• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Табиғат 17 Қазан, 2023

Орманы бардың қорғаны бар

293 рет
көрсетілді

Елімізде жер бетіндегі табиғи қорлардың, оның ішінде өсімдіктер жамылғысының басты бір үлгісі – орман қорларын қорғау, сақтау, көбейту, қалалы жерлерде, далалы аумақтарда, елді мекендерде түрлі ағаш көшеттерін көптеп отырғызу ісіне кейінгі жылдары мемлекеттік деңгейде маңыз беріліп, көңіл бөлініп келеді. Бапталған бағдарламалар аясында сан салалы шаралар мақсатты түрде жүйелі атқарылып жатыр.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәсли­ха­тында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мемлекет басшысының орман шаруашылығын дамыту бағытындағы тапсырмаларын орындаудың барысы, жай-жапсары жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.

Баршаға белгілі, еліміз шағын орманды мемлекет­тер қатарына жатады, орман қорының жалпы ауда­ны – 30,9 млн га. Орманның ең көп алқаптары Қы­зылорда және Жамбыл облыстарында орналасқан, онда негізінен сексеуіл өседі. Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында майқарағай, самырсын, балқарағай және шырша сияқты құнды ағаш түр­лерінің қоры мол.

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 5 жыл ішінде еліміздің орман қорында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш түптерін отыр­ғызуды міндеттеген болатын. Қазіргі кезде ор­ман қорында көшет отырғызу жұмыстары қар­қынды жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдіктері мен Ми­нистр­лік­тің ведомстволық бағыныстағы ұйымдары 2021-2025 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жос­пар­ларын бекітті. 2021-2022 жылдардағы ағаш егу жөніндегі жоспарлар толық көлемде орындалды. Ша­мамен 421 млн көшет отырғызылды. Ағымдағы жылы 409 млн астам көшет отырғызу жоспарланған.

Бүгінгі таңда еліміздің 2 741 гектар алқабында 218 орман питомнигі жұмыс істейді. Алдағы уақытта осы питомниктерді 294 гектарға кеңейтіп, 190 гектар жерге жаңа орман питомниктерін құру жоспарлануда. Осы питомниктердің толық іске қосылуы бел­гіленген жұмыс көлемін ойдағыдай орындауға мүм­кіндік береді.

Орманды молықтырумен қатар экологиялық жағ­дайды жақсарту мақсатында Арал теңізінің құрға­ған түбінде орман мелиорациялық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осы жылдың қаңтар айында қолданыстағы заң­на­малық актілерге енгізілген өзгерістерге сәйкес эко­ло­гиялық бұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілік күшейтілді. Биылғы жылы орман қорғау жөніндегі шаралар шеңберінде мемлекеттік орман қоры аумағында 16 мыңнан астам рейд жүргізілді. 6 мың текше метр көлемінде орманды заңсыз кесудің 214 фактісі анықталды. Бұл фактілер бойынша 61 бұзушыға 207,5 млн теңге көлемінде айыппұл са­лын­ды. 17 көлік құралы мен 40 ағаш кесу құралы тәр­кіленді.

Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-тех­никалық базасын нығайту, қызметшілердің жала­қы­сын көтеру, әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібінен түскен емес.

«Табиғатты қорғау және орман шаруашылығы меке­­мелері техникамен жеткілікті қамтамасыз етіл­меген. Мәселен, маусым басында алапат өрт орын алған Семей орман шаруашылықтарындағы 65 өрт сөндіру машинасының 30 машинасы 1971-2003 жылдар аралығында шығарылған. 1974 жылы шыққан ГАЗ-66, 1973 жылы шыққан Урал-375 және 1980 жылы шыққан ЗИЛ-131 «экспонаттық» машиналары әлі пайдаланылып жүр. Биыл қалыптасқан жағдайды дұрыстау мақсатында техниканы жаңартуға 13,4 млрд теңге бөлінді. Жылдың соңына дейін табиғат қорғау мекемелеріне 29 өрт сөндіру автомашинасы, 59 орман өртін сөндірудің шағын кешені, 151 трактор, 58 патрульдік көлік жеткізілетін болады. Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының техникалық көмек көрсету аясында 330 радиостанса мен 150 автомобиль антеннасы алынды. Биыл 1 шілдеден бастап мемлекеттік орман қорғау мекемелері қызмет­кер­лерінің лауазымдық жалақысы 100%-ға көтерілді. Ал штаттағы әкімшілік қызметкерлер және де штаттан тыс қызметкерлерге министрлік пен кәсіподақ ара­сындағы салалық келісімнің шеңберінде 70% үстемеақы қарастырылған», деді Е.Нысанбаев.

Сондай-ақ орман және дала өрттерін ерте анықтау және алдын алу жөніндегі жұмыстар күшейтілуде. Ай­талық, азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жыл­дарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарында орман өрттерін ерте анықтау жүйелерін орнату және 102 өрт-бақылау мұнарасын орнату көзделген. Орман қорын авиациялық және жердегі патрульдеу, оның ішінде ҰҰА қолдану арқы­лы жандандырылатын болады.

Жалпы, 2023-2027 жылдары Үкімет қабылдаған Азаматтық қорғаудың кешенді жоспарына сәйкес табиғат қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін жарақтандыруға 68 млрд теңге бөлу көзделген.

«Орман – жердің көркі, елдің байлығы», «Орманы бар елдің қорғаны бар», дейді халқымыз. Елімізде орман-тоғайлардың аз, ағаш қорларының тапшы екенін ескерсек, бұл іске барша бұқара боп мүдделілік танытқан жөн. Сол тұрғыда табиғи ресурстарды, оның ішінде орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау, олардың саны мен өсімін молайту және ұтымды пайдаланылуын бақылау мен қадағалау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.