Алаш арысы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалі Қызылжар төрін шын мәніндегі өнердің үлкен думанына айналдырды. Тұлға есімін ұлықтаған театр тойы атыраптың ажарын кіргізіп қана қоймай, бір апта бойы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған театрлардың үздік қойылымдарын қызылжарлық көрермен назарына ұсынды.
Теріскейді думанға бөлеген фестивальға белгілі театр және кино актері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған Халық әртістері – Тілектес Мейрамов, Гүлжан Әспетова, «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсат, жазушы-зерттеуші Бейбіт Қойшыбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, жүргеновтанушы-ғалым Бауыржан Иманғалиев, облыстық театр труппалары, Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Үздіктердің үздігі сарапқа түсетін фестивальдың биылғы бағдарлармасына барлығы 10 театр ұжымы іріктеліп алынып, оған арнайы театртанушылар мен өнертанушылардан құралған қазылар алқасы өз бағасын берді. Атап айтсақ, Түркістан музыкалық драма театрының «Мағжан» (авт. А.Нүсіп, реж.D.Livermore, Ch.Ocell), «Шам» театрының «37» (авт. И.Иман, реж. Ф.Молдағали), Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының «Қорғансыздың күні» (авт. М.Әуезов, реж. Г.Мирғалиева), Алматы қаласы Мемлекеттік Қуыршақ театрының «Шал мен теңіз» (авт. Э.Хемингуэй, реж. Д.Жұмабай), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Бернарда Альбаның үйі» (авт. Ф.Лорка, реж. Д.Жұмабай), «А.И.» театрының «Бақ» (авт. А.Чехов, реж. Ұ.Қарыпбаев), Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының «Қара шекпен» (авт. Г.Хугаев, реж. Е.Кәрібаев), С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ драма театрының «Шақан шері» (авт. М.Мағауин, реж. М.Хабибуллин), С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының «Атау кере» (авт.О.Бөкей, реж. А.Салбан), Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Ұждан» (авт. Ш.Құдайбердіұлы, реж. А.Нығманов) қойылымдары өнер аламанында бақ сынады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен өткен іс-шара көркемдік, жанрлық қана емес, мазмұндық тұрғыдан да сан қырлы болды. Соның ішінде әсіресе, биылғы фестиваль бағдарламасына енген қойылымдардың дені ұлттық һәм адамзаттық деңгейдегі тақырыптарды қозғауымен, режиссерлердің өткір тақырыптарға батыл баруымен ерекшеленді. Театрлар додасының біз байқаған тағы бір артықшылығы – Э.Хемингуэй, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезов, О.Бөкей, М.Мағауин сынды әлем әдебиеті мен ұлттық әдебиетіміздің классиктері шығармаларын игеруде режиссерлер мен актерлер еркін тәжірибелерге барып, классикалық туындыларды жаңа заман көзқарасы тұрғысынан ұтымды үндестіріп, сәтті сараптай алуында дер едік.
«Мағжан»
Ұлы ақынның туған жерінде түндігі түрілген театр тойының әсте Мағжансыз, ақын рухына тағзым етілмей басталуы мүмкін емес еді. Ал ол құрметті «Түркістан – екі дүние есігі ғой» деп күллі түркі жұртына өлеңнен өлмес ескерткіш қойған Мағжанға спектакль арнаған Түркістан музыкалық драма театры ұжымы көрсетті. Театрдың көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың идеясы негізінде жүзеге асқан жобаның режиссері италиялық D.Livermore, Ch.Ocello, пьеса авторы – Алмас Нүсіп. Спектакльдің ең әуелгі ерекшелігі – мультимедияның озық үлгілерін ұтымды пайдаланған сценография ә дегеннен көз баурайды. Опера театрларында тәжірибесін шыңдаған шетелдік режиссердің қолтаңбасы бұл қойылымда айқын көрінеді. Әйтсе де, сол бір техникалық шешімнің Мағжан жаны мен болмысын жатырқағанын да мойындауға тиіспіз. Замана тынысын жеткізуде пайдаланылған тәсілдер де түсініксіздікке бой алдырған. Ал драматургия желісі тіпті шашыраңқы. Мағжан емес, ақынның айналасындағы оқиғалар көбірек баяндалып, соны көрсетуге басымдық беріліп кеткен де, салдарынан бас кейіпкер бейнесі көмескілікке ұрынған. Қонақ режиссердің де қазақ ақынының жанын түсінбегені, дәуір шындығына дендеп бойлай алмағаны сезіледі. Оқиғаны ішпен сезіп, жүрекпеген сараптамағандығынан да Мағжан қазақтың төл перзенті емес, өгей ұлының күйін кешкен. Спектакль ішкі тереңдік емес, сыртқы форманың құрбанына айналған. Оқиға да көркемдік біртұтастыққа жетпей қалған. Соның салдарынан үзік-үзік, шашыраңқы сюжет, жігерсіз Мағжан, мағынасыз желілер туындаған. Актерлердің кеңінен көсіліп ойнауына да драматургиядағы дефектілер көп кедергісін келтірген.
