Республиканың үшінші мегаполисі экономикалық өсім қарқыны бойынша өңірлер арасында алдыңғы орында келеді. Шаһарда іскерлік белсенділік өте жоғары. Бұл – экономикалық дамуда алға қарай жылжу бар деген сөз. Дей тұрғанмен мегаполис әлі дотациялық өңір саналады. Алушыдан беруші санатқа жоғарылау үшін не істеу керектігін тиісті сала маманынан сұрап білдік. Оған экономикалық негізгі көрсеткіштер жөніндегі статистикалық мағлұматтан кейін арнайы тоқталатын боламыз...
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов 9 айдың қорытынды есебін берді. Қаңтар-қыркүйек айларында мегаполиске 434,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның көлемі былтырғымен салыстырғанда көбірек. Биыл қала экономикасына 721,7 млрд теңге инвестиция құйылмақ.
Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындар 672,3 млрд теңгемен есепті мерзімді қорытындылады. «Шымкент химиялық компаниясы», «HILL Corporation» секілді мұнай-газ-химиялық өнімдер өндіретін компаниялар 41,3 мың тонна өнім шығарды.
Өткен жылғы мәлімет бойынша орта, ірі кәсіпорындардың 10,3% цифрлық технологияларды пайдаланған. Бұл жөніндегі биылғы дерек келесі жылы белгілі болады. Өнеркәсіп саласы 764,3 млрд теңгенің затын жасады. Көрсеткіш 101.5% өскен.
2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,8 трлн теңгенің 275 инвестициялық жобасының пулы жасақталды. Соның есебінен 32 мыңнан аса жұмыс орны ашылады.
Биыл 128 млрд теңгеге 48 инвестициялық жоба іске асырылады. 3 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары пайда болады. Осы күнге дейін 20 жоба іске асты, соның нәтижесінде мыңнан астам адам тұрақты жұмыс тапты. Алдағы төрт жылда өңдеу өнеркәсібінде 103 инвестициялық жобаны қолға алу жоспарда бар. Сол арқылы 10 мыңнан асатын жұмыс орындары құрылады. Салаға жұмсалатын инвестиция 401,5 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Мегаполисте 5 өнеркәсіптік аймақ бар. Олардың аумағы – 869 гектар. Бүгінгі таңда индустриалды аймақтарда 273 кәсіпорын шоғырланған. Онда 8 мыңнан аса адам еңбек етеді. Жобалардың жалпы құны – 216 млрд теңге. Алайда индустриалды аймақтарда іске асырылатын барлық жобаның саны – 337. Инвестициялық құны – 358 млрд теңге.
Қалада 867 гектар аумақты алатын 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылу үстінде. Ол жерде 371,5 млрд теңгеге 289 кәсіпорын іске қосылатын болады. Мәселен, «Жұлдыз» индустриалды аймағына 51 жоба тиесілі. Аймақтың инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы 65 пайызға аяқталды. «Бозарық» индустриалды аймағында 25 зауыт іске кіріседі. Алтауының құжаттары дайындалып, жер телімі рәсімделіп жатыр. Келешекте 1,5 мыңнан астам адам осы аймақтан жұмыс табады. Бұл өндірістік алаң тамақ өнеркәсібіне арналады. Осы күнде шетелден импортталатын біраз тауарлар осында шығарылады. Құрылысы әзірге 30% ғана салынған.
Сауда-логистикалық орталығының аумағы қосымша 136 гектарға кеңейтілді. Аймақтың инженерлік-инфрақұрылдық желілерін жүргізу бойынша техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сондай-ақ газ, теміржол тұйығын тарту құжаттары мемлекеттік сараптама қарауына қазан айының соңында жіберіледі. Орталықта 23 кәсіпорын салынады. Келесі жылы мамырда «Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС алкогольсіз сусындар өндірісін іске қосайын деп отыр. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы да 175 гектарға ұлғаяды. Ол үшін құжаттар салалық министрліктермен келісіп жатыр. Кеңейтілген аумақта 40 кәсіпорын бой көтереді. Олардың инвестициялық құны – 150 млрд теңге. 118 гектарға жайғасқан «Standard» жеке индустриялық аймағының І кезеңіндегі құрылыс жұмыстары 20%-ға бітті. Онда шағын және орта бизнес өкілдері үшін жалға берілетін 25 өндірістік парк орналасатын болады.
Басқарма өкілінің мәлімдеуінше жалпы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау үшін биыл 19,7 млрд теңге қаржы бөлінді. 9 айда 14,1 млрд теңгеге 3 591 азаматқа қолдау көрсетілді.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде мегаполиске 18,5 млрд теңге қаржы қарастырылды. Бұл қаражат банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға, банк несиелерін ішінара кепілдендіруге, мемлекеттік гранттарға жұмсалады. Гранттық конкурс қараша айында ұйымдастырылады.
Ал «Кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Іскер қала» іс-шара жоспарының қаржыландыру көлемі осы жылы 1,4 млрд теңгені құрады. 257 жобаға қаржылай қолдау тапты. Оның жалпы сомасы – 674,9 млн теңге. Бұл қаражат несие, субсидия ретінде, өндірістік алаңның жалдау ақысын өтеу бойынша жаратылды.
Мегаполистің бөлшек саудасы 120,7% өскен. Яғни түскен табыс 573 млрд теңгеге жетіп отыр. Жыл соңына дейін 640,5 млрд теңгеге артатын болады. Мұндай болжам жаңадан ашылатын «Otau Mart», «Shymkent Mall», «Мариям», «Азат», «Мұрат» секілді сауда, ойын-сауық орталықтарына, автокөлік салондарына, сауда нүктелеріне қарап, базарлардың жаңғыртылуын негізге алып жасалып отыр. 9 айда бөлшек саудамен бірге көтерме сауданың да көлемі артқан. Нақты пайда 1019 млрд теңгені құрады.
Мақала басындағы мәселеге оралсақ, Шымкент осы күнде дотациялы аймақтан донорлыққа өту үшін бірте-бірте жоспарын іске асырып келеді. Мәселен бастапқы кезде шағын және орта бизнес үлесін арттыру көзделген болатын. Сол меже орындалып, мегаполистің ішкі жалпы өнімінің 50 % жетті. Ал қаланың ішкі жалпы өнімі 3 трлн теңге. Демек, шағын және орта бизнес 1,5 трлн теңгенің өнімін шығарып отыр. Қаланың бюджеті шамамен 450 млрд теңгеге жуықтайды. Былтыр бюджетке түскен салықтық түсімдер 280 млрд теңге көлемінде болған. Басқарма өкілі Ермек Тұрмановтың айтуынша дәл осы салықтық түсімнің бюджет қаражатынан аз болуы шаһардың дотациялы өңір деңгейінде қалуының бірден-бір себебі екен. Дегенмен республиканың ортақ қазынасын толтыруға қаланың әлеуеті жетеді. Ол үшін маманның пікірінше салықтық қосымша кіріс көздерін арттыру қажет. Бұл талапты орындау үшін мемлекет бірінші кезекте көлеңкелі экономикамен күресуге міндетті. Соның салдарынан бюджет миллиондаған теңгенің салықтық түсімдерінен айырылып жатыр. Тіпті басқарма өкілінің сөзіне қарағанда ашық түрде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың өзі салықтарын жарытып төлемейтін көрінеді. Егер көлеңкелі бизнес жойылса, салықтық түсімдер өз мөлшерінде түсіп тұрса, сонымен бірге, жоспарланып жатқан барлық инвестициялық жоба жүзеге асса, Шымкент сөзсіз дотациялықтан донорлық өңірге шығады. Бұл – маманның пікірі.