• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 18 Қазан, 2023

Сарғайған суреттер сыры

301 рет
көрсетілді

Көптеген отбасында жылдар бойы жинақталған фотоальбомдар, уақыт сарғайтқан жазбалар, қойындәптерлер, ашықхаттар, бәзбіреулерінде, тіпті жеке жанның қағазға түсірген сырға толы күнделіктері барына күмән келтірмеймін. Олар – әрбір шаңырақтың шежіресі, тарихы, дастан-архиві, өткен күндердің жарқын елесі, кейбір жандардың ешкімге жария етпеген құпия сыры, жүрек түбінде бұғып жатқан алтынға бергісіз қымбат, асыл дүниесі десек те болады. Кей отбасыларда атадан балаға мирас болып келе жатқан көне фотосуреттер, қолжазбалар, хаттар, кітаптар да сақталған. Соларды көз қарашығындай сақтап, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткізіп жүрген азаматтардың ұқыптылығына, игілікті ісіне шексіз риза боласың.

...Бірде қала орталығындағы көпқа­батты үйдің маңынан өтіп бара жатып, ескі қалдықтарды тастайтын контейнердің маңынан жерде шашылып жатқан бір бума қағаз көзге шалынды. Сарғайған қағаздар арасында том-том кітаптар да бар. Ескі фотоальбомның ашылған парақтары да шашылып жатыр. Қоңыр күздің ызғарлы желі қағаздарды бей-берекетсіз көтеріп, жан-жаққа айдап алып кетіп жатыр. Менен көмек сұрағандай екі-үш фотосурет мезгіл-мезгіл ішін тартып соғып тұрған жел­дің қауқарына шыдамай алдыма жалп етіп келіп қонып, аяғыма оралды. Суреттің бірінде қолына домбыра ұстаған, мұрты қияқтай, басына қазақи бөрік киген келбетті қарт кісі бейнеленген. Екіншісінде кимешек киген қарт әже бауырына жас бүлдіршін сәбиді, сірә, немересі болу керек, қыса ұстап тұр, мейірлене жас сәбиге қарайды. Үшіншісінде – әскери форма киген, кеудесіне ордендер мен медальдары тізілген қарт кісі. Басқа ондаған суреттер сарғайған жапырақтармен жарысып қанатына оқ тиген қарғалардай үдере соққан желге қалбаң-қалбаң етіп ұшып барады. Сол бір ыңғайсыз, жүрекке салмақ салатын көрініс көпке дейін көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Әлгі фотосуреттер кімдердікі болды? Оларды кім керексіз санап, қоқысқа лақтырып тастады?

Расында да, қазір үйіне ата-әжелері сонау ертеректе тірнектеп жинаған том-том кітаптар көпшілікті қызықтырмайды. Оларды еш кәдеге жарамайтын, тек шаң-тозаң жинайтын үйдегі керексіз дүниеге санайтындар бүгінгі қоғамда жыл өткен сайын, өкінішке қарай, көбейіп барады. Сонысы санаңа салмақ салып, жү­регіңді сыздатады. Әрине, олардың көз­қарасымен не болса соны үйге жию­дың қажеті жоқ, ескі-құсқы керексіз дүниеден арылу керек. Онысы орынды да шығар. Барлық әлем бұл күндері сондай үрдісте. Бірақ ескі фотоальбомдағы ата-әжеңнің, әке-ш­ешең­нің, аға-әпкеңнің және де басқа бауырларың мен жора-жолдастарыңның, әскерде бірге болған, университетте таласып білім алған ескі таныстарыңның суретін қоқыс жәшігіне лақтырып тастауға дәті қалай барады, жүрек оған қалай шыдайды? Әттең-ай, не болып барады мына сайқымазақ, берекесіз дүние...

Олардың әрқайсысы сен үшін ерекше, аса қимас асыл бейне ғой. Ата-әжеңнің, әке-анаңның көзі, тіпті сенің өміріңнің бір бөлігі емес пе? Олар отбасылық құн­сыздыққа айналып бара жатқаны несі? Немесе мына дүрбелеңге толы қызылды-жасылды қайран уақыт күні кешегінің барлығын бұлыңғырландырып, көңілден өшіріп, мүлдем ұмыттыра ма? Білмеймін, меніңше өткен күндеріңді лүпілдеген жүректен, ой-қиялыңнан сыпырып, тамырымен жұлғандай жоқ ету мүмкін емес-ау. Осындай ауыр сұрақтар еріксіз бала кезімдегі бір оқиғаны есіме түсірді.