«37»
Әзербайжан драматургі И.Иманның «Астара бақтары» пьесасының негізінде қойылған спектакльдің символдық сыры көп, метафоралық мәні терең. Тіпті қойылым режиссері Фархат Молдағалидің қойылым атауын «37» деп өзгертуінің өзінде көп шындық жасырынғандай. Қазақтың басынан өткерген небір қилы кезеңдер мен тарихтың ақтаңдақ беттеріне суреткерлік соны сараптау шеберлігімен өте ұтымды баға беріледі. Басты рөлдегі Зарина Кәрмен, Асан Мәжит, Еркебұлан Дайыров, Сағызбай Қарабалин, Лиза Серікова сынды актерлердің шебер ойыны да шын сүйсіндіреді. Өнер әлеміне «Шам» атауымен енген жас театрдың бұл алғашқы жұмысы көңілге зор қуаныш сыйлап қана қоймай, адамның түрлі мінездері мен пиғылы туралы баяндалатын қойылым қоғам туралы, тіпті кейбір тұста қазақтың қасіретті тарихының белгісіз парақтарына бойлауға да мүмкіндік береді. «Шам» театры актерлерінің шебер ойынымен дараланып, тамашалаушыларын тәнті етті.
«Қорғансыздың күні»
Қарт Каспийдің жағасынан жеткен Н.Жантөрин атындағы театрдың фестивальға тартуы – Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім» және «Кім кінәлі?» шығармалары негізінде түзілген триптих. Мұнда режиссер Гүлсина Мирғалиева айтулы әңгімелерді арқау ете отырып, қоғамдағы жетімдер мен қорғансыздардың күйіне дендеп бойлайды. Әсіресе Әуезов әлемі арқылы бүгінгі заманауи түйткілдердің тамырына дөп түсуі – қойылымның басты ұтқан тұсы дер едік. Әйтсе де, алыстан жеткен театр ұжымының бір әттеген-айы – актерлердің кейіпкерлерін бойға сіңіруде жадағайлыққа, атүстілікке бой алдырғаны. Әсіресе жас әртістерге іргелі ізденістер қажет екенін сезіндік. Үш тағдырдың тауқыметі арқылы күллі қоғамның қасіретін көрсеткен қойылымның көркем шешімі тереңдігімен көңіл тербеді.
«Шал мен теңіз»
Театр фестивалінің тағы бір үлкен олжасының бірі – кемеңгер Хэмингуэй жазған «Шал мен теңіздің» тұңғыш рет қуыршақ театрының сахнасынан көрінуі дер едік. Адамның арманға деген адалдығы, оған жету жолындағы тартысқа толы арпалысы мен күресін, үзілмес үміт пен күдікке байланған тағдырын баяндайтын қойылымның көркемдік кілтін режиссер Дина Жұмабай дөп тапқан. Актерлердің қуыршақ бейнесі арқылы кейіпкерлерінің көңіл күйін берудегі шынайылығы мен ізденісі көрерменін сүйсінтті. Әсіресе бас кейіпкер Сантьяго рөліндегі Бақытжан Қаюовтың қуыршақ бейнесінде өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеген шал бейнесін шын мәнінде шеберлік биігінде бедерлеп, тамаша ойын үлгісін көрсетті. Манола рөліндегі Шоқан Құлназаров, Су перісі – Әсем Әбдімәуленова да шығарманың шырайын ашқан шабытты шешімдерімен көңіл шаттандырды. Сценографиялық шешімдеріне де өмірдің бар философиясын сыйдырған Дина Жұмабай еңбегі іргелі ізденістердің жемісі екені сөзсіз.
