Ұлттық спортымыз көкпардан Таразда ұйымдастырылған ХХІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты мәресіне жетті. Айтулы додаға еліміздің 15 өңірінің командалары қатысып, өзара кім мықты деген сауалға жауап іздеді.
Бұған дейінгі чемпионаттардың басым көпшілігінде жанкүйерлер финалда Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы мен Түркістан облысының «Құлагер» командасын жиі көретін. Алтын мен күміс жүлдені кезектесіп иеленіп жүрген қос команданың жолы осы чемпионатта жартылай финалда түйісті.
Топтық кезеңде үздік шыққан жамбылдықтар мен түркістандықтар жартылай финалға да алқынбай жетті. Шыны керек, ұлттық спортқа аңсары ауған жанкүйерлер дәл осы екі ұжымды финалда көргісі келген. Алайда финалдық жолдаманы сарапқа салған тартысты кездесуде өзара мықтыны анықтаған ойында әулиеаталықтар түркістандықтардан 3 салым айырмасымен айласын асырып, жеңіске бір табан жақындай түсті.
Жалпы алғанда бұл чемпионаттың басты сенсациясын Қостанай облысының командасы тіркеді. Жартылай финалда қызылордалықтардан басым түскен олар доданың күміс жүлдегері атанды. Жамбыл мен Түркістан облысының ұжымдары финалға өзге командаларды өткізе бермейтінін ескерсек, солтүстік өңірдің командасы үшін күміс жүлде толайым табыс екені даусыз.
Қазақстан чемпионатының қорытындысында жамбылдық команда 13 дүркін Қазақстан чемпионы атанса, жартылай финалда қостанайлықтарға есе жіберген қызылордалықтар мен түркістандық команда жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Он үшінші рет чемпион атанған «Әулиеата» көкпар клубы Қазақстан Республикасы көкпар федерациясы тағайындаған 3 млн теңгеге ие болса, күміс жүлде иегері қостанайлықтар – 2 млн теңге, үздік үштікті түйіндеген қызылордалықтар мен түркістандықтар 1 млн теңгеден сыйақы алды.
Жамбыл облысы