Қасиетті Қаратаудың жонындағы біздің шоқжұлдыздай Үшбас ауылының шеткі көшесінде жалғызбасты Зейнеп деген ана тұрды. Қолымыз қалт еткенде пионер-тимуршылар тобында жүрген үш-төрт бала жиналып, тезек оюға, шөбін жинауға, қысқы отын-суын дайындауға қолқабыс тигізетінбіз. Көпшіліктің әңгімесі бойынша Зейнеп апаның күйеуі соғыс басталған жылы әскерге алынған. Майдан даласынан мезгіл-мезгіл жазған үшбұрыш хаттары екі жылдай келіп тұрады да ары қарай хабар күрт үзіліп, бұрынғы мекенжайына қанша рет хат жазса да жауап ала алмаған. Жергілікті әскери комиссариаттан «Соғыста белгісіз себептермен жоғалып кетті», деген қыс­қа жауап келген. Сөйтіп, Зейнеп апа ұжымшардың ауыр жұмысына жегіліп, арқа еті арша, борбай еті борша болып, ауыр тұрмыс тауқыметіне көніп, әйтеуір елден қалмай жалғыз қызын тәрбиелеп өсіреді. Тоқтаусыз сырғып жылдар өте береді. Бірақ Зейнеп апа соғыста із-түзсіз жоғалып кеткен күйеуінен үмітін үзбей, ұзақ жылдар бойы жылы хабар күтіп, ошағының отын сөндірмей, түтінін түтетіп отырған. Қызы өсіп, жетіліп, өз теңін тауып тұрмысқа шыққан. Жалғызбасты ана жылы орнын суытпай, ел-жұртының ортасында бірсарынды тіршілік кешіп жатты. Ауласындағы біраз жеңіл-желпі жұмысты бітірген бізді берекелі дас­тарқанына шақырып, сүт пен қаймақ қосқан қоңыр шайын беретін. Ыстық бауырсақ, қолдың сары майы, дәмді құрт пен ірімшік, қант пен науат, өрік пен мейізі дастарқанынан үзілмейтін. Апамыз қызыл пұлышпен қапталған фотоальбомын парақтап, кейбір суреттерге ерекше тоқталып, қызыға әңгіме қозғайтын. Қабырғаға ілінген күйеуі мен қызының, немерелерінің суреттерін нұсқап: «Мына аталарыңның, қызымның, немерелерімнің бейнесіне қарап күш аламын. Солардың арқасында өзімді сергек сезінемін. Алла Тағалаға шүкіршілік етемін...» деп май­даннан күйеуінің жазған хаттарын көрсетіп, ұзын-сонар әңгімеге көшетін кездері де болатын бейбақтың. Кейде сол сарғайған қағаздарды бізге оқытып, терең күрсініп, даусы дірілдеп, жанарлары суланатын. Сірә, сары сағынышқа айналған күндерін еске алып, жалғыздықтан жа­лығып, іші күңіренетін болуы керек. Сұм соғыс болмағанда Зейнеп апа жас­тайынан жесір қалмас еді-ау, ол да ба­қытты, ел қатарлы тұрмыс-тіршілік етпес пе еді? Әттең тағдыр оған ондай жай­машуақ күндерді, саялы өмірді қимапты. Енді міне, жалғыз үйде, жалқы өмір кешті. Көңіл кірбіңі бір сәт те өкінішті ұмыттырмайды. Қолындағы әлгі фотосуреттер мен сарғайған үшбу хаттар өзіне мәңгілік серік болып келеді. Ол үшін олардан қымбат, асыл, жанға жылы дүние жоқ мына әлемде.

Иә, адамдар өмірге келеді, уақытпен жарысып өседі, өміріне серік болатын сүйіктісін табады, ұл-қыз өсіріп, оларды жеткізем, оқытып-шоқытам, ұрпақ сүйем деп таңды-таңға ұрып еңбектеніп, артыма қандай із қалдырам деп уақытпен алысып жүріп бір күні өмірден өтіп кетеді. Арман-мақсаты орындалып кетсе, бір бақыт! Олай болмауы да мүмкін-ау.

... Міне, өлкемізге тағы бір кезекті сарала-қоңыр күз келіп жетті. Оның сал­қын лебі таңғы ауада жақсы сезіледі. Лүп еткен ерке самал сарғайған сандаған жа­пырақтарды ағаштардан үзіп алып, бұтақ­тарды сидитып, өз айтқанына көндіріп, арық-атызға, жерге төсеп жатыр, төсеп жатыр. Табиғаттың мына жабырқау көрі­нісі адамды мұңға бөлейді, көңілсіздік бойыңды билеп, әйтеуір бір белгісіз тылсым дүние сағынышқа жетелейді. «Күз – сағыныш маусымы» деп халық бекер айтпаған екен.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

ТАРАЗ