«Бернарда Альбаның үйі»
Таланттың аты – талант. Фестивальдың ажарын ашқан келесі қойылым да үнемі ізденісте жүретін талантты режиссер Дина Жұмабай қолтаңбасына тән. Сұңғыла суреткерлік пен тапқыр шешімдерінің арқасында әйел жанының сан құбылған көріністерін талантты талдай білген Динаның дарыны оның ойлылығы мен талғамында жатыр десек, титтей де қателеспеген болар едік. Ал сол қасиет талантты театр труппасының шебер ойынымен үндескенде сахнада шын мәнінде өнер туады. «Бернарда Альбаның үйі» драмасы осы ойымыздың айғағы. Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Гүлжамал Қазақбаева, Күлжәмила Белжанова, Тынышкүл Сұлтанбердиева және жас актрисалар – Ақбота Рахат, Анар Әділова, Динара Шымырбаева, Ұлжан Оразаева, Динара Нұрболат бастаған таланттар шоғыры «Бернарда Альбаның үйін» тамаша бейнелілік биігіне көтерді.
«Бақ»
Атауын «Бақ» деп өзгерткенімен, «А.И.» театры фестивальға үкілеп қосқан спектакльге негізінен әйгілі жазушы Антон Чеховтың «Шие бағы» пьесасы арқау болған. Қойылым режиссері Ұланмырза Қарыпбаевтың пікірінше: «Бұл – өткеннен бас тартудың қиын да азапты шағы мен тұрақсыз әрі үмітсіз келешекке қадам басуы туралы спектакль. Қойылым бұрынғы өмір сүру тәртібіне үйреніп қалған, жаңа өмірге бейімделе алмай жүрген үмітсіз, амалы таусылған жандар туралы». Иә, режиссер спектакльдің мақсатын айқын қойып бергенімен, актерлердің ізденісі біршама шашыраңқылыққа бой алдырған. Соның салдарынан «Шие бағы» әу бастағы мақсатынан ауытқып, зілді, астарлы күлкінің емес, арзан да мағынасыз әзілдің құрбанына айналған. Қисынын таппаған өзгертулер мен дамытулар көп жағдайда қойылымның көркемдігін көмескілендіріп, мағыналық мәніне де айтарлықтай нұқсан келтіргенін атап өтуді парызымыз санаймыз. Сондықтан болса керек, театр сыншылары тарапынан айтылған сындар «Баққа» әлі де түбегейлі ізденістердің қажеттілігін аңғартты.
«Қара шекпен»
Қазақ театрларында жиі қойылатын Г.Хугаевтың «Қара шекпен» қойылымы бұл жолы режиссер Ерлан Кәрібаевтың көркемдік көзқарасында Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының шығармашылық әлеуетін көрсетуге ұмтылыпты. Қойылымда адам баласының опасыздығы, құндылықтарға деген көзқарастың тез бұзылуы жануарлар әлемі арқылы параллель бейнеленеді. Жақсы мен жаман, адал мен арам, шындық пен көзбояушылық арпалысқан қоғамға иттің көзімен баға беріледі. Сахналық көркем шешімдері дөп табылып, көрерменін ойлантуға қызмет еткен қойылым қазылар алқасы тарапынан да жоғары бағаланып, фестивальдың Темірбек Жүргенов атындағы арнайы сыйлығын иеленді.
«Шақан Шері»
Классик қаламгер Мұхтар Мағауиннің әйгілі шығармасын сахнаға лайықтап ықшамдап, көркем қойылым түзген С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ драма театрының бұл ізденісі шын мәнінде, фестиваль бағдарламасындағы жарқын қойылымдардың бірі болды. Спектакль режиссері әрі инсценировка авторы Мейрам Хабибуллин қолтаңбасынан қазақтың өткені мен бүгінінің арасынан сабақтастық іздеп, құндылықтар әлеміне өзгеше көз тіккен тамаша талғамды таныдық. Бұл қойылымда ессіздік, арпалыс, көшпенді халықтың философиясы мен дала заңы, гендік тұрғыдағы философиясы, жалпылай алғанда жануарға емес, адамның өз-өзіне деген өшпенділіқ қозғалысы сәтті көрсетіледі. Шақан рөліндегі Ардақ Жарқынбеков ойынының да шынайы шыққандығы соншалық, бір сәт көз алдымызға кектен басқаны көзі көрмей қалған, іші өлген, сырты сау қайшылығы мол пендені әкелді. Спектакльдегі бейнелі бояулар мен метафоралық шешімдер де көрерменіне мол рухани әсер сыйлайды.
