сервисінде 29 құжат бар. Оның ішінде жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, Қазақстан азаматының төлқұжаты және басқа да құжаттар қолжетімді. Жаңартулар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлескен жұмысы кезінде іске асырылғанын еске сала кетейік.