«Атау кере»
Биыл 80 жылдық мерейтойы дүркіреп аталып өткен классик жазушы Оралхан Бөкейдің «Атау кере» қойылымы қай кезде де өзектілігін жойған емес. Тіпті уақыт өткен сайын ондағы айтылатын мәселелердің өткірлене түскеніне көз жеткізесің. Сондықтан болса керек, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының бұл қойылымын көрермен қауым толассыз қошемет, зор қызығушылықпен қарсы алды. Актерлік ойындағы аздаған кемшіліктер мен режиссерлік шешімдердің шашыраңқылыққа ұрынғанына қарамастан, қойылым көрермен көңілінен шықты. Нәтижесінде, фестивальдың «Үздік сценографиялық шешім» аталымындағы сыйлығы «Атау кере» қойылымының шығармашылық труппасына табыс етілді.
«Ұждан»
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» әңгімесінің желісі бойынша қойылған спектакльдің режиссері – Азамат Нығманов, инсценировкасын жасаған – Нұркен Тұрлыбек. Уақыт ағымындағы адамзат баласының кең пейілі тарылып, мейірімі мен ұяты таязданып, суалып барады. Ар таразысы салмақсызданып, адамгершілік қасиет құнсыздануда. Себебі болмыстың нәрі мен құнары – Ұжданнан айырылып барамыз. Ақын Шәкәрімді толғандырған «ар, ұят, ынсап, намыс» атты басты адамдық қасиеттер бұл күнде де жұтаңданып, жаһандану дәуіріне жұтылып барады. Ұжданнан айырылған қоғам хайуан күн кешіп, азып-тозып кетпей ме?Ал адамзат мұны ойлай ма? Дәл осындай сауалдарға жауап іздеген қойылым өзінің ұтқыр режиссерлік шешімдерімен, ұтымды форма һәм көркем сараптауымен көрерменін кемелділік биігіне көтерді. Ойлы мазмұнымен талай сырды сахна төрінде ақтарған спектакльді көркемдік кілті дөп табылған қойылым деп мойындадық.
Түйін: Осылайша, бір аптаға созылған фестиваль өз мәресіне жетті. Арнайы жасақталған қазылар алқасының шешімімен жүзден жүйрік шыққан фестиваль жеңімпаздары арнайы аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтсақ, «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» «Мағжан» спектакліндегі Елтай рөлі үшін Жандәулет Батайға берілсе, «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» – «Қорғансыздың күні» спектакліндегі Ғазизаның әжесін ойнаған Анар Бейсенбинаға табысталды. Ал «Үздік әйел рөлі» жүлдесін «37» спектакліндегі Зейнеп рөлі үшін Зарина Кәрмен, «Үздік ер адам рөлі» сыйлығын «Шал мен теңіз» спектакліндегі Сантьяго бейнесі үшін Бақытжан Қаюов алды. «Үздік режиссерлік шешім» аталымында «Ұждан» спектаклінің режиссері Азамат Нығманов марапатталды. «Үздік сценографиялық шешім» жүлдесі С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының «Атау кере» қойылымына табысталды. Ал фестивальдың бас жүлдесі – «Үздік спектакль» аталымындағы қомақты жүлде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Бернарда Альбаның үйі» спектакліне берілді. Сонымен қатар «Темірбек Жүргенов атындағы арнайы сыйлық» – талдықорғандық Б.Римова атындағы театрдың «Қара шекпен» қойылымына, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің арнайы сыйлығы Түркістаннан жеткен «Мағжан» спектакліне және «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ драма театрының «Шақан Шері» қойылымының қанжығасына байланды.
Иә, қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінде жазылған Алаш арыстарының ауыр да азапты, тағылымды да қасіретті тағдыры кім-кімді де толғантпай, ойлантпай қоймайды. Ал олардың өмір мен өлім арасында арпалыса жүріп ұлт ертеңі үшін еңсерген ерен еңбегі шын мәнінде ерліктің, елге қалтқысыз қызмет етудің, ұлтын сүюдің жарқын үлгісі. Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі – өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темірнарком» атанған Темірбек Жүргенов Алла пешенесіне бұйыртқан небәрі 40 жас ғұмырында ұлт ертеңі үшін қыруар еңбек істеп қалдырған тұлға тағдыры тағылымға толы. Өйткені өткен ғасырдағы қазақ руханиятына қатысты келелі бастамаларды Темірбек Жүргеновсіз елестету мүмкін емес. Жүргенов – ұлт руханиятының жарық жұлдызы. Ол сәуле мәңгілік өшпейді. Қызылжар төрінде өткен фестиваль – соның жарқын айғағы.